Ел экономикасын өзгерткен жоба
2010 жылы республикада Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаның 2010-2014 жылдарға арналған бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша өңдеу саласы өнеркәсіптегі өсудің негізгі драйверіне айналды. Осылайша он жылдан аса уақыт бойы жүргізіліп келе жатқан индустриялық-инновациялық дамудың дұрыс саясаты экономиканы әртараптандыру үдерісін бастауға негіз болды.
Бастау биігінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрған мемлекеттік бағдарлама тиімділігін дәлелдеп қана қоймай, болашақтағы батыл қадамдарға жол ашты. Соның нәтижесінде экономиканың бірқатар саласы мен секторының келбеті, құрылымы түбегейлі өзгерді. Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары өнімнің жаңа түрлерін игере бастады. Мәселен, металлургия саласында болаттан жасалған дайын бұйымдар өндірісі пайда болды. Қазақстан радиатор, сым, рельс секілді дайын өнімдерді ұсына бастады. Ел ішінде бастапқы алюминийді қайта өңдеу ұлғайтылды. Сөйтіп алюминийден сымдар, профильдер, қорытпалар, дискілер шығарыла бастады.
Мемлекеттік бағдарламаның игілігі сол, бүгінде әлемдік титан өндірушілердің арасында Қазақстанның маңдайы жарқырап тұр. Титан құймалары мен қорытпаларын өндіретін зауыт іске қосылған соң елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа өндіріс басталды.
Индустрияландыру Қазақстанның машина жасау саласында жаңа бағыттарды құруға мүмкіндік берді. Мәселен, ірі темір жол машиналарын (локомотивтер, жолаушылар вагоны), қазіргі заманғы мұнай-газ машиналарын жасауға (тиек арматурасы, сорғылар), сондай-ақ электртехникалық жабдықтың (трансформаторлар, басқару қалқандары, автоматты ажыратқыштар) бәсекеге қабілетті өндірісін қалыптастыруға жол ашты.
Химия өнеркәсібінде натрий цианиді, аммоний сульфаты, экстракциялық фосфор қышқылы, аммофос, азот-фосфор тыңайтқыштары секілді жаңа күрделі өндірістер пайда болды. Қазір қазақстандық аграршылардың 80 пайызы отандық өніммен қамтамасыз етілген.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми мәліметінше, бүгінде әлемдегі 131 мемлекет Қазақстанда өндірілген өнімді тұтынып отыр. Қазақстандық өнімнің негізгі тұтынушылары қатарында Қытай, Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропалық одақ елдері бар. Сыртқы нарықтарға шамамен 49 жаңа тауар түрі шығарылды.
Экспорт еселеп өскен кезең
Индустрияландыру елдің экономикалық байлығына қол жеткізудің негізгі құралына айналды. Өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда мемлекеттің таңдап алған бағытының дұрыстығын индустрияландырудың нәтижелері растап отыр. Осылайша, экономиканың құрылымы өзгерді. Ішкі жалпы өнім құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі айтарлықтай өсті. Көрсеткіш 2009 жылы 10,9 пайызды құраса, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 12,7 пайызға тең болды. 2009 жылдан бері Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 4,1 есе ұлғайды. Яғни көрсеткіш 17 трлн теңгеден 70,1 трлн теңгеге дейін (2020 жыл) өсті. 2019 жылы өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құны 2009 жылмен салыстырғанда 4,8 есе артып, 8,9 трлн теңгені құрады.
QazІndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығының хабарлауынша, 2020 жылы өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 2009 жылмен (378 млрд теңге) салыстырғанда 2,8 есе өсіп, 1 трлн 62,7 млрд теңгеге жетті. Былтыр инвестициялардың негізгі ағыны металлургия өнеркәсібі (362,2 млрд теңге немесе секторға тартылған жалпы инвестиция көлемінің 35 пайызы), химия өнеркәсібі (298,1 млрд теңге немесе 28,8 пайызы), тамақ өнімдерін өндіру (103,9 млрд теңге немесе 10 пайыз), өзге де металл емес минералдық өнімдер өндіру (67,5 млрд теңге немесе 6,5 пайыз), мұнай өңдеу (59,2 млрд теңге немесе 5,7 пайыз) кәсіпорындарын дамытуға бағытталды.
