Өнер • 11 Наурыз, 2021

Гобелендегі көктем

494 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мұхамбетқали Дүйсембаев туындыларының өзегі – ауыл тағдыры. Аралдың экологиялық ахуалын қаламына арқау еткен суретші шығармаларының бір парасы өлкенің өткені мен бүгінгі көрінісін айшықтайды.

Гобелендегі көктем

Алматы музейінде ашылған «Кестелі тарих – сырлы әлем» сәндік-қолданбалы өнер көр­ме­сіне Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреа­ты, Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің оқытушысы Мұхамбетқали Дүйсембаевтың қаламынан туған 30-ға жуық шығарма қойылыпты. Көрмеге келушілердің назары суретші шығармаларының әлеуметтік сипатына ғана емес, гобеленде көркем үйлесім тапқан түрлі-түсті образдарға ауатыны анық. Cуретшінің «Жер ана шақырады», «Арал сериялары» экологиялық апатты өңірдің тыныс-тіршілігіне арналған. Қиялы ұшқыр қылқалам шебері үшін жылдың қай мез­гі­лі болсын тартымды десек, «Ба­ла­лық шақ», «Текемет басу», «Жас келін», «Жайлау», «Шебер ана», «Көрші», «Тұлып» сияқты туындыларындағы көк бояуға қанық кең даланың көрінісі көк­тем­нің келгенін аңғартқандай.

Өнертанушылар Мұхам­бет­­қали Дүйсембаев шы­ғар­ма­­­­ларын бірнеше салаға бөліп қарас­тырады. Мысалы, «Атан», «Бала­лық шақ», тағы басқа да туындылары сюреализмге негізделсе, «Жайлауда», «Жас келін», «Шебер ана», «Текемет басу» сияқ­­ты жұмыстарынан лирика есе­ді. Жайма-шуақ ауыл көрінісі су­рет­телген «Жайлау» туындысы көкке оранған өлкені көз алдыңызға әкел­се, «Торсық ұстаған қыз», «Қызғалдақ» жұ­мыс­тарында су­рет­шінің ой-қия­лы шарықтай бе­ре­ді. Күр­делі бояу көмескі тартпай тақы­ры­­­­бымен үндесе кеткен тағы бір шығармасы «Ару» деко­ра­тив­­­тік абстракцияда орындалып, гобеленде Тұран аруының обра­зы айшықталады. Арудың сұлу­лығы, батырлығы көркем үйлесім тауып, образды аша түскендей. Айшықты колористикасымен ерекшеленетін «Менің Қазақстаным» шығармасы ел тә­уел­сіздігіне арналса, суретші­нің кенеп бетіндегі портреттер серия­сы өз алында үлкен тақы­рып деп айтуға болады.

«Әжем Балғынның өнегесін көріп өстім. Текемет басу, алаша тоқу сияқты ұлттық қолөнері­міздің озық әдістерінің шығар­ма­шылығымда көрініс табуы сон­дықтан да болар», дейді қыл­қа­лам шебері.

Кенеп бетінде түрлі-түсті образдардың өрнектелуінің өзін­дік техникасы ғана емес, дәс­түрімізбен ұштасып жатқан терең мәні бар. Бүгінде еліміздің оң­түс­тік, солтүстік өңірлерінде сақ­­­талып қалған тоқыма өнері – ұлты­­мызбен бірге жасасып келе жатқан киелі өнер. Кезінде Алма­тыдағы кілем фабрикасы гобеленшілер үшін сапалы жіп­тер­дің өндірісі саналса, қазіргі кезде қолдан иіріп өндіріске енгізудің өзіндік машақаты бар, яғни табиғи жіптен тоқылған картиналар ұзақ сақтауға келмейді. Сондықтан да осы тоқыма өне­рі­н­де қолданылатын бояулар мен жіптерді Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай елінен алуға тура келеді.

Қазақ бейне­леу өнерінің қара шаңырағы әрі шығармашылықтың ұста­ха­­­на­сы саналатын Орал Таң­сық­­­­баев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер кол­леджі­нен 80 жылдан астам уа­қытта еліміздің өнері мен мә­дениеті саласына көптеген кәсіби маман қанат қақты. Бүгінгі күні де жастар арасында бейнелеу өнеріне құштар талапты жастар көп. Ең бастысы –  Мұхамбетқали Дүйсембаев атап өткендей, таби­ға­ты өнерге жақын таланттарды тани білу.

 

АЛМАТЫ