Спорт • 10 Наурыз, 2021

Бапкерлік кәсіпте бағы жанған

584 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Спорттық мансаптарын аяқтағаннан кейін спортшылардың көбіне мықты жаттықтырушы болу бақыты бұйырмайды. Бұл – әлдеқашан дәлелденген жайт. Ал білікті бапкер болу жігер мен табандылықты талап етеді. Міне, біздің бүгінгі кейіпкеріміз солардың қатарынан. Дастан Сәдуақасовтың бапкерлік кәсіпте бағы жанды деп айтуға толық негіз бар.

Бапкерлік кәсіпте бағы жанған

Дастан 1985 жылы Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы Қоғалы ауылында дүниеге келді. Ұзақ жылдар бойы әкесі Тілеубай автобазада бас механик, ал анасы Несіпхан жинақ банкінде бухгалтер және есепші болып еңбек етті. Олар үш перзент тәрбиелеп өсірді. Үйдің тұңғышы – Дархан, ортаншысы – Дәурен және кішісі – Дастан. Сәдуақасовтар шаңырағындағы барлық ұл спортқа етене жақын болғанымен, солардың арасынан сүт кенжелері суырылып шықты.

– 1998 жылы «Хабар» арнасынан Қазақстан мен Куба боксшылары арасындағы кездесуді көрсетті, – деп бастады өз әңгімесін Дастан. – Жуан жұдырықты жігіттердің «жан алысып, жан беріскен» жекпе-жектерін басынан аяғына дейін тапжылмай тамашаладым. Сол сәттен бастап осы спорт түріне аңсарым ауды. Содан кейін спорт тақырыбына жазылған кітаптар мен мақалаларды іздеп жүріп оқуды әдетке айналдырдым. «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Спорт», «Проспорт» және тағы басқа басылымдарда жарық көрген дүниелерді қалт жібермеуге тырыстым. Сейдахмет Бердіқұлов, Несіп Жүнісбаев, Қыдырбек Рысбекұлы, Бақтияр Тайжан, Есей Жеңісұлы және сіз жазған кітаптар мен мақалаларды бас алмай оқыдым. Әсіресе, боксшылардың жүріп-өткен жолы, қол жеткізген табыстары, олардың тағдыры мені қатты қызықтыратын. Сол шығармаларды жай оқи отырып, есейе келе сондағы кейіпкерлердей болсам ғой деп қиялдайтынмын. Міне, спорттың сиқырына мен осылай арбалдым. Бірақ Қоғалыда бокс үйірмесі болмағандықтан, басқа спорт түрлерімен шұғылдануыма тура келді.

1999 жылы Сәдуақасовтар отбасы сол өңірдегі Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылына көшіп барды. Ата-аналары басқа жаққа қоныс аудару жөнінде шешім қабылдағанда, Дархан мен Дәурен қандай күйде болғаны бізге беймәлім, ал Дастанның қуанғаны анық. Жатса да, тұрса да боксшы болсам деп қиялдап жүрген ойын баласының асқақ арманы енді орындалуы мүмкін. Өйткені Қарабұлақ Талдықорған қаласының іргесінде орналасқан. Және де оның
аудан орталығы деген мәртебесі бар. Ал 15 мыңнан аса тұрғыны бар осындай ірі елді мекенде бокс үйірмесінің болмауы мүмкін емес қой. Дәл осындай оймен қаруланған Дастан Қарабұлаққа жеткенше асықты.

Аудан орталығына қоныстанып, Шоқан Уәлиханов атындағы орта мек­тептің табалдырығынан аттап, жаңа ортаға бейімделгеннен кейін Дастан өзінің сыныптастары мен жора-жолдас­тарынан қай жерде бокспен айналысуға болатыны жа­йында сұрастырды. Бірақ үйі мен мектептің маңы тұрмақ, бүкіл Қарабұлақта ондай үйірме жоқ екен. Бала көңілі су сепкендей басылды. Содан ол үйіне келген соң өз бетінше жаттығуды жөн көрді. Іші құмға толған қапты қораға іліп, соны айызы қанғанша соққылайтын. Одан қалса, темір-терсек көтерді. Бокстан біраз хабары бар ағасы Дархан да інісіне біраз нәрсе үйретті.

