Әлем • 09 Наурыз, 2021

Бангладеш бақылау құрылғыларын не істейді?

311 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Израильдің «Хаарец» басылымы Бангладеш үкіметі израильдік компанияның телефондарды бұзуға арналған құралдары үшін кем дегенде 330 000 АҚШ долларын жұмсағаны туралы хабар таратты. Негізі, екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылмаған. Сонда Бангладеш үкіметінің көксегені не? Жалпы, соңғы кезде қай елде болсын хакерлер мен алаяқтардың көбейіп кеткені жиі айтылып жүр, алайда оған қарсы пәрменді шара қолданылар емес.

Бангладеш бақылау құрылғыларын не істейді?

Cellebrite security firm компаниясы телефондағы ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін UFED құрылғысын жасап шығарған. Бұл құрал арқылы кез келген телефондағы ақпаратты қолды қылуға мүмкіндік бар. Азаматтық белсенділер компания өніміне наразы, олардың айтуынша, бұл азаматтардың жеке территориясына қол сұғумен тең.

Бангладештің Израильді мемлекет ретінде мойындамайтыны әуелден белгілі. Мұсылман елі саналатын Бангладеш Израильмен сауда қатынасына, азаматтарының ол жаққа баруына тыйым салған. Тіпті палестиналықтарды қолдайтынын да ашық білдірген. Олар азаматтық құқықтарынан айырылған, Израиль әскерінің оккупациясында өмір сүреді деген пікірде.

Бір қызығы, телефонды бұзу құрылғысы да израильдік компанияға тиесілі. Енді басылымдар Бангладешке ол құралдың қалай жеткені, яғни израильдік Cellebrite security firm өзі жібергені не басқа жолды қолданғаны алаңдатады.

Al Jazeera агенттігі осы оқиғадан кейін зерттеу жүргізіп, 2018 жылы Бангладеш әскері израильдің Picsix Ltd. компаниясымен ұялы телефондарды бақылау құрылғысын сатып алуға шарт жасасқандығын анықтаған. Одан кейін 2019 жылы ақпанда Бангладеш әскері Мажарстан астанасы – Будапештке арнайы барып, Израильдің жасанды интеллект бойынша сарапшыларынан дәріс тыңдап қайтқан.

Бангладеш Қорғаныс министрлігі жоғарыда аталған телефонды бақылау құрылғысы Израиль емес, Мажарстанда жасалған деп түсініктеме берді. Құрылымның мәлімдеуінше, Р6 Intercept деп аталатын жүйе үшін БҰҰ рұқсаты алынған. Алайда БҰҰ мұндай рұқсат берілмегенін және ондай хабарлама болмағанын мәлімдеді.

Мажарстан да ондай құрылғы жасап шығармайтынын алға тартты. Деректерге назар салсақ, Picsix-тің құралдары, оның ішінде Р6 Intercept жүйесі Израильде жасап шығарылады екен.

Al Jazeera мұнымен шектеліп қоймай, тағы да ақпарат жинауға кіріседі. Бангладештің Ішкі істер министрлігінің сайтынан 2018, 2019 жылдары қол қойылған келісімді тапқан. Шартқа жауапты – министрліктің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімі. Ал ол елдің ішкі қауіпсіздігіне жауап береді. Аталған құрылым құрамына Бангладеш полициясы мен шекара қорғаушылары кіреді.

Құжатта Бангладеш Қылмысты тергеу департаментінің 9 офицеріне Сингапурға UFED жүйесінде жұмыс істеу, ұялы телефондардан ақпарат алу бойынша жаттығудан өтуге рұқсат беру туралы жазылған. Одан бөлек, Жедел қызмет батальоны да осы жоба аясында хакерлік, жүйені бақылау бойынша тренингтен өтетіні туралы ақпарат табуға болады.

Ал ақпарат қайдан жиналады деген сұраққа келсек, олар WiFi арқылы интернетке кірген құрылғылардан арнайы сигнал қағып алушы құрылғылар арқылы жинайды.

