Архивтің сарғайған құжаттарына үңілсек, 1932 жылғы 26 қазандағы жағдай бойынша құрамына Павлодар облысы аумағының көп бөлігі кірген Шығыс Қазақстан облысынан 142 мың 932 адам басқа жақтарға қоныс аударған. Осы бір ауыр қасірет Павлодар қаласына да қатты соққы әкелді. Ауыл тұрғындары қалаға ағылып келіп жатты. Оның үстіне бұрын Сібір өлкесіне қоныс аударып, кейін ол жақтан елге әкімшілік шараларымен қайта кері қайтарылған адамдарды орналастыруда да көптеген проблема туындады: «Қала мен темір жол стансасына баспанасы, не ішерге асы жоқ, аш-жалаңаш, жалаң аяқ мыңдаған адам жиналды. Ең аяныштысы балалардың бір үзім нан таба алмай қала ішін шарлап жүргендері», делінген аудандық атқару комитетінің 1932 жылғы 8 маусымдағы хатында.
Архивтік құжаттар бұл зобалаңның 1921 жылғы елдегі қатты құрғақшылық, Бірінші дүниежүзілік соғыс, азамат соғысы себебінен экономиканың құлдырауынан, сондай-ақ орталық биліктің ресми саясатының кесірінен болғанын айғақтайды. 1924 жылы Павлодар уезінде ашыққандардың саны 24 мыңнан асқан. Архивтік құжаттардан ХХ ғасырдың 30-жылдары астық дайындау саясатының ауылдарды қатты әлсіреткенін байқауға болады. 1929 жылдан бастап астық дайындаудың жоспарлы көрсеткіші күрт өсе бастайды. Оларды орындау мүмкін болмады. Билік тапсырманы мүлтіксіз орындауды талап етті. Билік ұжымшарлар мен жекеменшік шаруалардың астықтарын түк қалдырмай, тіпті тұқым және тағам ретінде пайдалануға арналғандарын да күштеп алып қойып отырған.
Округтік атқару комитеті төралқасының 1929 жылғы 31 қазандағы отырысының хаттамасында Округтік атқару комитеті астық дайындауды жүргізу бойынша округтік атқару комитетінің нұсқауын бұрмалаған және орындамаған уәкілдерге қатысты репрессияны күшейтуді, жазалау органдары тарапынан кедейлер мен орта шаруалардың артық астықты тапсыруы бағытындағы жұмысты жандандыруды, кулактар мен байлардың тауарлық астығын толығымен тартып алуды ұсынған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін мәжбүрлі түрде дайындату және салықты қатаң түрде төлету, жаппай ұжымдастыру мен қазақ халқын күштеп отырықшыландыру саясаты жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. Архивтік мәліметтерге қарағанда, 1928 жылғы 1 қазанда округте барлығы 2 мың 583 шаруашылықты біріктірген 177 ұжымшар болса, 1930 жылғы 1 қаңтарда 15 мың 55 шаруашылықтың басын біріктірген 339 ұжымшар болған.
Күштеп ұжымдастырумен қатар кулактардың мүліктерін тәркілеу саясаты қатаң жүргізілді. ОГПУ округтік бөлімінің 1930 жылғы 26 қаңтардағы хатында «кулактарды тұрғылықты жерлерінен дереу көшіруді» бұйырған БК (б) П Қазөлке комитетінің нұсқауы туралы хабарланады. Осы жұмыстарды ұйымдастыру үшін округтік орталықтарда жедел «үштіктер» құрылды. 1930 жылғы 19-20 ақпанда осындай «үштік» Максим Горький ауданы бойынша 213 және Тереңкөл ауданы бойынша 202 бай-кулак шаруашылықтарын Павлодар округі мен аудандарынан тыс жерлерге көшіру туралы қаулы қабылдайды. Сөйтіп 1930 жылғы 16 наурыз жағдайында-ақ округте 117 шаруа қожалығы жойылады. ОГПУ Павлодар қалалық бөлімшесінің 1931 жылғы 2 сәуірдегі мәліметінен: «Көшірілгендердің, тәркіленгендердің жағдайы аса сұмдық, азық-түлік мүлдем жоқ. Жергілікті жерлерде көшіру кезінде барлық мүлік тәркіленген. Көшірілгендерге бөлінген колонияға (№1 ауылға) балаларымен бірге, орыс және қазағы бар 200 адам әкелінді. Әрбір қыстауға 5 отбасынан орналастырылды, кейбір отбасында бір үзім нан жоқ, балалары аш. Көшірілгендердің көбі осындай жағдай жалғасатын болса, балаларымызды тағдырдың тәлкегіне тастаймыз да, өзіміз аштан өлмес үшін бас сауғалаймыз дейді», дегенді оқуға болады.
