Аймақтар • 17 Наурыз, 2021

Жігерсіз жігіттер Жапонияға жете алмайды

1410 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ташкентте өткен Grand Slam турнирінен кейін әлемдік рейтинг қайта жаңартылды. Сол жарыста 60 кило салмақ дәрежесінде күресіп, күміс медальді иеленген Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем және құрлық чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Елдос Сметов мықтылар тізімінде үш сатыға жоғарылады. Қазіргі кезде ол екінші орынды иеленуде. Әзірге Қазақстанның дзюдо күресі шеберлері арасындағы ең үздік нәтиже осы.

Жігерсіз жігіттер Жапонияға жете алмайды

Мақтаулы Елдос Сметовтен бөлек, тағы бір қандасымыз «ТОП-10» дзю­дошының қатарына еніп отыр. Ол – Гұсман Қырғызбаев. Аталған балуан да аса жеңіл салмақта өнер көрсетеді. Гұсман Өзбекстандағы турнирге қа­тысқан жоқ. Бірақ соған қарамастан әлемдік рейтингтегі 10-орнын сақтап қалды. Сол секілді 66 кило салмақ дәре­жесінде де қазақстандық татами шебер­лерінің орындары өзгеріссіз қалып отыр. Атап айтсақ, қазіргі кезде Ерлан Серікжанов 11-орынды иеленсе, Елдос Жұмаханов 25-сатыға жайғасқан.

Есесіне 73 кило салмақ дәрежесіндегі жағдайымыз жақсарды. Бетке ұстар балуанымыз Жансай Смағұлов Ташкентте өте тамаша өнер көрсеткені өздеріңізге мәлім. Ұлыбритания, Швейцария жә­не Өз­бекстанның өкілдерін жолы­нан оңай ығыстырған ол жартылай фи­­налда армениялық Фердинанд Ка­ра­­петянды қапы қалдырды. Ақтық ай­қаста төрешінің өрескел қателігі салдарынан моңғолиялық Ценд-Очирин Цогтбаатарға жол берді. Сөйтіп, Жан­сай күміс медальді қанағат тұтуға мәжбүр болды. Десек те финалға дейін жеткенінің арқасында ол үздіктер тізімінде бірден бес сатыға жоғарылады. Бұл күндері Смағұлов 14-орынды еншілеуде.

Ташкенттегі турнирде 81 кило сал­мақта екі жерлесіміз күш сынас­ты. Өкі­нішке қарай, екеуінің де жо­лы бол­мады. Руслан Мұсаев екінші айналымда сүрінсе, Дидар Хамза үшінші кезеңде жер сипап қалды. Қазіргі кезде әлемдік рейтингте Дидар 27-орында тұр­са, Руслан 45-сатыға тұрақтады. Әрине, бұл көңіл көншітерлік нәтиже емес. Егер жерлестеріміздің жаз айларында Жапонияға барып, Олимпия ойындарының көрігін қыздырсақ деген жоспары болса, онда дереу намысты қамшылап, іріктеу сындарында барынша нәтижелі өнер көрсетуге талпынулары қажет.

90 кило салмақтағы Ислам Бозбаев­тың да нәтижесі бірте-бірте нашарлап келеді. Қазір ол 19-орынды місе тұ­туда. Ал алыптармен айқасып жүр­ген нар тұлғалы жігіттеріміздің хал­дері тіптен мүшкіл. Бүгінгі таңда 100 кило салмақтағы Айбек Серік­баев 52-орында тұрса, +100 кило сал­мақтағы Ер­асыл Қажыбаев 37-сатыға жай­ғас­қан. Әрине, дәл осындай қарқынмен олардың Жа­понияға жете алмайтыны анық.

Байыптап қарасаңыздар, қазіргі кезде Жапония құрамасының қарқыны өте күшті. Күншығыс елінің алты балуаны әлемдік рейтингте «ТОП-5» балуанның қатарына еніп отыр. Олардың екеуі мықтылар көшін бастап тұр. Грузияның бес дзюдошысы дәл сондай құрметке бөленіп отыр. Қап тауы қырандары арасында бір көшбасшы бар. Сондай-ақ Ресей, Нидерланд және Израильдің де аяқалысы қуантады. Бұл мемлекеттердің әрқайсысынан үш балуаннан үздік бестіктің қатарында.

Дәл осы тұста бізге де намысты қам­шылау қажет. Өйткені дәл қазіргі кезде Елдос Сметов, Ғұсман Қырзызбаев, Ерлан Серікжанов және Жансай Смағұловтың ғана өнері көрермендер көңілінен шығуда. Орта салмақтағы балуандарымыздың жағдайы орташа. Олардың да мардымды өнер көрсете алмай жүргеніне біраз уақыт болды. Ал ауыр және аса ауыр салмақтағы жігіт­теріміздің нәтижесі өте төмен. Егер жуық арада осы кемшіліктерді түземесек, онда Токио татамиінде Қазақ елінің санаулы ғана дзюдошыларын көретініміз анық.

Ерлер арасында әлемдік рейтингтің үздік бестігі

60 кило: 1.Рюдзю Нагаяма (Жапония), 2.Елдос Сметов (Қазақстан), 3.Роберт Мшвидобадзе (Ресей), 4.Наохиса Такато (Жапония), 5.Шарафутдин Лутфуллаев (Өзбекстан).

66 кило: 1.Мануэль Ломбардо (Италия), 2.Важа Маргвелашвили (Грузия), 3.Хоширо Маруяма (Жапония), 4.Ан Баул (Оңтүстік Корея), 5.Баруш Шмайлов (Израиль).

73 кило: 1.Соити Хасимото (Жапония), 2.Рустам Оруджев (Әзербайжан), 3.Ан Чанг Рим (Оңтүстік Корея), 4.Тохар Бутбул (Израиль), 5.Артур Маргелидон (Канада).

81 кило: 1. Маттиас Касс (Бельгия), 2.Саги Муки (Израиль), 3.Тато Григалашвили (Грузия), 4.Вебат Әлбайрақ (Түркия), 5.Франк Де Вит (Нидерланд).

90 кило: 1.Николоз Шеразадишвили (Испания), 2.Ноэль ван ’т Энд (Нидерланд), 3.Лаша Бекаури (Грузия), 4.Филиппе Сильва Моралес (Куба), 5.Неманья Майдов (Сербия).

100 кило: 1.Варлам Липартелиани (Грузия), 2.Петер Пальчик (Израиль), 3.Михаэль Коррел (Нидерланд), 4.Жорже Фонсека (Португалия), 5.Нияз Ілиясов (Ресей).

+100 кило: 1.Лукаш Крпалек (Чехия), 2.Инал Тасоев (Ресей), 3.Гурам Тушишвили (Грузия), 4.Хисаёши Харасава (Жапония), 5.Кокоро Кагеура (Жапония).