Жыр дүлдүлі Жамбылдың терең мазмұнды рухани мұрасын зерттеу мен зерделеуді арқау еткен дөңгелек үстел басында тарихшылар ақын мұрасын халқымыздың рухани игілігіне айналдыру бағытындағы тұжырымдарын ортаға салып, руханият әлеміндегі, сонымен бірге өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі мәні мен маңызы тұрғысындағы ғылыми негізді ойларын ортаға салды.
Замана үнін ақын жанымен жырлаған Жамбыл мұрасынан суырып салмалығы, кестелі сөздің шебері, ұшқыр ойлы, тапқыр шешендігі айқын көрінеді. Ақынның жауһар жырларының отандық ғылым үшін ауқымы кең. Жамбыл шығармашылығы Қазақстан тарихшыларын тарихи объективті шындықтан ауытқымай зерттеуге үйретеді. Жамбыл жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытуы күдік тудырмайды. Жамбыл – ізгілік жолындағы азатшыл азаматты нәсіліне, ұлтына бөлмеген шын мәніндегі жасампаз ақын. Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Жамбыл – жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Халықтық жырдың негізінде немесе жыраулар поэзиясының үлгісінде бүгінгі мен өткенді сабақтастыра жырлайтын ақындар сол кезеңде жоқтың қасы болатын. Жамбыл сол үрдісті қалыптастыра білді. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді.
Осы мазмұнда жалғасын тапқан дөңгелек үстел барысында Қазақстанның тарих ғылымында Жамбыл Жабаевтың рухани мұрасын пайдаланудың және дамытудың жаңа жолдары қарастырылды. Жамбылдың рухани мұрасының Қазақстан тарихына ықпалын сараптай келе республикалық онлайн дөңгелек үстелге қатысушылар ақынның рухани мұрасының тарихи қарларын зертеуге арналған гранттық қаржыландыру жобаларын дайындау және ұсынуға байланысты және де дәуір тарихына қатысты пікірлерін, көзқарастарын, идеяларын сараптауға арналған кешенді зерттеулер жүргізуді, Жамбыл есімі жаңашылдықтың үрдісінде көш бастайтын, шығармашылығы әлі де зерттеуді қажет ететін бірден-бір тұлға болғандықтан ғылыми-зерттеу институттары, университеттер бірлесіп, ақынның өмірі мен қызметіне арналған жинақты жарыққа шығаруды ұсынды. Сондай-ақ, тарихшы ғалымдар Жамбылдың өмірі мен қызметіне, шығармашылығына арналған мақалаларды тарихи энциклопедияларға, оқулықтарға, көптомдық Қазақстан тарихына енгізу, ақынның рухани мұрасы негізінде қазақстандық отаншылдықты, еңбексүйгіштікті, гуманизмді, шыншылдықты тәрбиелеу, тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасын жасаумен қатар ұлттық құндылықтарға, оның ақтаңдақ беттеріне қатысты ой-пікірлерін, идеяларын жүйелеу арқылы оларды халықтың рухани игілігіне айналдыру жолдарын көрсетуге байланысты мәселелерді ортаға салды.