Парламент • 12 Наурыз, 2021

Сот жүйесінің ашық­тығы қамтамасыз етіледі

347 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Спикері ­Мәу­лен Әшім­баевтың төраға­лығымен өткен Палатаның жалпы отырысында депутат­тар сот жүйесін же­тіл­­діру және қоғамның сот­тарға деген сенімін арттыру, Кеден одағына мү­ше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Бірік­кен алқасы туралы шарт­қа өзгеріс енгізу, соны­мен қатар Найроби халық­аралық конвенциясын ратификациялау туралы заң жобаларын қабылдады.

Сот жүйесінің ашық­тығы қамтамасыз етіледі

Отырыста депутаттар «Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.

Құжат бойынша баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев хаттаманы ратификациялау еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайтынын және мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейтінін айта келе Біріккен алқа құрудың негізгі мақсаттарына тоқталды.

Министрдің мәлімдеуінше, хаттама кеден қызметтерінің өза­ра іс-қимылдарын үйлестіру, өз құзыреті шегінде кеден заң­на­масының біркелкі қол­да­нылуын қамтамасыз ету мен ке­ден ісі мәселелері бойынша бір­­ың­ғай құқықтық базаны қа­лып­тас­тыруға қатысу мүмкін­дігін бе­реді.

Шарт терминологиясы Еура­зиялық экономикалық одақ ту­ралы шарт пен Еуразиялық эко­­номикалық одақтың Кеден кодексі туралы шарт ереже­леріне сәйкес келтірілген. Со­ны­мен қатар одаққа мүше мем­­ле­кеттердің орталық кеден органдары анықталған. Қазақстанда ол Қар­жы министрлігіне қарасты Мем­лекеттік кірістер комитеті болып белгіленді. Кедендік әке­лу баждарын есепке алу және бө­лу жөніндегі келісілген қағи­да­­лардың қолданылуын қамта­ма­сыз ету бөлігінде Бірік­кен ал­қаның құқықтары оңтай­лан­дырылады.

Кеден одағына мүше мемле­кеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шарт­қа өзгерістер енгізу туралы хат­­­таманы ратификациялау Еу­ра­­­­зиялық экономикалық одақ­­­қа мүше мемлекеттердің ке­ден ор­гандарының өзара іс-әре­кет-
­терінің нақты және тиім­ді үйле­сім­ділігіне ықпал етеді.

Одан әрі отырыста сот жүйе­сін жетілдіру және қоғамның сот­­тарға деген сенімін арттыру мә­селелері қаралды. Пар­ламент депутат­тары­ның баста­масымен сот жүйе­­сін жаң­ғыр­ту мақсатында «Қазақ­­стан Рес­публика­сының сот жү­йесі мен судьялары­ның мәрте­бесі туралы» Консти­туция­лық заңға, Әкімшілік құқық бұзу­шы­лық туралы кодекске жә­не кейбір заңнамалық акті­лерге сот жү­йесін жаңғырту мәсе­ле­лері бо­йынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізілді.

Құжаттарға қатысты баяндама жасаған сенатор Владимир Волков Жоғарғы Сот судьясы үміткеріне қойылатын талаптар, конкурстан тыс сайлану ретіне тоқталды.

Мәулен Әшімбаев өз сө­зінде Мемлекет басшысы VII ша­қырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында белгілеп берген міндеттерге тоқталды. Аталған жиында Президент сот жүйесі жабық жүйе болмау керектігін және оны жаңғырту қажет екенін айтқан болатын. Сондықтан қаралған заң жобалары Сот жүйесін жетілдіруге арналып отыр. Бұл заңдар арқылы Президенттің ұсынысымен білікті мамандарды Жоғарғы соттың құрамына тарту мүмкіндігі кеңейтіледі.