2015-2019 жылдары Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде құрылыс индустриясында, азық-түлік өнімдерін өндіруде, металлургияда, машина жасау саласында, химия өнеркәсібінде және фармацевтикада ірі жобаларды іске асыру үшін GLOBAL-2000 трансұлттық корпорациялар тізіміне енген 28 инвестор тартылды. Олар біздің елге 6 млрд доллар көлемінде инвестиция құйды. Қазіргі уақытта Қазақстанда трансұлттық корпорациялардың қатысуымен 625 млн долларға 7 жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 985 жұмыс орнын құру жоспарланған.
2020 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің еңбек өнімділігі 2009 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге ұлғайды. Яғни адам басына шаққандағы көрсеткіш 23,1 мың доллардан 36,7 мың долларға дейін өсті. Бүгінде көлемі 1 млн долларды құрайтын өңдеу өнеркәсібінің өнімі әлемнің 79 еліне жеткізіледі. 13 мемлекеттің экспорты 100 мың доллардан (40 млн теңгеден) басталып, 1 млн долларға дейін жетеді. Ал 39 елдің экспорты 100 мың доллардан кем.
Былтыр Қазақстан алғаш рет машина жасау және металлургия өнімдерін (жалпы сомасы 5,3 млрд долларға тең) Багам аралдарына, Гайана және Кайман аралдарына экспорттай бастады. Сондай-ақ 29,7 мың доллар көлеміндегі сомаға Ресей Федерациясына цифрлы бағдарламалық басқаруы бар бұрғылау және фрезерлік станоктарды, Мексикаға басқа топтамаларға енгізілмеген арнайы мақсаттағы механикалық машиналар мен құрылғыларды экспортқа шығара бастады. Бұдан бөлек, металлургия, машина жасау, құрылыс материалдары, химия, фармацевтика, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі өнімдерінің 507 түрі бойынша жаңа өткізу нарықтары ашылды.
Өңдеу өнеркәсібі өркен жайды
2009 жылмен (2,9 трлн теңге) салыстырғанда былтыр өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 4,4 есе өсіп, 13 трлн теңгені құрады. Индустрияландыру жылдарында өңдеу өнеркәсібі өндірісінің жиынтық көлемі 84,4 трлн теңгеден асты. Индустрияландырудың 10 жылында (2010-2019 жылдары) шамамен 8,4 трлн теңгеге 1 326 жоба іске асырылды. 201,4 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Оның ішінде индустрияландырудың екінші бесжылдығында (2015-2019 жылдары) шамамен 50 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.
Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарынан түсетін салықтық түсімдердің көлемі 2019 жылы 2009 жылмен (450 млрд теңге) салыстырғанда 3 есе өсіп, 1 трлн 497 млрд теңгені құрады. 2009 жылдан 2019 жылға дейін өңдеу өнеркәсібінен 9 трлн 651 млрд теңге көлемінде салық жиналды. Бүгінде өңдеуші өнеркәсіптен түсетін салықтар индустрияландыру саясатын іске асыруға жұмсалған шығындардан 6,5 есе артып отыр. Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарынан түсетін салық түсімдері ауыл шаруашылығы, көлік және сауда салаларының көрсеткішінен әлдеқайда жоғары.
Өңдеу өнеркәсібіндегі бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 2019 жылы 209,4 мың теңгені құрады. Көрсеткіш 2009 жылмен (69 мың теңге) салыстырғанда 3 есе артқан. 2015 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары, оның ішінде тамақ өнімдері, кокс және мұнай өңдеу өнімдері, химия және фармацевтика өнеркәсібі, металлургия өндірісінде, автомобильдер, электронды және оптикалық жабдықтар өндірісіндегі қызметкерлердің табыс деңгейі орта есеппен 50 пайызға өсті.
