Қаладағы көшбасшы әйелдер қосылған шараға Алматы қаласы жасыл экономика басқармасы мен Жетісу ауданы әкімінің аппараты мұрындық болды. Жасыл экономика басқармасы көшеттермен, қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етті.
«Қазіргі әлемде әйелдердің рөлі ерлер сияқты маңызды. Бүгінде әйелдер қоғам өмірінде, қалаларда, саясатта, экономикада, медицинада және басқа да салаларда бар. Бүгін әйелдерді символдық түрде ағаш отырғызуға шақырдық және бұл жерге «Әйелдер аллеясы» деген атау қойдық. Бұл еркіндіктің, даналықтың, сұлулық пен батылдықтың символы», деді жасыл экономика басқармасының бастығы Наталья Ливинская.
Әйелдер аллеясы Жетісу ауданының Көкжиек шағын ауданында орналасқан. Бұл аумаққа барлығы 4 500 көшет отырғызылады. Көгалдандырудың нәтижесінде бұл аумақ дамиды. Жасыл экономика басқармасының өкілдері ағаш отырғызып қана қоймай, екі жыл бойы күтіп-баптаудың маңызды екенін жеткізді. Отырғызылған жасыл желектерді үнемі суару, бұталау, минералдандыру және топырақты қопсыту қажет. Биыл Алматыда 350 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Ал үш жылдың ішінде 1 млн жасыл желек отырғызылады.
«Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген халқымыз ағаш отырғызуды бала тәрбиесімен тең көрген. Бүгінде экологияның тазалығына көңіл бөлу – өзекті мәселе. Алматы экологиялық ластану жағынан алдына қала салмайды. Мәселен, 2020 жылдың ақпанында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мирзағалиев мегаполисте атмосфераны ластайтын қалдық заттың көлемі 2,4 млн тоннаны құрағанын айтты. Министр егер ешқандай шара қолданылмаса, бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 3,6 млн тоннаны құрайтынын мәлімдеді. Осы орайда Bugin Association қоғамдық бірлестігі «Bugin-экология» көгалдандыру жобасы аясында Алматы қаласын көгалдандыру ісін қолға алды. Бұл шара 20 наурызда Желтоқсан саябағынан бастау алады. Жоба жетекшісі Әлібек Қайратұлы: «Келіп өз ағашыңызды отырғызыңыз! Біз сізді күтеміз!», дейді. Бұл жоба тал егіп, ағаш отырғызу арқылы қоғамға игі іс жасауды көздейді. Бастама 1,5 млн теңге қаражатты қажет ететін болса, оның жартысын Bugin Holding компаниясы берген. Ал қалған қаражатты қоғам еріктілері жинап жатыр.
Сондай-ақ соңғы күндері қаладағы Гагарин мен Березовский көшелерінің қиылысында жайқалып тұрған үш теректің заңсыз кесілуі тұрғындар наразалығын тудырды. Ағаштарды кесуге байланысты жасыл экономика басқармасына өтініш түспеген. Табиғат қорғау прокуратурасының мәліметінше, ағашты заңсыз кесушілерге ҚР ӘҚБтК-нің 386-бабы «Жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау ережелерін бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Ендігі жерде кесілген ағаштардың орнына өтемақы ретінде 60 көшет отырғызылады.
АЛМАТЫ