Экономика • 15 Наурыз, 2021

Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұр

1005 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жамбыл өңірінде соңғы уақытта көпшілік күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы көтеріліп кетті. Негізсіз шарықтаған баға, соның салдарынан болған қымбатшылық бүгінде әулиеаталық әлеуметтің алаңдаушылығын тудыруда. Тіпті аймақта соңғы бір аптаның өзінде 14 түрлі тауардың бағасы бірден өскен.

Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұр

Бұл мәселе айлығын шайлығына жеткізе алмай отырған кейбір отбасылар үшін оңайға түспей отырғаны анық. Бірақ қазіргі кезде өңірдегі «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Өңірлік әлеуметтік тұрақтандыру қоры» арқылы көпшілік күнделікті тұтынатын көптеген тауар түрі Тараз қаласы мен өңірдің аудан орталықтарындағы әлеуметтік дүкенде және ірі сауда орталықтарында арзандатылған бағамен саудаланып келеді. Бұл мақсатта облыстық әкімдіктің қолдауымен бірқатар әлеуметтік дүкен де ашылып, жұмыс істеп отыр. Тауар бағаларының негізсіз өспеуін жергілікті билік те қадағалап отырғанымен, бой бермей бара жатқан қымбатшылық қарапайым халықты қыспаққа алуда.

Тауар бағаларына биліктің өзі ие бола алмай отырғанда, көптің көңілінде қымбатшылық бұдан әрі үдей түсе ме деген қорқыныштың бар екені рас. Күн санап көтеріліп жатқан баға да күнкөрісті күрделендіріп отыр деуге болады. Мәселен, облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, қарақұмық жармасының бағасы 6,9 пайызға, өсімдік майы – 8,6, қырыққабат – 9, картоп – 8,2, ал жұмыртқа 10,1 пайызға өсіп, шекті бағамен салыстырғанда 5 пайызға артқан. Ал бидай ұны – 1,9, макарон өнімдері мен сиыр еті – 1, тауық еті – 1,1, сары май – 1,4, пияз – 2,7, сәбіз – 4,4 және қант 4,6 пайызға өскенімен, аталған тауарлар шекті бағадан 5 пайызға төмен екен. Бірақ кейбір тауар құны шекті бағадан 15 пайызға дейін жоғарылап кеткен. Бұл мәселеге бүгінде жергілікті шенділер де араласқанымен, әрі тарт та, бері тарт болып, әр шенеунік әрқайсысы өз бетімен әуре болуда. Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев өңірде пияз қомақты көлемде өндірілгенімен, оның бағасы жыл басынан бері 62 пайызға жоғарылағанын, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің 5 наурызда ұсынған мәліметтеріне сәйкес, өткен айдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жалпы 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 12 түрі қымбаттағанын айтты. Бұл да өңірде қымбатшылықтың қарқын алып бара жатқанын көрсетеді.

Баға тұрақтылығына жауапты басшылардың да бүгінде бірігіп жұмыс істемей отырғанын байқауға болады. Мәселен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановтың айтуынша, Алматы қаласы мен басқа да өңірлердегі құс тұмауының салдары өндірістің төмендеуіне әсер еткен. Сонымен қатар ол облыстың минималды сұраныстың 25 пайызын аталған өңірлер арқылы шешіп отырғанын, ал ол жақтағы өнім өндірушілер бағаны жем, дәрі бағасымен байланыстырып отырғанын айтты. Мәселен, өсімдік майының қымбаттауына былтыр тамыз айынан бастап шикізат бағасының 110 теңгеден 235 теңгеге дейін көтерілуі әсер етті. Бұл жағдай Алматы және Шығыс Қазақстан облысынан келетін өнімнің бағасына да әсер еткен. Қазіргі кезде «Шедевр», «Маслозавод» өнімдері өңірге орташа есеппен 620 теңгеден жеткізілуде. Бұл өнімдер бөлшек сауда орындарында 650 теңгеден сатылуда. Күнбағыс майының бағасын ұстап тұру шаралары әлеуметтік дүкендер мен негізгі 6 сауда желісі арқылы жүргізілген. Баға айырмасына байланысты қордағы 420 теңгенің майына тұрғындар тарапынан сұраныс артқан. Нәтижесінде, жыл басынан бері өсімдік майының 42 тоннасы өткізіліп, бүгінде қорда екі аптаға ғана жететін 9 тонна өсімдік майы қалған. «Тұрақтандыру қорын қалыптастыру жоспарына ұсыныстар «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына 12 ақпанда жолданған. Бірақ әзірге жауап ала алмай отырмыз. Бұл мекеме қоры жеткілікті картопты, қантты, сәбізді, пиязды, нанды жеткізу көлемін арттыру, ал қоры жеткіліксіз жұмыртқа, күнбағыс майын, қарақұмықты және тағы басқа тауарды қосымша сатып алу жөнінде берілген тапсырмаға сай жұмыс істемей отыр», дейді Қ.Аманов.