– Бірде Қуаныш есімді жаттықтырушы біздің мектепке бас сұқты. Біраз жыл бокс­пен шұғылданған екен. Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы спорт-интернаттың түлегі көрінеді. Ол сөз арасында аудан орталығында бокс залын ашсам деген ниеті бар екенін айтып қалды. Бұл әңгімені естіген мен ағаның қыр-соңынан қалмадым. Таң ата, түс қайта, кешкісін сол кісіні аңдумен болдым. Сондай қарбалас күндердің бірінде ол кісі аудан басшылығы тарапынан қаңырап бос жатқан бір ғимараттың бізге берілгенін айтты. Бірақ оның ішін тазалап, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті құралдармен жабдықтау қажет. Ол жағына бюджеттен ақша қарастырылмаған. Амал жоқ, қара жұмыстың бәрін мойныма алуы­ма тура келді. Алғашында өзім құрыптас балалардың біразын үгіттеп, сол жаққа өзіммен бірге апарған едім. Алайда жұмыстың өте ауыр екеніне көз жеткізген соң олар ат-тондарын ала қашты. Келесі күні ешкім келмеді. Содан жалғыз өзім ақ тер, көк тер болып, бірер күн ғимараттың ішін тазаладым. Ол жерден бір «КамАЗ» коқыс шығардым. Одан кейін қажетті құрал-жабдықтарды бапкеріміз екеуміз қолдан жасадық. Сөйтіп, Қуаныш ағаның қол астында жаттығып, аудан және облыс көлеміндегі жарыстарға қатыса бастадым, – деп Дастан өткен күндерді еске алды.

2002 жылы орта мектепті аяқтаған соң Дастан Сәдуақасов Алматыға келіп, республикалық спорт колледжіне оқуға түсуге бекінді. Қазақ спортының қара-шаңырағына екінің бірін қабылдай бермейтіні белгілі. Ол жерде Қазақстанның әр аймағынан келген аса дарынды балалар ғана білім алып, спортпен шұғылдану мүмкіндігіне ие болады. Кемінде халықаралық турнирде немесе ел біріншілігінде атой салуға тиіссің. Ал Дастанда ондай атақтың бірі де жоқ. Оның қолында тек Алматы облысы біріншілігінің қола жүлдегері және республикалық турнирдің финалисі деген марапат қағазы ғана бар.

Жас жігіттің рингке шығуға асығып, жұлқынып тұрғанын байқаған ағалы-інілі Асқарбек пен Дулат Ғазизовтер сынды қырағы бапкерлер Дастанның әлеуетін байқауға бекінді. Жетісулық өренді олар одан әлдеқайда тәжірибелі боксшылармен жекпе-жекке шығарды. Бұл сынақтан Сәдуақасов мүдірмей өтті. Алғашқы қарсыласының мұрнын сындырып, екіншісің қабағын жарып, екеуін де қан-жоса қылды. Бапкерлер біраз кеңесе келе, намысқой жігітті колледжге қабылдады.

Көптеген спорт жұлдыздарына үлкен аренаға даңғыл жол ашқан қара- шаңырақта үш жыл тәлім-тәрбие алған Дастан оны аяқтағаннан кейін Қазақ спорт және туризм академиясына оқуға түсті. Сол кездері жастар арасында Алматы қаласы біріншілігінде екі рет күміс медальды иеленді. Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков пен атақты бапкер Геннадий Рожковты еске түсіруге арналған республикалық турнирлерде жүлдегерлер санатынан көрінді. Басқа да жарыстарда олжа салды. Сондай турнирлердің бірінде сол кездегі Азия чемпионы, болашақ Олимпия ойындарының жеңімпазы Бақыт Сәрсекбаевпен де жұдырықтасқаны бар.

