Алтайдың төскейін тел емген Катонқарағай мен Марқакөлдің тұрғындарына алтыннан сарай тұрғызса да көшкен ел тоқтамайды. Қос қолға жұмыс таппаса, өркениеттен қалыс қала берсе, медицинасы ол ақсап жатса, көшпегенде?! Шекара шебіндегі
аудандарды дамыту үшін 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық жоспар құрылғанымен, кейбір тұстары ауылдағы ағайынның көңілінен шыға бермейді. Бөлінген қаржыны далаға шашу деседі.
Рас, «шықпа жаным, шықпаның» кебін киіп отырған марқакөлдіктер үшін би билеп, ән айтатын су бұрқақ қажет пе еді? Оның үстіне бағасы да баршылық, 40 млн. теңгенің маңайында көрінеді. Бәйтерек ше, оның қандай қажеті бар? Марқакөл ауылында бес тұрғын үйдің құрылысы басталғанын да жазған едік. Бірақ деймін, елді бес тұрғын үйден бұрын бос тұрған үйлер мазалайды. Катонқарағайда да дәл осы жағдай...
«Орманға оранып отырып, отынға жарымаймыз»
Басшылық бір сәт «Халық неге көшеді?» деген сұрақты өздеріне қойып, соған жауап іздесе шіркін. Іздесе дейміз, іздеудің қажеті жоқ. Түсінікті бәрі. Отын-шөп дедік жоғарыда. Ауылдықтар үшін ол – үлкен мәселе. Мысалы, Катонқарағайдың ауылдары ұлттық парк аумағында жатқандықтан, албаты ағаш отай алмайсыз. Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары Арнас Ауғанбаевтың айтуынша, жылына 10-12 мың текше метр отындық және кәделік ағаш босатылады. Оны бөлгенде, әр отбасыға 2-4 текше метрден келеді.
– Жұрт мемлекеттік ұлттық табиғи парк жергілікті тұрғындарды отынмен қамтамасыз ететін емес, табиғатты қорғау мекемесі екендігін ескерсе екен. Отын қоры азайып бара жатқандықтан, алдағы уақытта жергілікті тұрғындарды толық көмірмен жылытуға көшіргендері абзал. Ол үшін халық көмірді қолжетімді бағамен сатып алатындай жағдайға жету керек. Сондай-ақ жел жыққан ағаштарды жинап алуға рұқсат беретін құжаттардың ресімделуін жеңілдету қажет, – дейді ұлттық парк директорының орынбасары Арнас Ауғанбаев.
Білуімізше, отын техника жете бермейтін қия беткейлерден босатылады. Жеткізудің өзі әуре. Сол үшін де «орманға оранып отырып, отынға жарымаймыз» деп ренжиді жұрт. Ал көмірдің бағасы удай қымбат. Марқакөл өңірінде тоннасы 20-23 мың теңгенің маңайында болса, Катонқарағайда 18-20 мың теңгеден саудаланады. Орта есеппен алсақ, қыстан шығу үшін отын-көмірге 120-130 мың теңге жұмсайды. Ауылдағы ағайын үшін ол аз ақша емес. Одан бөлек, жем-шөптің шығыны мен әуре-сарсаңы және бар.
– Әрине ұлттық парк болғандықтан, орманды беталды отай беруге болмайды. Бірақ халыққа 2 текше метр отын аздық етеді. Көмір тым қымбат. Менің ойымша, су жолын пайдаланып, көмір бағасын төмендетуге болатын сияқты. Ал мекемелерді, электр жүйесі арқылы жылытуды қолға алсақ дұрыс па деймін. Оған «түнгі тариф» дегендей жеңілдіктерін қосса, тіптен тиімді болады. Оның үстіне ауаны да ластамаймыз. Ертеңгі күндері мектебімізді электр арқылы жылытуды жоспарлап отырмыз, – дейді Өрел орта мектебінің директоры, Катонқарағай аудандық мәслихатының депутаты Әмина Жұмағұлова.
Иә, су жолы арқылы баржамен көмірді Үлкен Нарынға, Күршімге дейін жеткізсе, анағұрлым арзанға түсер ме еді?! Міне, елдің тұрмысын жақсарту үшін осындай тетіктерді ойластырған жөн.
