Содан бері жылдар өтті тізбектеліп. Елбасына арқа сүйеп үйренген халық көңілі алаңсыз, жайбарақат күн кешті. Бірақ тәуелсіздікке қол жеткізген елдің тәуелсіздігінен айырылып қалмайтын қазығын берік орнату тек Елбасының жауапкершілігінде болғаны рас. Еңсесін тіктеген елдің бұдан былай өзгенің бауырынан жылу іздеп жәутеңдемейтін, жалпақтамайтын білімді, іскер ұрпағын қалыптастырды. Жаңа мемлекет, жаңа басқару жүйесі, жаңа саяси көзқарас, жаңа буын қалыптаса бастады.
Елбасы үнемі «Мен бітірдім дегенше, ел бітірді десейші» деген даналықты ұстанды. Халқының даналығына арқа сүйеді. Уығын өзі қадаған, арман мен мақсатына қол жеткізген бұл елдің тағдыры талай баз кешкен ұйқысыз күндерінің куәсі болар. Сүрініп барып түзелген, үзіліп барып жалғасқан көштің жолын қырандай қадағалап, елінің бейбіт күнін күзетті. Мемлекеттің тағдыры да адам тағдырына ұқсас, оны соғыс апаттарынан, тамырына түсетін жегіқұрттан, саяси ойындардың лаңынан сақтап қалу үшін күрес жүріп жатты. Осы жолда өзімен бірге қазақтың таңдаулы, күрескер, Отаны үшін отқа түсетін, өз тағдырын ел тағдырына арнаған азаматтарға сенім артты. «Аталыдан би қойсаң – адаспас жол мен жорадан, атасыздан би қойсаң – босамас аузы парадан» – Елбасының осы ізгі сенімі мемлекетті өзімен бірге қалыптастырған тұлғаларды анықтады. Олар да халқының сүйіспеншілігіне бөленді. Халқы қауіпсіз, соғыссыз бейбіт күн кешті.
2019 жылдың 19 наурызы күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына мәлімдеме жасады. Президенттік өкілеттігін тоқтату жөніндегі шешімін жария етті. Конституциялық тұрғыда реттелген билік сабақтастығына тоқталды. Енді мемлекет басына жаңа буынның келуін қамтамасыз ететінін, ал өзі қашанда халқымен бірге болатындығын айтты.
Әрине, бұл – әлем елдерінде қалыптасқан үрдіс, бірақ тәуелсіздікке қолы енді жеткен, тарихтың тар кезеңін бастан өткізген біздің халықтың алаң көңіл болатын жөні де бар еді.
Елбасы білімі мен парасатына арқа сүйеген, өзімен бірге мемлекетті құруда үзеңгілес болған, сыртқы елдің дипломатиялық білімін бойына әбден сіңірген, Сыртқы істер министрі, Премьер-Министр, Сенат Төрағасы, Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі бөлімін басқарған әлемдік деңгейдегі ірі саясаткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты таңдады. Елбасы бір адамның бойындағы осынша білім-парасатты айқындап айта келіп: «Ол – АДАЛ!!!» деді.
Қобалжыған ел көңілінің сабырға келгенін көрді, шешімінің қолдау табарына сенді. Ел тағдырын, өзі құрған мемлекеттің тағдырын, ұлт тағдырын Адалдыққа тапсырды.
Роза МҰҚАНОВА,
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты