Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтің мәліметінше, бұрын республикада бизнеске қойылатын талаптардың ұзын саны 30 мыңнан көп болған. Бертін құзырлы мекемелердің, мүдделі тараптардың тікелей араласуымен әлгі цифр 13 мыңға дейін қысқарды. Бұл да аз емес, әрине.
– Соңғы бес жылда прокуратура органдарымен бірлесіп, біршама шаруа тындырылды. Бизнеске қойылатын талаптар мен тексерулер санын қысқарттық. Кәсіпкерлердің шығынын азайтуға елеулі үлес қостық. Десе де, бұл саладағы шағым мен мәселе азайған жоқ. Мемлекет тарапынан жыл сайын бизнеске қатысты жаңа талаптар енгізіледі. Бүгінде оның нақты саны қанша екенін ешкім білмейді. 2019 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметпен бірге талаптардың нақты санын есептеп, қысқартуға тырысты. Сөйтсек Қазақстанда бизнеске қатысты 30 500 талап бар екен. Біз соны 13 мыңға дейін азайттық, – дейді Р.Жүрсінов.
Бизнес-омбудсменнің пікірінше, бизнесті тексеру үдерісін автоматтандыру қадамы жыл сайын сәтсіздікке ұшырауда. Өйткені қызметтердің дені мемлекеттік органдардың талаптарын дұрыс ескермей цифрландырылған. Салдарынан цифрлық бей-берекетсіздік қалыптасып отыр. Бір кәсіпкерді жыл сайын тексереді. Ал құзық бұзушыларға назар аударылмайды. Есеп беру және тексеру жүйелері біріктірілмеген.
– Осыдан екі жыл бұрын Бас прокуратурамен бірге зерттеу жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша еңбек инспекциялары жүргізетін тексерістің 63 пайызы өндірісте жазатайым оқиға орын алғаннан кейін ғана қолға алынады екен. Ал экологиялық инспекциялар тарапынан қолға алынатын тексерулердің 81 пайызы тиісті есепті тапсырмағаннан кейін ғана жүргізілетіні анықталды. Иә, бұл зерттеу осыдан екі жыл бұрын жасалды. Бірақ жағдай сол күйі өзгерген жоқ, – дейді бизнес-омбудсмен.
Р.Жүрсіновтің пікірінше, мемлекеттің реттеу саясаты бизнестің сенім дәрежесіне негізделмеген. Мемлекеттік органдар көбінесе мәселелерді реттеуге тырысады. Ал бұл жағдай бизнестің мемлекетке деген сенімсіздігін тудырады. Мемлекет басшысының бұған ерекше назар аударып отырғаны да сондықтан. Президент 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында реттеу саясатының базалық қағидаттарын өзгерте отырып, бәрін жаңадан бастау керектігін тапсырды.
– Реттеу проблемаларын жүйелі түрде шешу үшін мемлекеттік реттеудің шегі мен шекарасын айқындап алуымыз керек. Мемлекеттік реттеуді енгізу үшін адамдардың өмірі мен денсаулығына, экологияға, құқық пен имандылыққа қатысты тәуекелдер негіз болуы тиіс. Яғни тәуекел болмаса, реттеудің де қажеті жоқ. Тәуекел бар екен, мемлекет реттеуді енгізуге міндетті. Мемлекеттік реттеу бизнес үшін де, мемлекет үшін де аса бір жоғары талаптардан тұрмауы керек. Ол технологияның даму деңгейіне сәйкес келуі шарт және ақылға қонымды, жүйелі және дәйекті болуы қажет. Бизнес үшін негізсіз кедергілер туғызбауы тиіс, – дейді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл.
Шынында да, бизнеске қойылатын талаптар негізді, ашық, болжамды, тұрақты, орындалатын болуы керек. Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігін қамтамасыз етуі тиіс. Осы шарттар орындалған жағдайда ғана жаңа талап енгізілуі мүмкін.
– Тиісті құралдар болмаса заңның да жұмыс істемейтінін түсіну маңызды. Сондықтан біз Міндетті талаптар тізілімін енгізуді ұсынамыз. Бұл бизнеске қойылатын барлық талаптың толық тізбесін қамтитын бірыңғай база болады. Реттеудің барлық түрін қайта қарауға үш жыл берілді. 2024 жылғы 1 қаңтардан талаптар жұмыс істей бастайды. Ал мемлекеттік реттеудің жаңа қағидаттарына сәйкес келмейтін талаптар заңсыз деп танылады, – деді Р.Жүрсінов.
Әрине, барлық саланы бірден қамту мүмкін емес. Сондықтан әуелгі жұмысты кәсіпкерлер көп шоғырланған 4 саладан бастау ұсынылып отыр. Яғни алдымен сауда, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтану, көлік салалары қамтылады. Елдегі кәсіпкерлердің 60 пайызы дәл осы төрт салаға тиесілі.
– Бұл күш-жігерімізді белсенді іс-қимылдарға, бизнесті реттеудің тиімді жүйесін құруға бағыттаудың бірегей мүмкіндігі, – дейді бизнес-омбудсмен.