inform.kz
Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаевтың айтуынша, бұл бағытта мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар тізе қосып жұмыс істегенде ғана кедергілерді еңсеріп, жетістікке қол жеткізеді.
– Елімізде осы тарапта 50-ден астам қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Олар тұтынушылық құқықтарды қорғау деңгейін арттыруға ықпал етеді. Биыл ақпан айында министрлік пен «Қазақстан тұтынушыларының республикалық қауымдастығы» бірлестігі арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылған. 20 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық бірлестік басшыларының қолдауынан үміттенеміз, – деді вице-министр.
Іс-шара аясында тұтынушылар құқығын қорғау саласында аянбай еңбек етіп, осы саланы дамытуға үлес қосқаны үшін «Тұтынушылар лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Ахметжанова, тұтынушылардың құқықтарын қорғау коалициясының төрағасы Мұрат Әбенов, «Әділет» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарова, «Атакент – Адам» қоғамдық бірлестігінің басшысы Сергей Федосеев, «Сапа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлікақпар Мәтішев және «Сатыбалды» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Момышев марапатталды.
Тұрсын Жағыпарованың айтуынша, бұл салада әлі шешімін таппай тұрған мәселе көп.
– Тәуелсіздік алған 30 жылда бұл салада үлкен нәтижеге жете алмадық. 2016 жылы заңға енгізген өзгеріс бойынша тұтынушылар құқығын қорғап жүргендерге демеушілік жасалмайды. Бұл бір жағынан дұрыс шығар. Кейбір үкіметтік емес ұйымдар кәсіпкермен бірлесіп кетіп, тұтынушылардың құқығы қорғалмай қалуы да мүмкін. Бірақ кез келген іс алға жылжу үшін қаржыландыру болуы қажет. Онсыз шаруа шешілмейді. Сондықтан осы мәселені көтеріп, қоғамдық бірлестіктер мен министрлік көп түйткілді талқылауы қажет. Содан соң бірыңғай ақпараттық жүйе де дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Қазір тұтынушылар проблемасын шешетін жалғыз орган – министрлік және соның ішіндегі комитет. Енді жергілікті атқарушы органдар үшін де ыңғайлы жүйе жасап, жұмыс ауқымын арттырған жөн, – дейді «Әділет» бірлестігінің өкілі.
Жиын қорытындысы бойынша министрлік пен қоғамдық бірлестік өкілдері ай сайын бір мәрте басқосу ұйымдастырып, тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы өзекті тақырыптарды талқылап, соның нәтижесі бойынша ортақ шешім қабылдап тұруға уағдаласты.