А. Аймағамбетовтың айтуынша, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту өзекті болып қалуда. Бүгінгі таңда 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 71,2%, 3-6 жастағыларды қамту 98,7% құрайды. 2025 жылға қарай 2-6 жастағы балаларды қамту 95%-ға, 3-6 жастағы балаларды қамту 100%-ға жетеді. Ол үшін жеке меншік балабақшалар желісі одан әрі дамытылады. Сонымен қатар министрлік ваучерлік қаржыландыруды, мектепке дейінгі білім беруді ұйымдастырудың балама нысандарын енгізуді дамытуды жоспарлауда.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленді. Оны енгізу жаңа оқу жылынан басталады. Бұл үшін «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандартқа өзгерістер енгізіледі. Сонымен бірге, жаңа модель ата-аналарды балалардың тәрбиесіне, дамуына тарту үшін олармен тығыз жұмыс жасауды қарастырады», деді ҚР БҒМ басшысы.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша математика, тілдер және информатика пәндеріне басымдық беріледі. Сонымен қатар елімізде 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңімен көшу көзделіп отыр. Оқулықтардың сапасын жақсарту үшін алғаш рет үлгілік оқу бағдарламаларын сараптаудан және апробациядан өткізу қарастырылады.
Оқулықтардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптар бекітіледі. Сарапшыларға біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылады, базасы қалыптастырылады. Үлгерім деңгейі төмен оқушыларға басымдық бере отырып, білімді қалпына келтіру шаралары жалғасады. Оқу нәтижелері төмен оқушылар үшін онкүндік демалыс бағдарламасы және жазғы мектептерді ұйымдастыру жоспарлануда.
Дарынды балаларды қолдау жұмыстары жалғасады. 2020 жылы еліміздің дарынды балалары халықаралық олимпиада мен ғылыми жарыстарда 437 медаль иеленді. Қосымша білім алуға кең мүмкіндік беру және қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысты орналастыру жоспарлануда. Мемлекеттік тапсырыс конкурстық негізде және жекеменшік ұйымдарда орналасатын болады. 2025 жылға дейін барлық мектептерде спортпен айналысуға жағдай жасалады.
Сондай-ақ, дене шынықтыру мұғалімдеріне секциялар мен үйірмелер өткізгені үшін қосымша ақы төлеу мәселесі пысықталады. «Педагог мәртебесі туралы» Заңы аясында педагогтердің еңбек жағдайлары жақсартылуда. Педагогтерге тән емес функцияларды және көзделмеген есептерге тартудан босату шаралары қабылданды, яғни, мұғалімдер тек 2 құжатты — электрондық журнал мен сабақ жоспарын толтыруы керек.
Сонымен қатар, педагогтердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестер енгізіледі. 2024 жылға қарай педагогтердің жалақысы 2 есеге артады. Осының барлығы мектептерді кадрлармен толық жабдықтауға мүмкіндік береді. Педагогикалық кадрларды даярлау деңгейін арттыру мақсатында жоғары оқу орындарына қабылдау талаптары күшейтілді. 2021 жылдан бастап педагогикалық мамандықтардың түлектері кәсіби шеберлікке сертификаттаудан өтеді.
«Шекті балл 50 баллдан 75 баллға дейін көтерілді. Болашақ педагогтарға стипендия мөлшері 42 мың теңгеге дейін артты. Мектепті алтын медальмен бітірген түлектерге педагогикалық мамандықтарға түсуге стимул туындайды», деді білім беру министрі.
Маңызды бағыттардың бірі инфрақұрылымды дамыту болып отыр. Қазіргі уақытта елімізде 34 апатты және 137 үш ауысымды мектеп жұмыс істейді. Болжам бойынша, 2025 жылға қарай орын тапшылығы шамамен 670 мың орынды құрайды. Бұл мәселені шешу үшін 800 жаңа мектеп салу жоспарлануда. 2021 жылы 200 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Соңғы екі жылда елімізде 41 мың оқушыға арналған 126 жекеменшік мектеп ашылды. Министр бұл соңғы 10 жылда ашылған жекеменшік мектептердің рекордтық саны екенін атап өтті. Қазіргі уақытта ҚР Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп 800 мектепті салудің Жол карталарын жасауда. Ол үшін 4 механизм қолданылады: мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қолдану, жекеменшік мектептер желісін дамыту, мемлекеттік бюджеттен нысаналы құрылыс, модульдік конструкциялардан мектептер салу.
Сонымен бірге, 5000 мектептің инфрақұрылымы жаңартылады. Бұл – балаларға қауіпсіз және қолайлы жағдайларды жасау, жоғары жылдамдықты Интернетпен, пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету, мектеп жиһаздарын жаңарту, мектеп кітапханалары мен асханаларын жаңғырту, күрделі және кешенді ағымдағы жөндеу жүргізу. Биыл аталған жұмыс 1000 мектепте жүргізіледі. Инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау жұмыстары жалғасады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған ұйымдардың жұмыс істеу нормативі 50 мың балаға 1 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) есебінен жаңартылады.