Аталған мекемеге бүгінге дейін ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан 11 хат жолданғанымен, оның ешқайсысына жауап берілмепті. Биыл тұрақтандыру қорындағы 632 млн теңгенің басым бөлігі айналым схемасы бойынша 14 субъектіге берілген. Бірақ кәсіпкерлердің белгілеген сауда орындарындағы бағаны тұрақтандыру және оны өткеру көлемін қамту шараларын сапасыз ұйымдастырғаны белгілі болып отыр. Ал картопты сату жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Мәселен, «Көкжиек» ЖШС ағымдағы жылғы қаңтар-ақпан айлары аралығына белгіленген 25 млн теңгенің өнімінің тек 5,6 млн теңгесін ғана қамтыған болса, картоп өндірушілерге несиеге берілген 127 млн теңгенің есебі мүлде жүргізілмеген. Бұл ретте тек «Байлық» және «Империя» жеке кәсіпкерлігі ғана өздеріне бекітілген тауар көлемін толық өткерген екен. Наурыз айының басында аталған жеке кәсіпкерліктер 56,4 млн теңгенің өнімін өткеріп, жоспарды 73 пайызға артығымен орындаған.

«Мониторинг барысында әлеуметтік дүкеннен басқа сауда орындарында төмендетілген бағамен өткізілетін өнімдер қатары анықталған жоқ. Керісінше, үлесі басым және несие алмаған «Лесняк» шаруа қожалығы сүт пен айранның бағасына оң әсер етуде. Сондай-ақ әр тоқсанға бекітілген өнімдерді өткізу көлемі расталмаған. Себебі дәлелді есептілікті ұсыну жұмыстары «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан ұйымдастырылмаған. Яғни сатылған тауардың орнын, көлемін және бағасын растауды жинақтамаған. Бюджет есебінен бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау жұмыстарын күшейту, шарт талаптарын орындамаған кәсіпкерлік субъектілерінің әрекетін заңға сәйкес тексеру қажет. Өз міндеттемелерін орындамаған субъектілерге айыппұл салып, қаржыны қайтаруды талап ету қажет деп санаймын», дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Дей тұрғанмен, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ атқарушы директоры Заңғар Кемеловтің айтуынша, қор есебінде картоп жеткілікті. Сондай-ақ ол аталған өнім бұзылып, жеуге жарамсыз болып қалмас үшін картопты серіктестіктердің қоймасынан шетінен алдырып, таратып отырғанын, сауда орындарына тауарларды жеткізуде жалғыз көлік барлық дүкенді бірден қамти алмай жатқанын айтты. Ал еліміздің Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Жандос Азимов өңірде жұмыртқа өндіретін «Аса-Даму» серіктестігі бағаны көтеруде заңсыздыққа жол беріп, бұл бойынша тиісті шара қолданылғанын жеткізді. Оның айтуынша, өсімдік майын өңірге жеткізумен айналысатын алматылық екі ірі компанияның бірі өнімді 8,8 пайызға, бірі 14 пайызға өсірген.

«Қазір ол компаниялардың әрекетін зерделеу үшін Алматы облысындағы әріптестерімізге хат жолдадық. Олар зерделеу нәтижесін жақын арада беретін болады. Қазір жұмыртқа өнімін де бізге кең көлемде Ақмола облысынан екі жеке кәсіпкер жеткізіп беріп отыр. Олардың бағаны негізсіз көтергенін, көтермегенін сол өңірдегі әріптестер анықтау үстінде. Сол секілді қанттың бағасын өсірген «Тараз» қант зауытының әрекетіне де бүгінде талдау жүргізіліп жатыр», дейді Ж.Азимов.

 Тараз қаласында орналасқан әлеуметтік дүкендердің алдынан таң атпай ала дорба арқалап, кезекте тұрған көптеген тұрғынды көруге болады. Таусылып кетпей тұрғанда тауарларды арзан бағамен алып қалғысы келіп жанталасқан жұрттың қарасы көп. Аталған дүкендер өзге сауда орындарынан сәл де болса арзан. Ал қаражатын үнемдеген қарапайым халық үшін қолжетімді бағадағы тауарлар қажет. Бірақ тиісті басшылар мәселені бір-біріне сілтеп, біріге алмай жүргенде, әлеуметтік тауарлардың бағасы тағы да өсіп кетіп жүрмесін деңіз...