Пікір • 19 Наурыз, 2021

Парасатты басшы – халықтың бағы

578 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ тарихында өзінің парасаттылығымен, батыр­лығымен, ақыл­дылығымен ерекшеленген тұлғалар аз болған жоқ. Елдіктің еңсесін тіктеп, Тәуелсіздіктің тұғырын бекіткен, қазақ деген халқымызды төрткүл дүниеге танытқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шын мәнінде ел бағына туған ер екенін сарабдал саясаты арқылы сан рет айғақтады. Ал 2019 жылдың 19 наурызында ол ұлты үшін қандай күрделі шешімге де бара алатын, парасат-пайымы жеке мүддеден биік тұратын тұлғаның ұлық үлгісін көрсетті.

Парасатты басшы – халықтың бағы

Империялық саясаттың қол астында болған халық рухының мықтылығы, ержүректілігі арқасында үлкен мемлекетке иелік етіп қалды. Ел басқару тәжі­рибесінде өткеніміз бен бүгінгі күннің арасында елжандылық, отансүйгіштік сияқты асыл қасиеттеріміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері еліміз­де көп­теген өзгеріс болды. Етек-жеңімізді жиып, ел еңсесін тік­теп, әлемге мәшһүр болдық. Халық­аралық беделіміз нығая түсті. Десек те, ел ішіндегі ахуалға үлкен қолдау керек. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақ­сарып жатса, жас­тар­дың білім алуына мол мүм­кіндік беріліп жатса, құба-құп. Осы тұрғыдан алғанда Президентімізден бас­тап, билікте жүр­ген әрбір азаматтың туған елі­міз­ге, халқымызға  Тұңғыш Пре­зи­денті­міздей жанашыр болғанын қалар едім. Сапалы білім мен елдің әлеуметтік жағ­дайы­ның жақсарғаны елдегі саясаттың дұрыс бағ­дарда жүріп жатқандығын көрсетсе керек-ті.

Қай халықты алсақ та оның дамуы мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен білімінен көрініс беретіні белгілі. «Өнер сүйген патша – халық байлығы» дейді. Ал ұлан-ғайыр даламыздағы байлығымыз – халықтың меншігі, несібесі. Осынау иен байлықты ұқыптап, ел игілігіне жұмсайтын басшыдан біліктілік қана емес, парасаттылық та талап етіледі. Қандай деңгейдегі басшы болмасын, халықтың үніне құлақ асып, етене жақын болуы, мұң-мұқтажын тыңдауы алдағы атқарылар істердің нәтижелі болуына ықпал етпек. Ал қазақ елінің абыройлы болғаны билікте отырған азаматтарымыздың көрегенділігіне байланысты. Мен елімді білімді жастары бар, халқы дәулетті, мейірім мен қайырымға толы істерімен ерекшеленетін мемлекет ретінде көргім келеді.

 

Сәбит ОРАЗБАЕВ,

Қазақстанның халық әртісі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты