Аймақтар • 14 Наурыз, 2021

Ақтауда дзюдодан Азияның ашық кубогы өтіп жатыр

138 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Ақтауда дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Азияның ашық кубогы өтіп жатыр. Оған республикамыздың барлық аймақтары және бірқатар шет мемлекеттен келген балуандар қатысып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Ақтауда дзюдодан Азияның ашық кубогы өтіп жатыр

Турнирдің алғашқы күні жеті салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды. 60 кило салмақта Мағжан Шамшидинге тең келер ешкім табылмады. Кезінде жастар буыны арасындағы жарыстарда жасындай жарқыраған сайыпқыран бұл жолы ересектердің дуында өзінің мықтылығын мойындатты. Финалда Мағжан Дәурен Сүйеукеновке сан соқтырды.

66 кило салмақта Есет Қуановтың қарқыны қуантты. Бұл жігіттің жанкүйерлер көбіне-көп самбошы ретінде жақсы біледі. Күрестің сол түрінен ол әлем чемпионы атанғаны да есімізде. Соңғы кездері Есет татмиге де жиі шығып жүр. Ақтайдағы додада Қуановтың екпініне ешкім шыдай алмады. Ақтық айқаста ол Сұңғат Жұбатқанды жеңді.

73 кило салмақтың бас жүлдесі үшін ресейлік Муроджон Юлдашев пен жерлесіміз Жанболат Бағытбергенов таласты. Бұл тартыс сырттан келген саңлақтың пайдасына шешілді.

Әйелдер арасындағы жарыста аса жеңіл салмақта Әбиба Әбужарқынова алтыннан алқа тағынды. Қазақ дзюдошысы финалда ресейлік Алина Сергеевадан айласын асырды. Ал өзге үш салмақ дәрежесінің бас жүлдесінің барлығын солтүстіктен келген көршілеріміз жеңіп алды. Олар – Лилия Ногаева (52 кило), Юлия Казарина (57 кило) және Айгүл Багаутдинова (63 кило).