Руханият • 05 Наурыз, 2021

Тағылымы терең кәсіп иесі

427 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жарты ғасырдан астам еліміздің білім саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Тамара Шакирова зейнет жасына қарамастан, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр. Қай кезде де ұрпақ тәрбиесі, сапалы білімді ұстаным еткен ұстаздың мақсаты – еліміздің болашағына қызмет ететін кәсіби мамандарды тәрбиелеу.

Тағылымы терең кәсіп иесі

Өз ісінің кәсіпқойы Тамара Мұх­тарханқызы Nur Otan партиясы Жетісу ауданы бойынша бақылау комиссиясының, аудандық ардагерлер кеңе­сінің төрайымы және
аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құ­қықтарын қор­ғау жөніндегі комис­сияның мүшесі ретінде көп­теген қоғамдық жұмыс­тың бел ортасында жүр.

Еңбек жолын өткен ғасырдың 80-жыл­дарының басында­ Ал­маты автоме­ханикалық кол­­­лед­жінде өндірістік оқы­ту­ ше­берінен бастаған жас ма­ман табанды еңбегінің арқа­сын­да директорлыққа дейін кө­те­рілді. Отыз жылдан астам уа­қытта Тамара Мұхтарханқызы кол­ледждің оқу-өндірістік әлеуе­тін сапалы дең­гейге көтерумен қатар түлек­терді отансүйгіштікке бау­лыды. Бүгінде кол­­леджді тә­мам­даған көптеген түлек елі­­міз­дің дамуына сүбелі үлес қо­сып, эко­номикамыздың сан-сала­сында табыс­ты еңбек етіп келеді.

Білікті басшының тағылымды іс­тері, талапшылдығының арқа­сын­да колледж үш жыл қата­рынан республикада техникалық және кәсіптік білім беретін үздік оқу орны атанып, бас жүлдені ен­шіледі. «Әйел басқаратын үз­дік кәсіпорын» ретінде респуб­ликалық байқаудың жеңімпазы болды. Осындай игі істердің ар­қасында аталған оқу орны Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай «Алтын кітапқа», Алма­ты қаласына арналған мерей­той­лық басылымда «Білім көш­басшысы» республикалық жи­нағына енді.  Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың аты­нан он шақты рет алғыс алып, Президент Қ.Тоқаевтың екі рет Алғыс хатына ие болған Тамара Мұхтарханқызы шәкірт тәрбиелеу ісіндегі ерен еңбегі үшін «Ы.Алтынсарин» белгісінің, «Білім беру ісінің құрметті қыз­меткері» және «Білім беру ісінің үздігі» белгісінің иегері атанды.

Осы жылдарда алған білімі мен тәжі­рибесін өндіріс саласына кәсіби мамандарды даяр­лау ісіне арнаған білікті бас­шы әлі күнге жастар мен жасөс­пірімдер ісін ілгері жылжыту ба­ғытындағы қоғам­дық жұмыс­тар­да белсенділік танытып келеді.

Тамара Мұхтарханқызы сапалы бі­лім іздеп шетелдерге кеткен жастарымызды елге қайтару үшін қолайлы жағдай жасау, мектептер мен кәсіптік-техникалық білім беру колледждерінің ма­териалдық-техникалық базасын заман талабына сай жарақ­тандыру мәселесінің кезек күт­тірмейтініне алаңдаушылық біл­дірді. Оның айтуынша, білікті ма­ман, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуде білім ошақтарының ғана емес, ата-аналардың жауапкершілігіне көңіл бөлуді мақсат ете отырып, оның заңнамалық тұрғы­да кү­шейтілуіне басты назар ауда­ру қа­жетін атап өтті. Жаһан­да­ну кез­інде бала тәрбиесіне ба­рынша көңіл бөлу білім ошақ­тарының ғана емес, отбасы мү­шелері рөлінің артуымен ты­ғыз байланыс­ты. Осы орайда тәжірибелі ұстаз әке мен ана­ның бала тәрбиесіне, сапалы бі­лім алуындағы рөлінің жоғары екен­дігін негізге ала отырып, «Әке көр­ген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген халық даналығының өміршеңдігін еске салды. Әңгімесін «Ұяда не көр­сең, ұшқанда соны ілесің» деген де та­ғы­лымды тіркеспен жалғаған Тамара Мұхтарханқызы «Ата-бабаларымыз ерте ғасырлардан-ақ ұл мен қыз тәрбиесіне ерекше назар аударған, ал жаһанданудың жат көріністеріне қарсы тұра алатын ұлтымыздың өнегесі тағы­лымды тари­хы мен мәдениетімен байланысты», деп атап өтті. Ұрпақ тәрбиесіне бейжай қара­майтын өз ісінің кәсіпқойы зейнет жасына қарамастан, қоғамдық жұмыс­тардың бел ортасында жүріп, өзекті мәселелерге орай орынды ұсыныстарын білдірумен қа­тар оның жүзеге асуына барынша атсалысып келеді.

 

АЛМАТЫ