«Биылғы 1 шілдеден бастап елімізде әкімшілік әділет инс­титуты өз жұмысын бастайды. Соның аясында азаматтардың құқықтарын қосымша қор­ғайтын жаңа кепілдіктер мен тетіктер қолға алынады. Осы институттың әлеуетін толықтай қолдану үшін Жоғарғы Сотта жа­ңа әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрылады. Жалпы, осы заңдар сот жүйесінің ашық­-
­тығын қамтамасыз етуге және оның тиімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар палата оты­ры­сында күн тәртібіндегі келесі мәселе ретінде «Суға ба­тып кеткен кемелерді жою туралы 2007 жылғы Найроби халық­аралық конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Құжат суға батып кет­кен кемелерді және теңіз апат­тарының салдарын тиімді жоюға қатысты бірыңғай ережелер мен рәсімдерді белгілейді.

Құжатты таныстырған Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атам­құлов бүгінде Найроби конвен­циясына 51 мемлекет қосыл­ғанын атап өтті. Министр заң жо­басының негізгі мақсаты – суға батқан кемелерді тез әрі тиімді алып тастау, апат сал­дарын жоюдың бірыңғай қағи­далары мен рәсімдерін енгізу екеніне тоқталды. Бұл конвен­цияны ратификациялау қажет­тілігі Каспий теңізінде кеме қаты­насының артуына байланысты туындаған.

«Бұл ретте, Қазақстан – негізгі жүк құраушы мемлекет. Каспий теңізінде жалпы жүктің 31 пайызы Ақтау және Құрық порттарында тиеледі. Сонымен қатар 2020 жылы Иранның Каспий жағалауындағы порттарымен жаңа автомобиль-паром қатынасы ашылды және тұрақты контейнерлік желі іске қосылды. Бүгінгі күні біз Транскаспий халықаралық көлік дәлізін белсенді түрде дамытып келеміз.

Жалпы алғанда, 2025 жылға қарай Қазақстанның порттары арқылы жүк көлемін 10 млн тоннаға дейін (2020 жылы – 5,4 млн тонна) жеткізу жос­парлануда. Осы жағдайда порт­тарға кіретін кемелер саны екі есе ұлғаяды (2020 жылы – кеме­лердің 1283 кіруі). Тиісінше теңіз апаттары артуы да мүмкін», деді Б.Атамқұлов.

Ал конвенцияны ратификациялау теңіз апаттары болған кезде Қазақстанның мүдделерін қорғау үшін қажетті жағдайлар жасайды. Атап айтар болсақ, елімізге келетін кеме иелерінің өз жауапкершілігін сақтандыру немесе суға батқан кемені алып тастау міндетін белгілейді. Бұл Қазақстанға кемені судан көтеру шығындарын өтеуді тікелей сақтандыру компаниясынан талап етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар туын көтеріп жүзетін мемлекеттің теңіз әкім­шілігінен кемені шығару және апат салдарын жою міндеттерін орындауды сақтандыру туралы куәлік түрінде кепілдік алады және теңіз апаты болған жағдайда Қазақстанның теңіз әкім­шілігінің, кеме иесінің және шетелдік кеменің теңіз әкім­ші­лігінің іс-қимыл тәртібін анық­тайды.

Депутаттар дауысқа салып, аталған заң жобасын қабылдады.

Кезекті отырыста сенатор­лар депутаттық сауалдарын жол­дады. Нұржан Нұр­си­па­тов Қарулы Күштердің арсе­нал­дары, базалары және қойма­лары жанында тыйым салын­ған аймақтар мен аудандарды белгі­леуге қатысты мәселелерді кө­терді. Ғұмар Дүй­сем­баев Атырау облысының тұр­ғындарын сумен қамтамасыз етудегі проблемаларға назар аударды. Ақылбек Күрішбаев жо­ғары оқу орындары оқытушы­ларының жалақысын көбейту қажет екенін айтса,  Әли Бектаев Түркістан облысы Полиция де­партаментінің қызметін қаржы­лан­дыру мәсе­лесі туралы сөз қозғады.