Ғылым • 19 Наурыз, 2021

Мәмбет Қойгелдиев: Өткенді еңсеру – бүгінгі тарихтанудың міндеті

858 рет көрсетілді

–Мәмбет Құлжабайұлы, карантин­ді кәдеңізге жаратып, «Қорғансыздың күнін кешкендер» деген кітап жазып тастағаныңызды естіп отырмыз. Бұл еңбегіңізде қандай сұрақтарға жауап іздедіңіз?

– «Қайғыны да қажетіңе жарата біл» деген қазақпыз ғой, оңашалықты пайдаланып, ойымда жүрген жоспардың бір парасын орындағандай болып отырмын.  Бір емес, екі кітап жазып бітірдім. Әуелде жазған «Қорғансыздың күнін кешкендер» «Қиянат анатомиясы» деген екінші кітаппен жалғасын тапты. Ілгеріде «Алаш қозғалысының» 1, 2-кітабын жаз­ған едім. Мынау жазғандарым соның үшіншісі. «Қиянат анатомиясы» – отыз жылдан бері айналысып келе жатқан Алаш тарихы қозғалысын зерттеу нәтижесінде жасаған тұжырымым. Алаш тақырыбын қолға алып, түбіне бойлай бастағаннан кейін ғана өзімді тарихшы ретінде сезіне бастағаным рас. Бұл тақырыпқа жолықпасам, тарихшы болу-болмауым неғайбыл еді.

Жетпіс жылдағы кеңестік тарихнама Алаш қозғалысын қаралаумен өтті. Алаш қайраткерлерін құбыжық етіп көрсетумен айналысты. Оларды ретроградтар есебінде, яғни өткенді аңсайтындар, қазақ қоғамын кейінге сүйрейтін қозғалыс ретінде көрсетуге тырысты. Алашшылдарға қабат-қабат жалалар жабылды. Сол себепті ең алдымен қоқыстардан, жапқан жалалардан, жасалған қиянаттардан қозғалысты аршып, тазалап алу керек еді. Ұзақ жылғы зерттеуімнің нәтижесінде туған «Қиянат анатомиясын» белгілі бір дәрежеде Қазақстандағы кеңес өкіметі орнауының 100 жылдығына арнадым. Кеңес өкіметі қалай орнады, оның басында кімдер жүрді, олар қандай пиғылды көздеді? Кеңестік билікке, оның алғашқы жылдардағы әлеуметтік,  экономикалық саясатына байланысты Алаш қайраткерлері қандай ұстанымда болды? Міне, жаңа еңбегімде осы жайттарды баяндауға тырыстым.

– Алаштық буын мен боль­шевизм­нің арасындағы бітіспес қар­сыласу неден басталды? Тарих ғылымы осы мәселенің басын ашып ал­ды ма? «Қиянат анатомиясында» осыған қатысты қандай тоқ­тамға келдіңіз?

– Біз соңғы уақытқа дейін Алаш қозғалысын басым түрде жалпы­империялық контексте талдауға алып келдік. Ал Алаш қозғалысы – бұл қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы. Алаш қозғалысы – бұл антиколониалдық, антиимпериалистік мазмұн және бағыт­тағы қозғалыс-тын. Мәселені осы, өзінің табиғи арнасында қарау, бізге ұлт өміріндегі большевизм идеясы мен прак­тикасын тура түсінуге жол ашпақ. Алаштықтардың мұндай мазмұндағы ұстанымы осы мезгілде Азия және Латын Америкасында жүріп жатқан ұлт-азаттық қозғалыстардың бағдарламалық ұстанымымен толық үндес еді. Мәселен, Никарагуа (Латын Америкасы) ұлт-азаттық қозғалысының басшысы генерал Аугусто Сесар Сандино 1933 жылы ақпанда аргентиналық публицист Рамона де Белаустегигойтидің «сандинистерді коммунистік ұстанымдағыларға жатқы­зуға бола ма?» деген сауалына: «Біздің қозғалысты ұлттық мүддені қорғау арнасынан шығарып, оған таптық-әлеу­меттік мазмұн беру әрекеті бір емес, бірнеше мәрте жасалды. Мен бұған бар күш-жігеріммен қарсылық көр­сеттім. Біздің қозғалысымыз – ұлт­тық және антиимпериалистік мазмұн­дағы қозғалыс» деген тұрғыдан жа­уап береді.                                  