«Техникалық және кәсіптік білім беру саласында барлық жастарға қажетті мамандықтар бойынша колледждерде тегін оқуға мүмкіндік беріледі. 2017 жылдан бері тегін техникалық білім берумен қамту 60,5%-ға дейін ұлғайды. Бірақ жыл сайын 11-сынып түлектерінің 50%-ы ақылы бөлімге оқуға түседі. 2025 жылға дейін жергілікті атқарушы органдармен бірге жастарды кезең-кезеңмен 100%-ға дейін қамту жоспарлануда», деді Асхат Аймағамбетов.
Колледждерге академиялық дербестікті енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күні заңнамалық деңгейде уәкілетті органның колледждерде оқу мерзімдерін белгілеуі туралы норма алынып тасталды. 9-сынып негізінде оқу мерзімін 3,6 жылдан 2 жылға дейін және 11-сынып негізінде 2,6 жылдан 1,5 жылға дейін қысқарту жоспарлануда. Колледждер оқу мерзімдерін өздері реттейді және өз өнімдерін сату мүмкіндігіне ие болады. Биыл «Жас маман» жобасы аясында 180 колледждің инфрақұрылымын жаңғырту аяқталады.
Жобаның қорытындысы бойынша әрбір өңірде дамыған материалдық-техникалық базасы, жаңа оқу жоспарлары мен бағдарламалары, бар кемінде 7 заманауи колледж жұмыс істейтін болады. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, колледждерді сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқару дамуда. Сенімді басқарушылар мен колледждерді іріктеу үшін критерийлер тізбесі әзірленді. Жоғары білім беруде кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын 100% жаңарту міндеті тұр. 2025 жылға қарай инновациялық бағдарламалардың үлесі 20% құрайды. Жоғары білім беру тиімділігінің көрсеткіштерінің бірі дүниежүзілік рейтингтердегі өкілдігі болып табылады. 2025 жылға қарай QS WUR рейтингіне кіретін қазақстандық жоғары оқу орындарының саны 15-ке дейін артады. 2025 жылға қарай республика аумағында 5 жетекші шетелдік жоғары оқу орнының кампустарын ашу жоспарлануда.
Жалпы алғанда, бұл дарынды жастардың елден кетуін қысқартуға мүмкіндік береді. Студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету үшін 2020 жылы 20 мың орындық 75 жатақхана пайдалануға берілді. 2025 жылға қарай кемінде 50 мың жаңа орын пайдалануға беріледі. Жоғары білім алуға қолжетімділікті кеңейту үшін 2025 жылға дейін гранттар саны 50%-ға артады. Кадрлар даярлауға арналған гранттар тек сұранысқа ие бағыттарға ғана бөлінетін болады. Гранттардың әртүрлі түрлері енгізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы оқу жылында стипендиялар мөлшері студенттер үшін 25%-ға, докторанттарға 83%-ға ұлғайтылды.
«Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша инновациялар мен серпінді технологияларды дамыту, озық ғылыми-зерттеу орталықтарын қалыптастыру үшін өсу нүктелері болатын 2 озық жоғары оқу орны құрылатын болады. Біз бұл жұмысты Петропавл және Шымкент қалаларында бастадық», деді министр.
Сондай-ақ еліміздің бәсекеге барынша қабілетті 20 жоғары оқу орнының базасында «академиялық артықшылық» орталықтары құрылатын болады. Бұл мақсатқа 80 млрд теңге көзделген. Критерийлер бойынша 15 мықты өңірлік жоғары оқу орны және 5 мықты педагогикалық жоғары оқу орны іріктеледі.
Білім беру сапасын жақсарту жөніндегі шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай: 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамту; 3 ауысымды оқытуды жою; PISA халықаралық зерттеуінде 15 жастағы оқушылардың нәтижелерін 40 баллға жақсарту; 15 ЖОО-ның QS рейтингіне енуі; NEET санатындағы жастар үлесін төмендету күтілуде. Қостанай облысында білім беру жүйесінің дамуы туралы әкім Архимед Мұхамбетов баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі күнде облыста 815 білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 500 мектеп: 489 мемлекеттік жалпы білім беретін, 5 кешкі мектеп, 6 жекеменшік мектеп бар. 2025 жылға дейін 407 ауыл мектебін жаңғырту жоспарланып отыр.
Ағымдағы жылы ауыл мектептерін жаңғыртуға 5,1 млрд теңгеден аса бағытталды, оның ішінде 82 ауыл мектебін жаңғыртуға 3 млрд теңгеден астам қаржы бағыттау жоспарланған, 37 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар 82 мектепте 165,9 млн теңге сомасына оқушы жиһаздарын жаңарту, 140,3 млн теңгеге 15 пән кабинетін жаңғырту, сондай-ақ 41 мектепке турникеттер орнату және 24 ауыл мектебі үшін инклюзивті білім беруге жағдай жасау, 18 бірлік автокөлік сатып алу қарастырылған.
«Одан басқа, оқушы орындары тапшылығының алдын алу мақсатында 2025 жылға дейін 13 мектеп салу жоспарланып отыр, оның ішінде саманнан және қамыстан салынған мектептердің орнына 4 модульдік мектеп салынады. Осылайша, ауылдық мектептерді жаңғырту мәселесі ерекше бақылауда тұр», деді Қостанай облысының әкімі.