«Оқу жылының ең ұзақ тоқсаны үшінші тоқсанда аяқталуға жақын. Өздеріңізге белгілі 2021 жылғы 1 наурыздан бастап 1-5 сыныптардың, сондай-ақ халықаралық мектептердің 1-7 сыныптарының білім алушылары үшін аралас форматта оқыту ұйымдастырылғаны белгілі. Қазіргі уақытта 1-5 сынып оқушыларының 85 575 (яғни 88%) офлайн режимде оқытумен қамтылған. Ал бітіруші сыныптар (9, 11,12 – сыныптар) оқуды аралас форматта жалғастырады (пәндердің 70%-ы дәстүрлі, 30%-ы қашықтықтан)», дейді Римма Иманғазинова.
Бұл ретте барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталады, 1,5 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, 25 баладан аспай, ал халықаралық мектептердің 1-7 сынып оқушылары үшін сыныпта 15 баладан аспай отырғызылады.
Оның айтуынша, сабақтардың икемді кестесі, ауысымдардың көбеюі, сабақтар арасындағы үзілістер мектептердің Қамқоршылық кеңестерімен келісілген. Ал созылмалы аурулары бар, сондай-ақ байланыста болған 3660 оқушы ата-анасының өтініші бойынша онлайн білім алып жатыр. 6,7,8,10 сыныптар қашықтан оқытуды жалғастыруда.
«Барлық мектептердің кіре берісінде дезинфекциялық туннельдер, қашықтық белгілері орнатылған, сол сияқты дезинфекциялық құралдар сатып алынып, кварцтау жүргізілуде. COVID-19 сырқаттанушылықтың бір немесе екі жағдайы анықталған жағдайда сынып жабылады, үш және одан да көп жағдайда мектеп толығымен жабылады, яғни балалар қашықтықтан оқытуға көшеді. Ал мектеп формасына қатысты шешімді ата-аналардың өздері қабылдайды. Оқушыларға мектепке еркін және ұқыпты киім киюге рұқсат етіледі», дейді ол.