Аймақтар • 18 Наурыз, 2021

Атымтай азаматтар ауылға қолдау көрсетуде

587 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл өңірінен шыққан жомарт жүректі азаматтар бүгінде ауылдың өркендеуіне үлес қосып келеді.

Атымтай азаматтар ауылға қолдау көрсетуде

Елімізде бастау алған «Туған жер» жобасын қолдаған кәсіпкерлер елге пайдалы жұмыс атқаруда. Мәселен, қазіргі кезде Шу ауданы Ақсу ауылының тумасы Болат Тілеужанов ауылдың ортасынан аумағы 1 гектар болатын жерге жалпы құны 30 млн теңгені құрайтын саябақ салып жатыр. Ол – бүгінде Шымкент қаласында шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкер. Бірақ ауылдан шалғай жүрсе де туған топырағына деген ыстық ықыласын, ауыл тұрғындарына деген құрметін ұмытпаған.

Бұл күнде зертханадан саябақ ішіндегі топырақтың тиісті қо­ры­­тындысы алынып, Наурыз ме­рекесі қарсаңында алқапқа тал-дарақтар егу жұмыстары басталып кетті. Мұнда тұрғындар үшін арнайы сахна мен сәнді сәкілер салынады. Сонымен қатар саябақтың кіреберісінде еңселі арка мен күзетшіге арналған бөлме де болады. Ал жаңа саябақтың ішінен балалардың ойын алаңы да салынады деп жоспарлануда. Сондай-ақ бұл жерге ауылдан шыққан белгілі азаматтар мен еңбек ерлерінің есімдері жазылған ескерткіш-тақта да орнатылады. Жаңа салынып жатқан саябақ ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр. Ауылдықтар да кәсіпкердің бұл бастамасына қолдау көрсетіп, алғыс білдіруде. Осы орайда Бо­лат Тілеужанов өскен ортасын өр­кендету әрбір аза­маттың парызы екенін, атал­ған саябаққа 600 түп декоратив ағашының көшеті егі­летінін, бү­гінде соның 400-ден аса көшеті отырғызылғанын атап өтті.

Ағаш отырғызу жұмысына ауыл тұрғындары мен жергілікті атқарушы биліктің өкілдері және демеушінің туыстары түгелге дерлік қатысты. Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров өзі бас­тап ағаш көшетін отырғызып, алдағы уақытта саябақтың әрі қарай дамуына тиісті көмек көр­сетілетінін жеткізді.

«Қолы ашықтың – жолы ашық» деген жақсы сөз бар халқымызда. Кемел елдің келісті келешегі, ұла­­­­­ғатты болашағы дегенде ішер асын жерге қоятын атпал аза­мат­­­тар ауданымызда жетерлік. Жақ­сы адамның жинаған дүниесі емес, жақсы атының қалатыны осындайдан көрінеді. Ауылдағы игілікті істер туған жеріне жауап­кер­ші­лікпен қарайтын, сол өңірдің топы­ра­ғынан түлеп ұшқан табыс­ты тұр­ғындардың арқасында атқа­рылатын жұмыстар», дейді аудан әкімі.

«Өңіріміздің ойдағыдай да­муының кепілі – патриотизм мен әр тұрғынның туған елінің дамуына қосқан үлесі. Саябақты абаттандыру мақсатында жоспарланған жұмыстар толығымен аяқталса, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық ме­рей­­тойына орай нысанды ауыл әкім­­­шілігінің иелігіне тарту ете­мін», дейді кәсіпкер.

Ақсулықтардың жаңа саябақты тамашалайтын күні алыс емес. Меценаттың әкесі Бақытжан Тіле­жанов та кезінде ойылған жолды өз қаржысына жөндетіп, елге пайдасын тигізген қадірлі қария екен. Ауылдықтар бүгінде бұл бастамаға дән риза. «Мұның бәрі де – Тәуелсіздіктің бізге берген сыйы. Жеке қаражатын жұмсап, бізге жаңа саябақ салып беріп жатқан азаматқа алғыс айтамыз», дейді ауыл тұрғындары.

 

Жамбыл облысы