Аймақтар • 12 Наурыз, 2021

Таутекелердің қаупі қасқыр ғана

1245 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алтайдың қойын-қолтығы толған аң. Ұлттық парк құрылғалы аңшы атаулы қаруларын сүйеп қоюға мәжбүр болған. Қазір Катонқарағайдағы ұлттық парктің аумағында түлкіні қойып, тышқан аулауға рұқсат жоқ. Қатаң тәртіп орнаған соң тағылардың саны жыл сайын көбейіп келеді.

Таутекелердің қаупі қасқыр ғана

Ұлттық парк қызметкерлері көк­темгі аң санау науқанына кіріс­­келі Аршаты, Шыңғыстай, Бел­қарағай, Өрнек ауылда­рының тұ­сынан таутекелердің бірнеше табынын байқаған. Бұрынғыдай ізін көріп, өзін көрмей санау деген жоқ. Кә­дім­­гідей дүрбі салып тұрып, қорадағы қой­­ды санағандай санап, тізімдеп алады. Қорықшылардың әбден маманданып ал­ғаны сондай, қай қолатта қандай аңның жүргеніне дейін біледі. Олардың айтуынша, наурыздың соңында санақ аяқталып, таутекелердің нақты саны белгілі болады. Ал құрып қойған фототұзақтарға түскен бей­нелер, суреттер арқылы тұяқ­тылардың миграция уақытын анық­тайды.

– Біз фототұзақты аңның кө­­шіп-қону уақытын білу үшін қоямыз. Таспаға көбінесе Сарым­сақты жотасында түсіп жүр. Күн райы жайлы болса, Арасанды Қаба жаққа қойған тұзақты да көріп қай­тамыз. Ал санау үшін мекендеріне барып, көзбен-ақ санап аламыз. Қай жерде жүргендерін жасырмаймыз. Өйткені браконьер деген атымен жоқ қазір. Аң атып ұсталса, айыппұлы да аз емес. Темір торға тоғытылуы да мүмкін, – дейді ұлттық табиғи парктің жануарларды қорғау және өндіру бөлімінің меңгерушісі Ерік Қасымов.

Міне, сәуірде тауешкілер төл­дей бас­тайды. Таудың етек жа­ғы қауіпті бол­ғандықтан, күн­гей беттегі шағыл тасқа кө­те­ріліп, төлі жетілгенше түс­пейді. Ке­рісінше ықтасын жаққа қа­рай ауа береді. Кей­біреуі Ара­санды Қаба, Шатыртау арқы­лы Марқакөлге өтіп, одан ары Қы­тайға асып кетеді. Ал күздің күні қар жауа сала қай­тып оралады.

Қайтып оралатын себе­бі, Ка­тон­қа­рағай жақта Марқа­көл­мен салыс­тырғанда қар жұқа, тебіндеуге қо­лайлы. Бір метр қар түскеннің өзінде Алтайдың желі ұшырып әкетеді. Мұндағы бір ғана қауіп сол – ор­ман­ның сұр жендеті. Қасқырды айтамыз. Аң атуға мүлдем рұқсат етіл­­­мегендіктен жаман ауыз да көбею­­дің үстіне көбейіп келеді. Са­нақ тізіміндегі 60 қас­қырдың әрқай­сысы демей-ақ қояйық, тең жартысы 3 бөл­тірігін жеткізсе, жүзге та­қай­ды. 100-160 тағының қорегін мөл­шерлей беріңіз. Бұғы-маралға шаба алмағандары ауылға түсіп, қорадағы, жайылымдағы малға ауыз салады. Сонымен шаруа­лар шарқ ұрып, аңшылардан көмек сұрайды. Заңды аттап өтіп, қасқырды қырайын десе, аңшының да басы екеу емес. Сөйтіп, бес жылдан бері жаман ауыз ауылды әбден басынған. Мар­­қакөл жақта малды қойып, адам­ға тарпа бас салғаны бар. Бүйте берсе, қасқыр қап­тап, төрт түліктен түк қой­май­ды.   

Мамандардың пікірінше, жырт­қыш­тар­ды адам факторынсыз та­биғат өзі реттей алмай­тын көрі­неді. Сондықтан да азу­лы­лар­ды ауыз­дықтау үшін заңға өзгеріс керек.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы