ЮНЕСКО ұйымының дерегіне қарағанда, коронавирус күшейген кезде дүние жүзіндегі 1,5 млрд бала үйден оқыды. Өйткені сол уақытта 167 ел мектептерін уақытша жапты. Соның ішінде біздің еліміз де бар.
Ал нақ осы сәт бәрімізге сабақ болды. Себебі педагог қауымның қадірін білдік. Карантиннің кесірінен балаларымыз мектепке, балабақшаға бара алмай қалғанда, барлық жауапкершілік өзімізге жүктелді. Балалардың сабағын оқыттық. Мұғалімдердің барлық мүмкіндікті (zoom, WhatsApp, теледидар) пайдаланып берген үй тапсырмаларын орындаттық. Сонда педагогтің орны ойсырап тұрғанын, оның тікелей түсіндіргені, қиын нәрсенің өзін ұғындырып жіберетін ұстаздың сөзі мен үні, тіпті мимикасы жетіспейтінін білдік.
Шыны керек, басында ата-ана ретінде балаларымның болашағына алаңдап, «Бұл қалай болар екен?» деген ой мазалады. Бірақ нағыз ұстаздар балаға білім беру үшін жағдай таңдамайды екен. Алматы қаласындағы №181 мектептің 3-сыныбында оқитын қызымның мұғалімі Ақнұр Сәкенқызы қандай жағдай болсын білім беруді тоқтатпады. Әр баламен жеке қарым-қатынас орнатуға уақыт тауып, түсінбеген жерін қайтадан түсіндіріп, әрбір үй тапсырмасына бөлек баға беріп отырды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов карантин кезінде мұғалімдердің жүктемесі екі есе артқанын айтып еді. Расында да, бұрын 45 минутта өтетін бір сабақта 25 оқушыға жаңа тақырыпты өтіп, сол жерде бірден кері байланыс орнатып алатын мұғалімдер қашықтан оқыту кезінде 25 балаға 25 рет сабақ өткенмен теңдей жұмыс істеді. Бұл дегеніңіз – орасан зор күш-жігерді қажет ететін ауыр жұмыс.
Осы ретте мен бір олқылықтың орнын толтырғым келеді. Біз педагог қауымның ішіндегі көбінесе елеусіз қалып қоя беретін, алайда еңбегі өлшеусіз тәрбиешілердің бағасын біле бермейтін секілдіміз. Мойындайықшы, бұған дейін көбіміз балабақшаны жұмыстан келгенше баланы қалдырып кететін жер деп қабылдап келдік. Тиісінше ондағы тәрбиешілерді балаға қарайтын қызметші ретінде көрдік. Оңтүстік астанамыздағы №150 бөбекжай-балабақшасына баратын 4 жасар ұлымның тәрбиешілері Сандуғаш Алтынбекқызы мен Индира Құрманғазиқызы бекітілген стандарт негізінде дайындаған оқу бағдарламасының қандай жағдайда да тоқтамайтынын айтты. Олардың сөзін салқын қабылдағаныммен, кейін оның дұрыстығына көзім жетті. Өйткені қызым өз құрдастарымен бірге жасаған жұмыстарын көрсетіп, күнделікті балабақшада не үйренгенін айтып береді. Тәрбиешілер – ең алдымен балаларға өмірге ең қажетті дағдыларды үйрететін, сауатын ашып, жасына сәйкес білім беретін, мектепке дайындайтын тұлғалар екеніне көзім жетті. Олардың да ауыр еңбегін түсініп, әділ бағалай білгеніміз жөн екен.
Рузанна МУСИНА,
ата-ана
АЛМАТЫ