Шыны керек, боксқа кешеуілдеп келген жігіттің одан да биік белестерді бағындыруға мүмкіндігі болмады. Үйленді, нәрестелі болды, жан бағу керек дегендей... 2007 жылы Қазақ спорт және туризм академиясын тәмамдаған соң Дастан сол білім ошағында оқытушы болып қызметте қалды. Сонымен қатар бапкерлікті де қатар алып жүрді. Ал бұл кәсіпте кейіпкеріміздің бағы жанды деп айтуға толық негіз бар. Дастан Тілеубайұлынан тәлім-тәрбие алған Самат Үйсінбаев пен Әлішер Сүлейменов спорт шебері нормативін орындады. Бекболат Құрамысов студенттер арасындағы әлем чемпионатында екі рет күміс медальды иеленіп, Азия біріншілігінде қола жүлдені еншіледі. Ересектердің ел чемпионатында үшінші орынға табан тіреп, бірер жыл Дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) додасында «Астана арландары» клубы сапында өнер көрсетті. Өзінің осындай елеулі табыстарының арқасында Б.Құрамысов халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды. Бұл күндері Бекболат кәсіпқой рингте күш сынасып жүр.

Сәдуақасов өзінің төл шәкірттерімен қатар, Жәнібек Әлімханұлын да жат­тық­тырды. Жалпы, әлем және құрлық чемпио­ны, Азия ойындарының жеңімпазы деген дардай атағы бар әйгілі былғары қолғап шеберінің жеке бапкері Мұрат Сиқымбаев екенін жұрт жақсы біледі. Десек те Академия қабырғасында жүргенде Жәнібектің шеберлігінің шыңдалуына біздің бүгінгі кейіпкеріміздің де қосқан өзіндік үлесі бар.

2016 жылы Дастан Сәдуақасов Қазақстанның студенттер құрама командасының аға жаттықтырушысы болып тағайындалды. Міне, дәл сол тұста ол өзінің біліктілігімен және қырағылығымен көпшілікті мойындатты. Айтулы маманның жетекшілігімен сол жылы біздің жігіттер Душанбеде ұйымдастырылған Азия чемпионатына аттанды. Команда толық құрамда болмаса да, тамаша өнер көрсетіп қайтты. Тәжік­станның бас шаһарында Әнуар Мұзафаров, Дидар Өтелбаев және Әли Ахмедов бас жүлдені олжаласа, Ертуған Зейнуллинов финалда ұтылды. Сәкен Бибосынов пен Бекболат Құрамысов қола медальды мо­йындарына ілді. Жалпыкомандалық есепте екінші орын алды.

Көп кешікпей Таиландтың Чианг-Май қаласында әлем біріншілігінің жалауы желбіреді. Бұл жарыста Дидар Өтелбаев, Әли Ахмедов және Нұрсұлтан Аманжолов алтын тұғырға көтерілді. Бекболат Құрамысов күміспен күптелсе, Ертуған Зейнуллинов, Рахат Маржықбаев және Назым Ишанова қолаға қол созды. Командалық есепте жерлестеріміз үшінші сатыға табан тіреді.

2018 жылы Ресейдің Элиста қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатында Абылай Қуандықов қарсылас шақ келтірмесе, Бекболат Құрамысов тағы да күміс алды. Ал Ержан Ордабаев қола жүлдені еншіледі. Қалмақияда біздің команда үздік бестіктің қатарынан көрінді. Міне, студенттер арасындағы дүбірлі додаларда Дастан Сәдуақасов баптаған Қазақстанның студенттер құрамасы қысқа ғана мерзім ішінде осындай табыстарға қол жеткізді.

Қазіргі кезде Қазақстан Респуб­лика­сының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дастан Тілеубайұлы Сәдуақасов Қазақ спорт және туризм академиясында еңбек етіп жүр. Сонымен қатар ол өзінің бірнеше шәкіртін кәсіпқой рингке шығарып, спорттың бұл түрін өркендетуге барынша атсалысуда. Алдағы уақытта солардың бірі аса ірі халықаралық додаларда дараланып жатса, еш таңданбаймыз. Өйткені Дастандай білікті бапкердің тәрбиесін көрген былғары қолғап шеберінің алар асулары биік болуға тиіс.