Елдегі адам құқығы мәселесімен қатар, үкіметтің бұғатталған ұялы телефондардан да ақпарат жинау мүмкіндігі айтыла бастады. Бангладеш үкіметі 2018 жылы Цифрлық қауіпсіздік туралы заң қабылдап, халықаралық ұйымдар мен басқа елдің сынына ұшыраған болатын. Аталған заң елдің құқық қорғау органдарына әлеуметтік желілерде үкіметті сынаған журналистер мен азаматтық белсенділерді тұтқындауға, жеке хабарламаларын оқуға мүмкіндік береді.

Өткен аптада 13 мемлекеттің елшісі бангладештік жазушы Муштақ Ахмедтің өліміне қатысты тергеу жүргізілсін деген талап қойды. Қаламгер Facebook желісінде үкіметтің коронавирус пандемиясына қатысты әрекетін сынап жазғаны үшін 9 ай тұтқында ұсталған. Оған нақты айып тағылмаған. Жазушы 25 ақпанда дүниеден өтті.

Израильдің адам құқығы бойынша заңгері Эитай Мак бақылау құрылғылары Израильден сатып алынғаны шындық деген пікір білдіреді. «Олар арқылы сіздің қарым-қатынасыңыз, достарыңыздың өмірі, ауру-сырқауыңызға қатысты ақпаратты алу мүмкіндігі бар. Мұндай құрылғыны сату қару сатудан оңайырақ. Осындай жүйе көпке беймәлім қалады, сонымен қатар мемлекеттермен байланыс орнатуға жол ашады. Израиль кейде осындай құралдар сату арқылы адам құқықтары жиі тапталатын Бангладеш, Оңтүстік Судан, БАӘ сияқты елдермен байланыс орнатуды көздейді. Дегенмен бұл қатынастың халықтар арасындағы жақындық байланыс емес, үкіметтер арасындағы, жергілікті режімдер арасындағы байланыс екенін ескерген жөн», дейді заңгер.

Ал Қазақстанға келсек, пандемия басталғалы алаяқтардың телефон соғып, банк есепшотына қатысты ақпарат алуға тырысқаны, тіпті ақша аударып алғандары туралы хабарлар жиілеп кетті. Сонда олар да ақпаратты арнайы құрылғылар арқылы ала ма деген орынды сұрақ туындайды.

Сарапшылар мұндай ақпаратты кейде банк қызметкерлерінің өздері сататынын алға тартады. Оларда тұтынушының барлық ақпараты болмаса да, аты-жөні, банк картасының нөмірі сынды негізгі ақпар бар. Ал ол ақпаратты, оның үстіне банк картасының нөмірін айту сенім ұялатады.

Ақпараттық технологиялар саласының мамандары қандай да бір бағдарлама орнатқанда оның сіздің ақпаратыңызға, мысалы, телефон кітапшаңызға рұқсат сұрайтынын, кезі келгенде оны қолдана алатынын айтады. Яғни телефоныңызға кез келген бағдарламаны орната беру де қауіпті.

Бірақ соңғы кезде алаяқтардың жиілеп кеткенін немен түсіндіреміз? Оның үстіне жақында бірқатар агенттік қазақстандықтардың ЖСН нөмірі сақталған базаның мәлім болғаны туралы жарыса жазды. Ресейлік InfoWatch ақпараттық қауіпсіздік компаниясы 2018-2020 жылдар арасында Қазақстаннан 11 млн-ға жуық ақпараттың «қолды болғанын» хабарлады. Мұндай ақпаратқа коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарға жүргізген мониторинг нәтижесі негіз болып отыр. Бұған қатысты тергеу де басталған. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жедел хабарламалар ақпараттың қолды болуына бірден-бір оңтайлы құрал екенін ескертеді.

Азаматтық белсенділер алаяқтардың шабуылы тоқтамаса, петиция жариялап, қол жинайтынын айтады. Өйткені жеке ақпараттың басқа адамдарға өтуі – құқық бұзу. Дегенмен құзырлы органдар оған қатысты шара қолдануға асықпайды.