– Кез келген ұлт-азаттық қозғалыстың көз­деген мақсаты – мемлекеттік тәуел­сіздікке, яғни ұлттың өзін-өзі билеу мүмкіндігіне қол жеткізу. 1917 жылы Қазан революциясы нәтижесінде билікке келген Кеңес өкіметі патшалық билік жағдайында отарлық езгіде азап шеккен қазақ халқына өзін өзі басқару мүмкіндігін беру міндетін күн тәртібінен алып тастап, оның орнына кеңестік, яғни таптық негіздегі билік жүйесін енгізді. Тарихи тәжірибе көрсетіп бергеніндей, большевизм тарапынан ұлт өміріндегі кезекті де міндетті кезең – ұлттың өзін өзі басқарудың орнына таптық жіктелуді енгізу теориялық тұрғыдан қателік, ал өмірлік тәжірибе тұрғысынан ұлт өміріне жасалған қиянат еді. Қазақ қоғамына тура сол тарихи кезеңде таптық негізде жіктелу емес, өзін өзі ұлт ретінде сақтау үшін ұлттық тұтастық қажет еді. Бұл тұрғыдан Ә.Бөкейхан бастаған қозғалыс басшылары теориялық тұрғыдан большевизмнен жоғары тұрды. Міне, осы жағдай бізге, біріншіден, осы уақытқа дейін «Алаш қозғалысы» аталып келген тарихи құбылысты қазақ ұлт-азат­тық қозғалысы, Алаш қозғалысына атсалыс­қан буынды қазақ ұлт-азаттық қозғалысының қайраткерлері, ал осы буынның азапты ізденісі нәтижесінде өмірге келген Қазақ комитеттері мен Алашорда үкіметін қазақ мемлекеттігін жаңғырту әрекеті есебінде қарастыруға мүмкіндік береді.

– Қызыл империяның ұсақ ұлт­тарды бөлшектеу саясатының қазақ қоғамына берік орныққаны сонша, салқыны әлі күнге сезіледі. Ол кезеңдегі іріткінің табиғаты бел­гілі еді, ал ендігімізге не жорық? Бай­қайсыз ба, қоғамда халықты зиялы қауымға қарсы қою, жастарды аға буынға, тіпті әйелін еріне, баласын әкесіне қарсы қою әрекеті арагідік бас көтеріп жүр. Әлеуметтік топтар­ды өзара күрестіріп қоюдан кім не ұт­қалы отыр? Осыны зерделеп көр­діңіз бе?

– Бір мемлекетті, бір ұлтты жоюдың ең ұтымды тәсілі – іштей ыдыратып, бөлшектеу. Қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың жігі көрші Ресейде біраздан бері көрініс тауып келеді. Орыстың тұтастығына қауіп төндіріп отырған күштерге қарсы шыққан тарихшылар (И.Я.Фроянов т.б.) қудаланып, сотталып, жазаланды. Әлемнің өзінде осындай саясатты жүргізуге мүдделі топтардың бар екені айтылып жүр. Қазақ халқының ымыраласпағанын, ұлттық санасының өспегенін, жаңа кезеңге бейімделмегенін қалайтын мүдделі күштер бар. Қазақ жерінің алып аумағы, жерасты байлығы, шикізат көздері халық­аралық экономикалық ықпалды күштерді қызықтырмай қоймайды. Ал қазақ ұлтының санасы күшейіп кетсе, бұларға қауіп тудырады және мұндай күш сыртта да, іште де бар. Ел мен жер иесінің «Бұл жер – менің жерім, бабам­ның жері, оның байлығы маған тиесілі, ол ең алдымен маған берілуі керек» дейтіні анық. Сондықтан қазақты араздастырып, алакөз етіп қою оларға әлдеқайда пайдалы. Көз алдында болып жатқан осы бөлшектеудің себебін әр қазақ өзі жүрегімен түсініп, жетегінде кетпеудің жолын да өз ішінен таба білуі тиіс.

