Спорт • 04 Сәуір, 2025

«Жайық» волейбол командасы Қазақстан чемпионы атанды

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласында волейболдан Қазақстан Республикасы чемпионатының XXXIII маусымы аясында ерлер арасындағы Ұлттық лиганың финалдық кезеңі аяқталды, деп жазады Egemen.kz.

«Жайық» волейбол командасы Қазақстан чемпионы атанды

Финалда батысқазақстандық «Жайық» командасы Ақтөбе командасымен кездесіп, тартысты ойында 3:1 есебімен жеңіске жетті. Жүлделі үшінші орын – «Атырау» волейбол командасында.

Орал қаласындағы су жаңа «Жайық арена» спорт кешенінде өткен сайыс жанкүйерлер арасында да ерекше қызығушылық туғызды. Жарысты ұйымдастырушылардың пікірінше, өңірде спорттың осы түрінің болашағы өте зор.

«Осы турнирдан кейін Оралда волейболға деген халықтың ықыласы, қызығушылығы өте жоғары деңгейде болады деп ойлаймын. Естіп жатырмын, мына жердегі волейбол секциясына 120 қыз жазылыпты. Ерлер арасында да, қыздар арасында да Орал командасы Қазақстан чемпионатының бірнеше мәрте жеңімпазы, жүлдегері болды. Бұл дәстүрге айналған деуге болады. Жалпы Қазақстанның түкпір-түкпірінде волейбол жақсы дамып келе жатыр», дейді Қазақстан волейбол федерациясының вице-президенті, плей-офф ойындарының бас төрешісі Ермек Сырлыбаев.

Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы «Жайық» командасының бұл жетістігін тарихи жеңіс деп бағалап жатыр. Бұған дейін «Жайық-Конденсат» командасы 1998 жылы ел чемпионы атанған екен. Араға 27 жыл салып, «Жайық» өз тарихындағы чемпиондық атағын қайта жаңғыртқан.