Көлік министрі Андреас Шойер бұл жоспар алдағы 15 жылда орындалуы керектігін баса айтты. «Алдағы 15 жылда аталған межеге жету үшін заманауи технологияларға ашық болуымыз керек. Бұл шаралар экологиямызды қорғап, климаттың өзгеруінің алдын алу үшін маңызды», дейді құрылым басшысы.
Бұл ойды басқа да саясаткерлер қолдады. Христиан-әлеуметтік одағының көшбасшысы Маркус Зедер бұған қатысты ойын былтыр күзде білдіріп қойған еді. Экологияға қатысты шараларға елдегі оппозиция да оң көзқараста.
Жалпы, дизельге қатысты жанжал Германияда осыдан алты жыл бұрын туған. Одан кейін дизельмен жүретін көліктерге сұраныс айтарлықтай төмендеген. 2015 жылдан бері қарай дизельді көліктер 40,4 пайызға аз тіркелген.
Дегенмен, бұл үрдіс елдегі көлік саудасына теріс әсерін тигізді. Ескі көліктер саудасы азайып, иелері тым арзанға сатуға мәжбүр болды.
Мұндай шараларды қолға алып жатқан елдер қатары аз емес. Ұлыбритания да көмірқышқыл газының шығуын азайту үшін 225 млн фунт қаржы қарастырып отыр. Бұл қаржы дизельмен жүретін көліктер тигізген зардапты жоюға бағытталмақ.
Ал Франция болса аталған жаңалықты 2040 жылдары енгізбек. Үкімет дизельмен жүретін көліктерден бас тартып, азаматтарға тек жаңа көліктер немесе көп ұсталмаған көліктер сатып алуға рұқсат беретінін мәлімдеді.
Норвегия – бұл тұрғыда алда. Атап айтқанда, алдағы төрт жылда түгелдей электрмашиналарға көшуді жоспарлап отыр. Бұл ретте норвегтер көлік салығынан босатылуы мүмкін. Сонымен бірге автожолдарға төлейтін қосымша ақы да алынып тасталады.