– Қазақ ұлтшылы дегенде зиялы қауым немесе ақын-жазушы деп түсінетін дағдыдан арылып келеміз, бұл қуанарлық жайт, әрине. Ұлт­шылдық дегеніміз не осы? Па­триот­тық па, мемлекетшілдік пе, әлде оппозиция ма?

– Бізде ұлтшылдыққа айыптайтын бір ұран бар және мұның қазақ топырағындағысының өзіндік бір ерекшелігі бар. Патшалық кезеңде азат­тық үшін бас көтергендерді «сепаратистер», кеңестік кезеңде «буржуазия­лық ұлтшылдар», «қазақ ұлтшылдары» атаса, енді бүгін оларды «нацпатриот­тар» атайтын болды. Бұл турасында Байтұрсыновтың айтатыны бар: «Өзіңнің ұлтыңның мүддесін қорғай бастасаң, сені ұлтшыл деп соңыңа түсіп, іші өткен сиырдай қылады» дейді. Кеңес заманының соңғы кезеңінде, мәселен, «қазақ ұлтшылдығы» деген шықты. Желтоқсан оқиғасына қатысқандар  қазақ ұлтшылдығының көрінісі есебінде жауапқа тартылды. Қайрат Рысқұлбеков «қазақ ұлтшылдығының» жинақы көрінісі ретінде атылды. Ал қазір «нац­патриоттар» деген терминді тауып алды. Қазақ елінің мүддесі үшін бір ауыз сөз айтса, «нацпат» деп мұқатуға дайын тұрады. Мұны ғылым тілінде сая­си технология дейді. Қазақ ұлтының мүддесін қорғаған жанашырларды жау­лары әлгі терминдерді пайдалана отырып тұқыртып, бас көтертпеуге тырысады. Бір мәселенің басы ашық, туабітті табиғатында қазақ халқы ешуақытта ұлтшыл болған емес. Қазақ – кең халық. Кішіпейіл мінезінің кесірінен осы уақытқа дейін өз мүддесін қорғай алмай, азап көріп келе жатыр. Қазақты ұлтшылдыққа айыптау – қиянат.

– Ғылымның әдіс-құралдарын ысы­рып қойып, тарихтан әдебиет жасағысы келетін жазушыларымызға сын айт­қандай болып едіңіз. Демек, сіз­діңше тарих пен әдебиетті «қос қанат» деп қолпаштаудың қажеті жоқ бол­ғаны ғой?

– Тарихтың ғылым ретіндегі өз әдіс-құралдары бар, тарих – ғылым саласы, ол тек дерек пен дәлелге сүйенеді. Сол сияқты әдебиеттің де өз көркемдік әдістері бар. Мен неге қарсымын? Кейбір қаламгерлеріміз өзі жазған шығарма арқылы тарихты ауыстырып, қолдан жасағысы келеді. Сөйтеді де «менің жазғаным – жалқы шындық» дейді. Рас, ол – көркем шығарма. Француздың  Г.Флобер деген ұлы жазушысы «Әдебиет, өнер, ғылым секілді қоғамды тану са­лаларының түп-тамыры бір, бір өзектен бастау алған, кейін ол бұтағы мол, мәуелі бәйтерекке айналады. Олар соңыра дамудың ең жоғарғы шыңында қайта бірігуі әбден мүмкін» дейді. Тарих пен әдебиеттің мақсаты біреу – шындықты жеткізу. Өз әдіс-құралымен. Тек біздің қазақтың ақын-жазушысы ғана «тарихты әдебиет сүйреп келеді, тарихшылар ананы айтпады, мынаны зерттемеді» деп мін тағып, тіл тигізумен келеді. Көне дәуір, орта ғасыр, жаңа ғасырға байланыс­ты тарихшылардың көптеген еңбектері дүниеге келді. Ғалымдардың жазған осы еңбектерін оқыса, қаламгерлеріміз бұлай айтпаған болар еді. Оқымайды. Бірақ көркем шығарма арқылы тарихқа тұжырым жасағысы келеді. Бұл дұрыс емес. Тарихты зерттеу, жоқты түгендеу ісі ешқашан тоқтамайды.

