Алматы қаласы бойынша волонтерлер жедел штабының жетекшісі Бағдат Анарбаева карантиннің алғашқы кезеңінде жұмыс істеуде көптеген қиындық пен қорқыныштың болғанын алға тартады. «16 наурызда Алматы қаласында волонтерлер штабы құрылды. Штаб аясында қаланың барлық волонтерлері, сонымен қатар тұрғындармен бірлесе отырып штаб аясында жұмыс істеуге шешім қабылдадық. Жұмысымызда таңнан кешке дейін дамыл болған жоқ. Әкімшілік тарапынан еріктілерге тегін көлік беріліп, жұмыс орны белгіленді. Ыстық тамақпен де қамтамасыз етілді. Осы орайда медицина саласында білімі бар еріктілердің жұмысын ерекше атап өткен жөн. Олар еріктілер тобының денсаулығын қадағалап, вирустың алдын алу шараларында алдыңғы шепте тұрды. Соның нәтижесінде бірде-бір ерікті вирус жұқтырған жоқ», деп атап өтті штаб жетекшісі.
Төтенше жағдайда жұмыс істеген еріктілер мұқтаж жандарға азық-түлік себеттерін жинап, үйлеріне жеткізіп беру жұмыстарын тұрақты іске асырып отырды. Сонымен бірге еріктелерден жалғызбасты зейнеткерлердің уақтылы ыстық тамақпен, азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуін қадағалап, жеткізіп отыру жылдамдықты, демалыссыз жұмыс істеуді талап етті. Қала бойынша жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде көптеген акцияның өтуіне мұрындық болған еріктілер штабының мүшелері дәрі-дәрмектер тапшылығы кезінде әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға қолұшын берді. Жиырма мыңнан астам мұқтаж отбасы мен әлеуметтік жағдайы нашар азаматтарға қажетті өнімдерді таратуға қолдау көрсеткен еріктілер 284 отбасына қажетті дәрі-дәрмек, 60 отбасының балаларына мектепке қажетті тауарлар жиынтығын, 151 отбасына тұрмыстық қажеттіліктер, 78 отбасына қашықтан оқытуға керекті құралдар таратуға қолұшын берді. Сенім телефоны арқылы қаланың 12 мыңнан астам тұрғынымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қала әкімшілігімен бірлесіп, 20 мыңнан астам азық-түлік себеті дайындалды. Әлеуметтік даму басқармасы және Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, мекемелерде карантиндік режім ережелерінің сақталуын жүйелі түрде бақылау мен адамдар көп шоғырланған жерлерде карантин шараларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарының бел ортасында жүрген еріктілер штабы осы қиын кезеңде шыңдалумен қатар қала тұрғындарының алғысын арқалап жүр.
АЛМАТЫ