Үшінші бесжылдық – ұтымды мүмкіндік
Қазақстан индустрияландырудың бірінші және екінші бесжылдығын ойдағыдай аяқтап, үшінші бесжылдыққа үлкен үмітпен аяқ басқаны белгілі. Үшінші бесжылдық өңдеу өнеркәсібінің экспортқа бағдарланған бағытын одан әрі жалғастыруда.
Индустрияландырудың үшінші кезеңінің мақсаты – өңдеу өнеркәсібінің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Аталған мақсатқа жету үшін бірқатар міндет жүктелді. Атап айтқанда, индустриялық кәсіпкерліктің әлеуетін арттыру арқылы индустрияландыруды тереңдету, ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өңделген тауарлардың өндіріс көлемін ұлғайту әрі номенклатурасын кеңейту, базалық өндірістерді дамытуды ынталандыру және стратегиялық жобаларды іске асыру арқылы өнеркәсіптік қуатты ұлғайту, сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіп салаларын технологиялық дамыту және цифрландыру міндеті алға қойылды.
Бұл ретте Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған кезеңінде негізгі мақсатқа қол жеткізу 5 нысаналы индикатормен өлшенетін болады. Яғни осы аралықта өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 2018 жылғы деңгейден 1,6 есе, экспорт көлемі 1,9 есе, негізгі капиталға салынған инвестицияның нақты көлем индексі 1,6 есе өсуі керек. Сондай-ақ 2018 жылғы деңгейге қарағанда экономикалық белсенді халықтың 1 мың адамына шаққанда өңдеуші өнеркәсіптің жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарының санын 1,5 есе ұлғайту қажет. Бесінші индикатор – Экономикалық күрделілік индексінде 78-орыннан 55-орынға көтерілу (-0,31 балдан 0,14 балға дейін).
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған мақсат-міндеттерін табысты жүзеге асыру үшін мемлекеттік ынталандырудың жүйелі шаралары құрылған. Ол индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің бәсекелестік артықшылықтары мен экспорттық мүмкіндіктерін тұрақты дамытуға бағытталған. Сондай-ақ ішкі нарықты және экспорттық әлеуетті қамтамасыз етуге бағдарланған орташа және жоғары бөліністегі 4 мыңнан астам тауар іріктеліп алынды. Мемлекеттік қолдау шаралары тауарлардың аталған түрлерін өндіретін кәсіпорындарға ұсынылатын болады. Бұл шектеулі қаржы ресурстарын жоғары әлеуетті жобаларға шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Индустриялық саясатты табысты іске асыру үшін қарапайым заттар экономикасы шеңберінде басым жобаларға жеңілдетілген кредит беруді жетілдіру бойынша іс шаралардың жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн. Сондай-ақ карантин салдарынан зардап шеккен отандық кәсіпорындарды экономикалық қолдауды қамтамасыз ету мақсатында экономикалық өсуді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар іске асырылуда. Жеңілдетілген кредит беруді және қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін 2020 жылы Үкімет қаулысымен Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылды. 2020 жылы «Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік саясаты туралы» заң жобасы әзірленді. Ол қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде қарастырылуда.
ТҮЙІН: Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, индустриялық даму – елдің жаңа мүмкіндіктері. Ал Қазақстанның табысты индустриялық держава атануға мүмкіндігі зор. Өйткені индустрияландыру бүгінде жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналды. Оның нәтижелері мұнай бағасы күрт төмендеген кезеңдерде негізгі тұрақтандырушы факторлардың бірі болғанын жақсы білеміз. Сондықтан жоғары еңбек өнімділігі бар қайта өңдеу секторына деген бағдар елді де, экономиканы да жүрісінен жаңылдырмасы анық.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»