– Қазақстандағы ашаршылық туралы шетелдік ғалымдар да зерттеу жұмысын жүргізіп, еңбектерін жа­рия­лай бастады. Қазақстандық тарих­шылардың, мына сіздердің ең­бектеріңізбен салыстырғанда олар­дың зерттеуінен елеулі айыр­машы­лық көресіз бе?

– Жақында Сара Камерон деген шетелдік ғалымның ашаршылыққа байланысты жазған кітабы туралы қалалық басылымның бетінде рецензия жарияладым. Біздің жазушыларымыздың бірі Сараның еңбегіне талдау жасай келе: «Қазақстан тарихшылары осы Сара сияқ­ты ашаршылық тақырыбына дендеп бара алмай жатыр, егжей-тегжей зерттемей жатыр» деп тарихшыла­ры­мыздың жұмысына көңілі толмайтынын білдіріпті. Қазақтың күйгеннен соң шығарған бір мақалы бар: «Ауыл­дағының аузы сасық»  деген, мынау пікір тура осы жағдайға дөп келе­ді. Тарих­шылардың, тіпті тарихшыны былай қойғанда, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Шоқай  сияқты ашаршылықққа бай­ланыс­ты қалам тартқан, себебін ашып, тұжырым жасаған үлкен қайраткер­лердің еңбектерін оқымай тұрып, «Сара Камерон қазақтың ашаршылығын бізден артық зерттепті» дейді. Ал осы дұрыс па? Кез келген шетелдік автордың пайдалы, жақсы еңбек жазуы әбден мүмкін. Еуропа ғалымдарының Қазақстанды насихаттай бастауы біз үшін де маңызды. Бірақ біздің ұлттық тарихымызды түсіндіруге келгенде олардың да әлсіз жақтары бар. Олар ұлт өмірінде болған процестердің сыртқы көрінісін жақсы пайымдауы мүмкін, бірақ ішкі қозғалысын, ішкі құбылыстарын, ерекшелігін ашуға келгенде шетелдік авторлар әлсіз болады. Оны тек қазақ тарихшылары ғана ашып жазуы мүмкін. Зерттеу тәсілі мен ізденіс барысында азды-көпті осындай ерекшелік болғанымен, ұлттық авторлар мен шетелдік зерттеушілерді қарсы қоюға болмайды, қалай болғанда да ортақ мақсатқа жұмыс істеген соң олар бірін-бірі толықтырып, байыта түседі.

– Әдебиет саласы бойынша тәржіма жұмысы жақсы дамып келеді. Ал Қазақстан тарихы шетел аудиториясына қаншалықты таныс?

– Тарих ғылымындағы ақсап келе жатқан мәселенің бірі осы – аударма, бізде әлі дұрыс жолға қойылмаған. Әсіресе қазақ авторларының отандық тарихқа байланысты процестерді, оқи­ғаларды ашуға арналған еңбектерін ше­телдік қауымдастықтарға, оқырман­дарға жеткізуде біздің билік орындары қажетті жұмысты атқармай отыр. Соңғы жылдары мемлекет бағдарламасы негізінде «100 оқулық» жобасы жүзеге асырылды. Әрине, оның ішінде керек­сіздері де болды, алайда жалпы ал­ғанда, дұрыс дүниелер аударыл­ды. Қазақ тарихына байланыс­ты ана тілі­мізде жазылған, ұлт азаттық қоз­ғалыс­қа, аштыққа, репрессияға ар­налған қазақ­стандық ғалымдардың сал­мақты жақсы еңбектері бар. Алайда соларды орыс  тіліне, ағылшын, басқа да шет тілдерге аударуға байланысты арнайы бағдарлама әзірленбей келеді. Мәселен, Алаш қозғалысына байланыс­ты шығарған 1, 2 кітабымды, әсіресе «Қиянат анатомиясының» ағылшын тіліне аударылғанын қалап, мамандармен кеңесіп көрдім. Олардың берген ақылына құлақ түрсем, екі кітабымнан бір кітап жасап қысқартып, алдымен орысшаға, тек содан кейін ғана ағылшын тіліне аударуға болады екен. «Қаржысын өзіңіз төлейсіз» дейді. Бұлай жасауға, біріншіден, менің уақытым жоқ, екіншіден, қаржым жоқ. Ал осы мәселе мемлекеттік бағдарлама арқылы іске асырылса, ғалымдарға жасалған үлкен қамқорлық, Қазақстанды шетелге таныстыруға, ғалымдардың еңбегін насихаттауға бағытталған нақты әрекет болар еді.