Катонқарағайда 13 ауыл жоғалуы мүмкін
Сондай-ақ көрікті жерлерде туризмнің тасы өрге домаласа, көпшілік ел кәсіп ашып, нәпақа табуға мүмкіндік туар еді. Қазірдің өзінде Катонқарағай ауданында тұрып жатқан үйлерін туристерге жалға беріп, 2 млн 300 мың теңгеден грант алып жатқандар бар. Аудандық тұрақты дамыту қорының атқарушы директоры Серік Жүнісовтің айтуынша, ол ақшаға су тартылып, дәретхана салынады. Қысқасы, демалушыларға қажетті жағдай жасалады. Ескерте кетсек, аталған грантты тек ауыл тұрғындары ғана ала алады екен.
– Ауданға шетелден келетін туристер саны артқанымен, ауыл тұрғындары жыл сайын азайып барады. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, бес жыл ішінде Катонқарағай ауданында 13 ауыл жоғалуы мүмкін. Біз ауыл тұрғындарының қалаға көшіп кетуін азайтып, туризмді дамытуымыз керек. Өз тарапымыздан кәсіп ашамын дегендерге қолдау көрсетіп отырмыз. Катонқарағай, Өрел, Берел ауылдарының тұрғындары үйлерін жалға береміз десе, грант береміз, – деді Серік Жүнісов.
Қазақстаннан ғана емес, алыс-жақын шетелдерден де туристерді тарта отырып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға әбден болады. Ауданның қарсы алатындай қауқары болса, Төр Алтайдың төскейінде туристерге қызықты жер жетеді. Ал Марқакөл өңіріне жол салынбаса, туризмді дамыту былай тұрсын, халық қалмайды. Қытаймен шектесіп жатқан түу түкпірі – Балықты бұлақ, Шанағатты, Ұранхай ауылдарында ел жыл сайын сиреп барады. Есесіне, жағалауын балдыр басқан көл жатыр. Марқакөл. Саяхатшыларды тартып, табыс табуға таптырмас орын. Белгілі блогер-саяхатшы Дарын Нұрсапардың пікірінше, Марқакөлдегі халықты ұстап қалудың бірден-бір амалы – Катонқарағаймен екі ортаны жалғап жатқан ескі аустриялық жолға асфальт төсеу. Сонда ғана шекара шебіне қан жүгіреді.
– Көлдің жағасында Ұранқай деген жұпыны ауылдан басқа түк жоқ. Келген адам судың жағасында жарты сағат тұрып, суретке түсетін шығар. Одан қайтадан жолсызбен артқа қайтуы керек пе? Осы жерде саяхатшының алдында ең басты мақсаты болуы керек. Яғни фишка – үлкен Алтайды астындағы көлігімен асып өту. Ол – ескі аустриялық жол. Марқакөлдің жағасынан шығып, Шыңғыстайдан бірақ түсетін ирек асуы. Ұзындығы – 90 шақырым. Жол жоқ емес, бар. Осыдан 104 жыл бұрын салынған. Тек жөндеу керек оны. Тозығы жеткен 5 көпірді жаңартып, жолды сәл кеңейтіп асфальт төсеп тастаса шіркін, – дейді Дарын Нұрсапаров.
Бұл ұсынысқа жол салушы мамандар «мүмкін емес деп» күле қарауы да мүмкін. Алайда 100 жыл бұрын осы жолды техникасыз, тендерсіз-ақ қайла-күрекпен еуропалық тұтқындар екі-ақ жылда салып шықты емес пе?! Ағаш көпірлері әлі тұр. Блогер-саяхатшының ойынша, бұл жол салынса «Үлкен Алтай шеңбері» деп атауға болатын ауқымды туристік автосаяхат бағыты пайда болар еді. Жолай Күршімнің тұсындағы Қиын керішті көріп, Марқакөлге шомылып, балығын аулап, жаңартылған ескі аустриялық жолмен Алтай тауын асып өтіп, Катонқарағайды аралап қайту қазақстандық саяхатшылардың «қажылығына» айналар ма еді?
Шығыс Қазақстан облысы
Суреттерді түсірген автор