Ұжымдастыру шаралары мал шаруашылығының құлдырауына әкеліп соқты. Павлодар ауданы «Песчаное» ұжымшарында 1932 жылғы 15 сәуірдегі жағдай бойынша «бірде-бір ұжымшар мүшесінің жеке қожалығында мал мүлде қалмаған. Малдың көбі арам өліп, болмаса сатылып кеткен немесе етке өткізілген». Жалпы аудан бойынша 1931 жылғы 1 шілде мен 1932 жылғы 1 ақпан аралығында мал басы 40 мың 814 бастан 24 мың 820 басқа дейін қысқарған.
Ашаршылық туралы мәліметтер 1930 жылғы құжаттарда тіркеле бастаған. Ал 1931 жылдың соңы мен 1932 жылдың басында Ертіс өңірінде ашаршылықтан жаппай өлгендер алғашқыда бір-бірден, кейіннен оңдап, жүздеп тіркеле бастаған. Мұндай жағдай, әсіресе, қазақтардың арасында көптеп байқалған. 1932 жылғы 31 қаңтарда БК (Б) П Павлодар аудандық комитетінің бюросы мына жағдайды жария етеді: «а) қазақтар арасында ашаршылықтан 498 адамның өлгендігі туралы факті бар; б) ұжымшар мүшелерінің аштықтан ит, мысық етін, қой терісін және тіпті адам етін де жегендігі туралы мәлімет бар; в) ұжымшарлар ыдырап, аштықтың салдарынан мал жаппай қырылуда, 1-ші, 2-ші ауылдарда 627 мал басынан бар-жоғы 36, ал №11 ауылда 2 мың 396 бастан 806 бас қана қалған». 1932 жылы жасалған БК(б)П аудандық комитеті комиссиясының материалдарында Павлодар ауданының ауылдарында халықтың жаппай ашығуы туралы келесідей мәліметтер көрсетіледі: «№1 ауылда барлығы 39 шаруа қожалығы ғана қалған. 1931 жылғы қарашадан бастап ауылда әртүрлі сүзек, шешек т.б. аурулар кең етек жайған. Ауыл Сағынай және Көшен-Шүрек руларынан тұрады. Комиссия Сағынай руының орналасқан жерін зерттеп, жерленбеген 44 мәйітті анықтады. Көшен-Шүрек руынан қалғандар Сағынай руының орналасқан жеріне көшірілген, Көшен-Шүректерде 30-дан астам жерленбеген мәйіт қалған. Жерленбеген мәйіттерді қорымға жиі тастап отырған, ал бұған шамалары келмегенде мал қораға апарып тастай берген...». БК(б)П Павлодар аудандық комитетінің комиссиясы ауданда ашыққан 4 мың адамды анықтаған. 1932 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 21941 кері қайтушы Павлодар қаласы арқылы өткен, оның көбі аштан және аурудан қайтыс болған, бір бөлігі аудандарға жіберілген.
Қаншайым МАҚАЖАНОВА,
Павлодар облыстық мемлекеттік
архив басшысының орынбасары