– Ашаршылыққа баға беруді сұраймыз, біздің білуімізде, кеңестік тарихтың өзіне билік тарапынан ресми баға берілген жоқ қой...

– Бұл – маңызды сұрақ. Бізде тарих ғылым ретінде кеңес заманын­да қалыптасты. Мамандары, инфрақұры­лымы, дамуы тұтас осы дәуірге тиесілі. Бұл – тарихи факт. Өкінішке қарай тарих ғылымы мен мамандары кеңестік идеологияға жұмыс істеуге мәжбүр болды. Мәселен, Қазақстан тарих ғылымы кеңестік кезеңде Мәскеуде төрт рет талқыға түсіпті. Төрт рет! Бірде-бір республиканың тарихы дәл біздің тарих секілді талқылауға түскен емес. Неге? Кеңестік идеологиялық аппараттың қазақ танымын бақылауда ұстағысы келгендігінің көрінісі бұл. Ол қазақ халқының тарихи санасының өсуіне мүмкіндік бермеуді көздеді. Оның себебі тағы да жер мәселесіне, байлығына келіп тіреледі. Тарихи танымы толысып, санасы өсіп кетсе, олардың өз құқын талап етіп, осы байлыққа таласатыны анық. Тарихи таным деген нәрсе өте қауіпті, сондықтан билік оған аса сақтықпен қарап, бақылауда ұстағанды жөн көрді. Ал оның жерінің байлығы, кім билесе, сонікі, яғни азулы мен тырнақты, күштінікі. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткеннен сабақ алып, тарихты жаңаша парақтауға шақырғаны, тарихи сананы қалыптастырудағы қадамдарын өз басым қолдаймын. Бірақ бұған мақсаттылық беруіміз керек. Мысалы, ол үшін гранттарды оңды-солды шашуға тыйым салынуы тиіс. Соңынан нәтижесін тексеріп отырса, жобалар тиімділігін танытар еді.

– Тарихтағы тұлғаларға мұқият қарау мәселесі, көзі тірісінде мақ­та­май, көзі тайған соң даттамай, бір түсті бояу­мен мәнерлемей, аза­мат­тығын айтып, кемшілігін көр­сетіп, бола­шаққа тағы­лым болар­лықтай саяси портретін жасау тұлға­тануды жеке ғылым ретінде қалыптастыруға жол ашар еді. Бірақ архивте жатқан тұлғалардың ел үшін жасаған ірі істері айтылғанымен, кем­шілігін жауып қойып, жасырын ұстаудың пай­дасы қандай? Мұндай жағдайда әлгі тұлғатануымыз ғылым болып қалыптаса ала ма?

