Соның бірі – қазақ халқында қалыптасқан, 14 наурыздан бастау алатын «Көрісу күні». Қар кете бастаған, жол ашылған, көктемнің нұры төгіліп тұрған шақта ауыл-ауылдағы ағайын, жерлестер ерте тұрып, таң атысымен жасы үлкендерге сәлем береді. Көршілер, жақындар бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп те тілек, ниет білдіріп жатады. Бұл күні бұрынғы өкпе-реніштер болса кешіріледі, түсінбеушілік ұмытылады, халық көтеріңкі көңілмен жүреді. Таза киімдерін киіп, бір-біріне қонаққа барады, көрісіп жақсы тілектер айтады. «Айға жетпес асыңды, ауылдастан аяма» деп, дәмдісін қазанға салып, қонақ күтеді.
Бұл мерекенің тағы бір ерекшілігі – ол бір күнмен шектеліп қалмайды, мүмкіндігінше жыл бойы жалғаса береді. Жалпы, бұл дәстүр-мереке ерте заманнан халқымызда болған, бірақ өткен ғасырда, Кеңес кезінде Наурыз мерекесі сияқты тыйым салынуы себебінен ұмытылған салттардың бірі. Еліміз егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін өлгеніміз тіріліп, жоғалған салттарымыз қайта жанданып, орын-орнына келе бастады. Бүгін бүкіл еліміз бұл мерекені тойлауды бастап жіберді. Бірақ, өкінішке қарай әлемді шарпыған кеселге байланысты ағайын-туыс, дос-жолдастар бір-біріне көптеп баруға, жүзбе-жүз кездесуге мүмкіншілік болмай тұр. Дегенмен, соған қарамастан, түрлі желілер арқылы құттықттаулар жолдауда, жақсы ниет білдіруде. Және бір таң қаларлық жағдай, бүгін біздің Көрісу мерекесімен қатар бүкіл Православие қауымы «Кешірім жексенбісін» (Прощенное воскресенье) атап өтіп жатыр екен. Қазақстанда тұратын көптеген этнос өкілдерінің бір-бірінің мерекелерін тойлауы, атап өтуі еліміздегі бірлік пен татулықтың негізгі нышандарының бірі деп айтсақ болады. Ауыз бірлігіміз мәңгілік болсын.
Кездесу, көрісуге байланысты бір-екі мысал келтіре кетейін. Біздің Елбасы кітапханасы жылдың басынан бастап, соның ішінде осы наурыз айының басында карантин талаптарын сақтай отырып, бірнеше кездесулер өткізді. Ағымдағы жылдың 4 наурызында Президенттің «Болашақ» бағдарламасымен оқу тәмамдаған білікті отыз түлек» жобасы осы мейрам қарсаңында біздің мықты қарындастарымыздың жетістіктеріне арналды. Оған интерактивті жолмен еліміздің көптеген оқу орындарының студенттері, шет елде осы бағдарлама аясында оқып жүрген түлектер онлайн қатысты. Бір-бірін көптен көрмеген, Кітапханаға келген түлектердің қуанышында шек болмады деп айтса артық емес. Шүйіркелесіп сөйлескен, жаңалықтармен бөлісіп арқа-жарқа болып жатқан кейіптері көргендерді қуантты.
Сондай-ақ осы киелі шаңырақ астында «Еліміздің мақтанышы» жобасы аясында олимпиада және әлем чемпиондарымен, жүлдегерлерімен кездесу өткізілді. Елімізді әлемге танытып, көк Туымыз бен әнұранымызды жер шарының талай спорт алаңдарында асқақтатқан спортшылар өздерінің маңдай тер, қажыр-қайратымен алған медальдарын, спорт құралдарын ақ ниеттерімен Елбасының музейіне тапсырды. Қиындыққа қарамастан, осындай іс-шара өткізілгеніне ризашылықтарын білдірді, Елбасына және мемлекет басшысына алғыстарын жолдап сұхбат беріп жатты. Біз көптен кездесе алмай жүрген атлеттердің көрісу қуанышына тәнті болдық, қуаныштарына қуандық, алғысымызды айттық. Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы алдымызда да көптеген кездесу, көрісуді жоспарлап отыр. Тосыннан келген індеттен тезірек айығып, жалпы халқымызға құшақ ашып көрісуді жазсын, жақсы күндер тезірек келсін деп тілейміз! Мерекелер көп болсын!
Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Арнайы жобалар қызметінің жетекшісі