Қазақстан • 12 Наурыз, 2021

Электронды сауда-саттық баршаға оңтайлы

326 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Төс қалтасынан ақша суырып саудаласар адамдардың сиреп бара жатқанын байқап жүрміз. Бұл қоғам үшін айтарлықтай жағымсыз үрдіс емес. Өте оңтайлы. Электронды коммерцияның қарыштап дами түскенін түрлі зерттеулерден де аңғарамыз. Қазақстанның онлайн сауда-саттыққа бейімі қалай? 2021 жылы бізді қандай трендтер күтіп тұр? E-commerce саласының алға басуына нендей факторлар кедергі келтіреді?

Электронды сауда-саттық  баршаға оңтайлы

PwC Kazakhstan компаниясы Цифрлы Қазақстан қауымдастығымен бірлесіп екі жыл бойы арнайы зерттеу жүргізді. Зерттеуге электронды коммерция нарығын дамытып отырған әлеуетті ойыншылар қатысты.

– Бір жыл бұрын ғана электронды коммерция көп адамдар үшін екінші кезектегі сатылым арнасы саналатын. Қатаң шектеу мен локдаунға толы 12 айдан соң бөлшек саудадағы ойыншылар басымдықтарын өзгертті. Тұтынушылардың онлайнға кетуі интернет-алаңдардың күрт дамуына ықпал етті. Онлайн сатылымның ең шарықтаған сәті 2020 жылдың III тоқсанына сәйкес келді, – дейді зерттеу авторларының бірі Наталья Лим.

2020 жылы бөлшек электронды сауда нарығы көлемі 82 пайызға өскен (2019 жылмен салыстырғанда). Яғни 327 млрд теңгеден 596 млрд теңгеге. Әсіресе үшінші тоқсанда белсенділік артып, екінші тоқсанмен салыстырғанда 65 пайызға көп сауда-саттық жасалды.

«Елдегі эпидемияның алғашқы толқынының шарықтауы екінші тоқсанның аяғы, үшінші тоқсанның басына келгенін ескерсек, көптеген ойыншы өз бизнесін жаңа бағытқа лезде бейімдей алды. Қызмет спектрін кеңейтіп, сервис сапасын арттырды. Тауарға тапсырыс беру ыңғайлы ғана емес, жылдам бола бастады. Адамдардың электронды саудаға көбірек сенім арта бастағаны байқалады», делінген зерттеуде.

Алайда төртінші тоқсанда сатылым көлемі 15 пайызға ғана өсті. 2019 жылдың дәл сол уақытында өсім 86 пайызды көрсетіп еді. Былтыр жыл соңында онлайн сауданың баяу­лауы сірә, карантин талап­тары­ның жеңілдеп, көптеген сауда мекемесінің офлайн қызмет көрсете бастауына байланысты болса керек. Дегенмен, онлайн сауда біржола құлдырады деуге келмейді. Ол өз қарқынын сақтап, табыс көлемі 213 млрд теңгені құрады. Төртінші тоқсанда жасалған транзакциялар көлемі 8,5 млн, яғни 2019 жылдың төртінші тоқсанымен салыс­тырғанда 48 пайызға көп бол­ған. Соның әсерінен орташа чек көлемі 15 мыңнан 23 мың теңгеге дейін көбейген.

«Леруа Мерлен Қазақстан» компаниясының хабарлауынша, мобильді құрылғыдан келетін трафик артты. Егер 2020 жылдың басында трафиктің 57 пайызы мобильді құрылғыдан келсе, жыл соңында бұл көрсеткіш 73 пайызға жеткен.

«Біз телефоннан кірген жағдай­дағы сайт бейімділігін қайта қарап, көп өзгеріс жасадық. Соның әсерінен рәсімделген тапсырыстар 27 пайызға көбейді», дейді компания.

Зерт­теуге атсалысқан компа­ния­лардың айтуынша, 2021 жылы нарықты жылдам әрі арзан орындалатын жеткізіп беру қызметтері жаулай бастайды. Шағын бизнестер маркетплейс арқылы сатылымды белсенді жүргізе бастайды. Сөйтіп өз бизнесін тек маркетплейс арқылы және онлайн іске асыратын кәсіпкерлер саны күрт көбейеді. Тиісінше, ассортимент аясын да кеңейте түседі.

«Сайтта тауар қаншалықты көп болған сайын, оның клиенті де сон­шалықты көп болады. Қазір көп­теген жаңа ойыншының нарыққа еніп, өз тауарларын онлайн ұсына бастағанын көріп отырмыз. Елдің кез келген өңіріне жылдам әрі тегін жет­кізіп беру қызметінің жолға қойылуы да бұл салаға деген қызығу­шылықты арттырады. Сайтта төлем жасау да қолайлы бола бастады», дейді зерт­теу­­ге қатысушы Mechta.kz электронды дүкендер желісінің өкілдері.

Қазақстандағы электронды ком­мерцияның басты кедергілері қан­дай? Әрине жолын тапқан адам онлайн түрде өз саудасын дамы­та­ды және оның жемісін көре ала­ды. Бұл сөзімізге дәлел көп. Деген­­мен, трансшекаралық тауарлар баға­сының өсуі E-commerce-нің дамуы­на қолбайлау болып тұр дей­ді қа­тысушылар. Mechta.kz өкіл­дері­нің айтуынша, басты проблема – халықтың төмен деңгейдегі ты­ғыз­­дығы. Содан болар, логистика қым­­бат әрі күрделі. Инфрақұрылым нашар. Осындай қиындықтар тауар­дың клиентке дер уақытында жетуіне мүм­кіндік бермейді. Компа­ния­лар­­­дың байламынша, мобильді ин­­тер­­­нет сапасын арттыру да күн тәр­ті­­бі­­нің өзекті мәселесі. Әсіресе ин­тер­­неттің баяу болуы өңірлердегі ахуал­­­ды қиындатып тұр. «Бұдан бөлек инфрақұрылым логистика­сын кеңей­­тіп, курьерлік және логисти­калық компаниялар санын арттырса да дұрыс болар еді», дейді Kaspi.kz.

Қатысушылардың тағы бір бұ­йым­тайы – салық заңнамасы мен халық­аралық төлем жүйелерінің жұ­мысын жетілдіру. Дәл осы екі мәсе­ленің оңынан шешілуінің өзі елдегі электронды коммерция дамуының басты драйверіне айналмақ.