– Байқасақ, тұлғатану қазір бір­шама өріс ала бастады. Жақсы-жайсаң­дарымызды, олардың қызметін, сіңірген еңбегін бағалауды үйреніп келеміз. Бұл тұста өтірікке, бұрмалауға қарсы тұратын ғылыми тарихтың рөлі күшті болуы керек. Мысалы, Максимилиан Робеспьер деген саяси қайраткер туралы француздың қоғамындағы XVIII ғасырда басталған талас-тартыс осы уақытқа дейін толастамай келе жатыр. Біреулер «ол француз қоғамына, қарапайым халық өміріне өзгеріс алып келген демократ» десе, оған қарсы лагерьдегілер «жоқ, Робеспьер революция тұсындағы террорға, репрессияға жол ашқан адам» дейді. Франция президенті болған Франсуа Миттеран: «бұл бізге пайдалы ма, пайдасыз ба?» деп сұрақ қояды. Сөйтеді де: «Әрине, пайдалы, Робеспьердің тұлғасын тану арқылы халық кемелденеді, өседі» деп жа­уап берген екен. Тұлғалардың еңбегін таразыға салып, мүмкін болғанынша жағымды-жағымсыз қырларын толық ашуға тырысуымыз керек. Кемшіліксіз, мінсіз адам жоқ. Сондықтан кез келген тұлғаның ұлылығы мен пенделігі қатар айтылып отырса, оның еш айыбы жоқ. 

– Кәсібіңіз – тарихшы, стихияңыз – Алаш, ұраныңыз – ұлт құндылықтары. Мемлекетшіл және патриоттық сана қалыптастыру жолындағы күрес­кер болудың қиындығы неде? Мұ­ның мінез­ге, денсаулыққа, жалпы тағдыр­ға әсері бола ма?

– Қаншалықты күрескер екенімді жұрт білмесе, өзім айта алмаймын. Алайда алдыма қойған мақсатым қазақ ұлт-азаттық қозғалысын ақтап, насихаттау жұмысы зерттеуші ретінде менен күрескерлік мінезді талап ететіні рас, оны мойындауға тура келеді. Алғаш Алаш қозғалысы туралы зерттей бастаған кезімде, айналамдағы таныстың бірі: «оны не зерттейтіні бар, ол бар болғаны оншақты адамнан тұратын топ қой, несіне сонша дәріптейсіңдер?» деген еді. Осы ұлы мұратты арқалаған күнімнен бастап Алаш қозғалысын дәріптеуге арналған ғылыми іс-шараларға шақырса, Алматы, Нұр-Сұлтан, қиырдағы қала, қияндағы ауыл деп бөліп-жарып жатпаймын, қалмай барып қатысуға, баяндама жасап, көзқарасымды білдіруге тырысамын. Ондағы мақсатым, Алаш идеясы қоғамда қанат жайып, қазақтың рухы оянса екен деймін. Бір қынжылатыным, Алматыда Алаш қайраткерлеріне арнап дұрыс бір музей де аша алмадық. Алаш арыстарынан Алматыда жалғыз Байтұрсынұлының басында ғана мұражай бар, ұзақ жылдардан бері оның да басынан дау арылмай келеді. Кезінде «Ахаңның мұражайын Алаш қозғалысына арналған мұражайға айналдырайық» деп ұсыныс айтып едім. Іске асты ма? Жоқ. Талай тергеу жүрген, қызыл террордың қасапханасы болған НКВД отырған ескі ғимарат бар еді, соны да репрессия музейіне айналдырайық деген азаматтар болды. Қолдау тапты ма? Жоқ. Ғимаратты бір олигарх сатып алыпты дегенді ғана естідік. Осының бәрі адамды қажытпай қоймайды, мінезге де сөзсіз әсер етеді. Дәл мен сияқты архивте көміліп көп отырған адам некен-саяқ, Алашты зерттей бастаған кезімде, ескі құжаттарды ақтарып, апталап, айлап отыратын едім. Тәжірибе жоқ, маска тағуды білмейсің. Сөреде жылдар бойы сарғайып жатқан қағаздардың бояуы мен шаңын кеңсірігім мен көмейім кептелгенше жұтып, сырқат та тауып алдым. Бірақ осының бәрі түпкі мақсатыңа қызмет етіп, бұлақтан басталып, арналы өзенге айналған Алаш дейтін ұлы идеяның ұлтымыздың ұстанымына айналып, жаңа тарих қалыптастырудың маңызды  тегершігі болғанын көргенде, рухани рахат тауып, жаның дамыл тапқандай, қиындық атаулы ұмытылып сала береді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

 

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар

Асыл ағаның шарапаты

Руханият • Бүгін, 00:08

Құймақұлақ

Руханият • Кеше

Газ бағасы неге қымбат?

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар