Аймақтар • 11 Наурыз, 2021

Қоғамдық тамақтану қызметі қалыпқа түспей тұр

584 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі қоғамдық тамақтандыру орындарының 40 пайызы әлі жұмысын бастамаған. Бұл шамамен 68 мың бизнес нысаны деген сөз. Оған караоке, банкет залдары, фуд-корттар да кіреді. Бұл туралы «Қоғамдық тамақтандыру саласының коронадағдарыстан шығуына және бизнесті сақтап қалуына не көмектеседі?» атты онлайн-конференцияда айтылды.

Қоғамдық тамақтану қызметі қалыпқа түспей тұр

Қоғамдық тамақтандыру қауымдастығының дерегі бойынша, егер пандемияға дейін елімізде 95 мың нысан жұмыс істесе, қазір солардың 27 мыңы ғана жұмысын қайта жалғастырған. Қауымдастықтың басқарма төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісованың айтуынша, 1 нау­рыздан бастап боулинг, бильярд залдарының ашылуына рұқсат етілді. Бірақ залдың сыйымдылығы 50 пайыз­дан, келушілер саны 50 адамнан аспауы керек. 2020 жыл­дың қорытындысы бойынша мегаполистегі қоғамдық тамақ­тандыру орындарының қарызы ай сайын 10-11 млн теңгені, шағын қалаларда 5 млн теңгені құрайды. Оған бір жыл ішінде 38-ден 42 пайызға дейін қымбаттаған коммуналдық қызмет құны да кіреді.

«Коммуналдық қызметтер шағын және орта бизнеске көмектесуі керек. ШОБ-ты су мен жарықтан ажыратып тас­тамас үшін каникулдық түсімдер мүмкіндігін ұсыну қажет. Бір жыл бойы жұмыс істемеген бизнес электр қуаты мен суды қашан өшіргеніңізді білмейді және көбіне тоқтату туралы хабарлама алмайды», дейді В.Нұрпейісова.

Оның айтуынша, тағы бір түйткіл, кәсіпкерлердің банк алдындағы борышы болып тұр. Көбі арендалық төлем келісімі бойынша жұмыс істеп, жеке тұлға ретінде несие рәсімдеген. Сондықтан еліміздегі заңнамаға «жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы түсінік енгізілуі керек деп есептейді.

«Егер адам бизнестегі әрекеті салдарынан банкрот болса, онысын құжаты растап тұрса онда қарызы, несиесі ішінара немесе толықтай кешіріледі. Бұл бүкіл әлемде бар тәжірибе. Мұның басты мақсаты – жеке тұлғаның банк қарызы салдарынан жеке мүлкінен айрылуына жол бермеу. Статистика бойынша, кәсіпкерлер көп жағдайда жеке мүлкін кепілге қойып жеке тұлға ретінде несие алады. Сондықтан бұл заңның жеке кәсіпкерлерге қатысты қолданылуын құптаймыз. Өйткені олар заңды тұлға емес және «заңды тұлғалардың банкроттығы туралы» заң оларға жүрмейді», дейді сарапшы.