Аймақтар • 11 Наурыз, 2021

Күрестің алдыңғы шебіндегі әйелдер

376 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру қоры (ЮНФПА) ұйымдастырған «Әйелдер COVID-19 қарсы күрестің алдыңғы шебінде» фотокөрмесі Республика сарайында өтіп жатыр. Көрмеде қазақстандық дәрігерлер, еріктілер, заңгерлер, құқық қорғаушылар мен белсенділер жайында фотосуреттер мен бейнелер галереясы ұсынылған.

Күрестің алдыңғы шебіндегі әйелдер

Жоба идеясының авторы – актриса, белсенді және «Бөпe» отбасы мен неке институтын жаңғырту қорының негізін қа­лаушы Айнұр Ильясова. Жо­баның шығармашылық тобына фотограф Бауыржан Бисмильдин, видеограф және режиссер Ваня Абрамов пен журналист Оксана Василенко қатысты. Көрмеде әйелдердің тарихтағы ең қатерлі пандемия кезінде өз­гелерге көрсеткен риясыз кө­­мегі мен батыл шешімдері бей­неленген.

«Халықаралық әйелдер күні – бұл бүкіл әлемдегі әйел­дердің күш-жігерін атап өту мүмкіндігі. Пандемиямен кү­рес­ке жұмылдырылған жұ­мыс­шылардың басым көп­шілігі осы әйелдер қа­уымы. Дәрігерлер мен заңгер­лер­ден бастап еріктілер мен ма­ңызды салаларда қызмет атқаратын қатысушылардан тұратын бұл фотокөрмеден әлем­дік дағдарыс жағдайына қарамастан, батылдық, төзім­ділік пен жанқиярлық туралы әңгімелерімен танысуға болады. Пандемия адамзат баласына бәріміз бірлесіп жұмыс атқарғанда ғана көп нәрсеге қол жеткізетінімізді көрсетті. Осы күні басшылық лауазымдарда қызмет атқармайтын әйелдер де мүмкіндік бар жерде қоғамның әр саласына өзгеріс енгізе алатындығын еске салайық», деді ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі және Қырғызстан мен Түрікменстан үшін елдік директоры Джулия Валезе. Бұл ретте Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаела Фриберг-Стори COVID-19-ға қарсы күресте дұ­рыс ше­шімдерді қабылдау үшін әй­ел­дердің рөлі маңызды екенін атап өтті.

Инфекционист-дәрігер жә­не вирусолог Қарлығаш Әбдиева шілде айынан бастап COVID-19 тестілеу диагностика бө­лі­мінде жұмыс істеп келеді. Көр­ме сю­жетіне арқау болған маман қиын шақта көмек қолын со­зуға әр кез дайын екенін айтады. «Мен наурыз айынан бастап «қызыл аймақта» жұмыс істеймін. Олар маған батыр екенімді айтқанда таңғаламын. Иә, біздің арамызда қорқып, кетіп қалғандар болды, бірақ мен кетіп қалсам дәрігердің ақ халатына сатқындығым болып есептелетінін сезіндім. Сол себепті де көмекке мұқтаж адам­дарды қиындықпен жалғыз қалдыруды жөн көрмедім», дейді ол.

COVID-19 дағдарысына қосқан әйелдердің үлесі тура­лы шағын эсселер мен өзге де материалдарды ұйымның ресми сайтынан көруге болады. Фотокөрме Республика сарайында, сондай-ақ метро стансасы мен Mega сауда ойын-сауық орталығында жалғасады.