Қазақстан • 12 Наурыз, 2021

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға арналған кәсіптер атласы әзірленді

471 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру процесіне жәрдемдесу мақсатында «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын кәсіптер мен мамандықтардың атласы»  әзірленді, деп хабарлайды Egemen.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға арналған кәсіптер атласы әзірленді

Ол халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері, мүгедектігі бар адамдар мен олардың ресми өкілдерінің пайдалануына, сондай-ақ Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) жұмыс іздеуді жетілдіруге арналған.

Атластың көрсетілімі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өтті. Вице-министр Ерлан Әукеновтің төрағалығымен өткен іс-шараға онлайн режимде өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, халықты жұмыспен қамту орталықтарының, Еңбекмині Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық департаменттерінің, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының, БҰҰДБ, «Атамекен» ҰКП өкілдері, мүгедектігі бар адамдар қатысты.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 695 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде 419,8 мыңы еңбекке қабілетті жаста (60%). Олардың 106 мыңнан астамы жұмыс істейді.

I топтағы мүгедектігі бар адамдардың және еңбекке қабілеттілігінен айырылу көрсеткіштері бар мүгедектігі бар адамдардың 60-100% жағдайларда жұмысқа орналасу мүмкіндігі өте төмен, сондай-ақ көріну дәрежесі бойынша ең ауыр аурулары болатынын атап өткен маңызды.

Басқаша айтқанда, Қазақстан бойынша 230 мыңға жуық МБА организм функцияларының айқын бұзылуына, арнайы еңбек жағдайларын жасау қажеттілігіне немесе кәсіптік қызметтің кез келген түрін орындау үшін толық қарсы көрсетілімнің болуына байланысты жұмысқа орналастыру мәселесінде барынша қиындықтарға тап болады.

«Мүгедектігі бар адамдар үшін ұсынылатын мамандықтардың атласы ерекше қажеттіліктері бар адамдардың экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндіктер жасау мақсатында әзірленді. Бұл анықтамалық мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру кезінде, оның ішінде электрондық еңбек биржасы порталында жұмыс іздеуді жетілдіру үшін пайдаланылатын болады. Ұсынылатын мамандықтар ҚР Ұлттық кәсіптер сыныптауышына негізделген. 12 мыңнан астам мамандық зерттелді, нәтижесінде мүгедектіктің I тобына 2,5 мыңға жуық мамандық ұсынылды, II және III топтарға жеке - жеке 7 мыңға жуық мамандық ұсынылды», деп атап өтті Ерлан Әукенов.

Атласта 16 мыңнан астам ұсынылған мамандық бар, олардың 7 мыңы бірегей болып табылады. Бұл онлайн режиміне ауысуға байланысты жаңа серпін алған оқыту және жаттықтырушы сияқты бұрыннан қалыптасқан мамандықтар және интернет арқылы сату, SMM және жүйелік басқару және т. б. сияқты салыстырмалы түрде алып қарағанда жаңа мамандықтар.