Аймақтар • 15 Наурыз, 2021

ШҚО-да екі тәулікте қар құрсауынан 164 адам құтқарылды

194 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақтың «сәуір болмай, тәуір болмайды» деген тәмсілін наурыздағы боран мен үскірік аяз тағы бір дәлеледегендей болды. Тарбағатай, Көкпекті, Күршім, Катонқарағай, Алтай аудандары бағытындағы жолдарда 164 жолаушы қар құрсауында қалған, деп хабарлайды Egemen.kz.

ШҚО-да екі тәулікте қар құрсауынан 164 адам құтқарылды

13-15 наурыз аралығында ат құлағы көрінбес боранға тап болған 63 автокөлікті Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары сүйреп шығарған. Департамент қызметкерлерінің айтуынша, дауылдық ескерту туралы алдын ала тұрғындарға хабарланған. Алайда, ескертуге құлақ аспайтындар аз емес. Полиция бекетін айналып өтіп кетіп, жолда тұрып қалғандар да баршылық. «Шығыс Қазақстанның күн райы құбылмалы. Күре жолдарда әп-сәтте үрлеп тастайтын учаскелер көп. Сондықтан ұялы телефонға келген хабарламаларға немұрайлы қарап, сапарлап кетуге болмайды» деседі Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысындағы барлық облыстық және республикалық маңызы бар жолдар ашылды.