Мәжіліс Спикері Қытай Халық Республикасы Қазақстанның маңызды стратегиялық әріптесі, дос және тату көршісі екенін атап өтіп, екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнаған 29 жыл ішінде сенімді саяси диалог, терең экономикалық байланыстар орнап, жан-жақты ынтымақтастықтың белсенді дамығанына назар аударды.
Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин осының барлығы қос мемлекет көшбасшыларының достығы мен сенімді қарым-қатынасының арқасында қол жеткізген жетістіктер екеніне тоқталып, одан әрі Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетаралық қатынастардың стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткізу жолындағы маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытаймен ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін айтты.
Өз кезегінде, мәртебелі мейман Қазақстанның жақын да шынайы дос мемлекет екенін атап өтіп, екі ел арасындағы жоғары дипломатиялық және ынтымақтастық байланысқа көңіл бөлді. Сонымен қатар Ли Чжаншу өткен жыл елдер үшін күрделі кезең болғанына тоқталып, індет уақытында Қытай мен Қазақстан арасында коронавирусқа қарсы өзара қолдау белсенді жүргізілгенін айтты.
Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Қазақстанның гүлденуіне ниеттес бола отырып, мемлекеттер басшыларының елді дамыту жолындағы айрықша еңбектеріне тоқталды. Сондай-ақ алға қойылған міндеттер мен жоспарлардың сәтті орындалып, Қазақстанның табысты 30 мемлекет қатарына қосылатынына сенім білдірді.
Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы карантиндік шараларға қатысты Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу бекеттері арқылы жүктерді тасымалдауда қиындық орын алғанына байланысты автокөлік және темір жол қатынастарының үздіксіз жұмысын қалпына келтіру үшін Қытайдың өткізу бекеттерінде, «экспресс дәліздер», «жасыл дәліздер» және жүк тасымалын ұлғайту үшін «темір керуен» құру жөніндегі бастаманы іске асыруды жалғастыруға еліміздің дайын екенін жеткізді.
Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, бұл пандемия жағдайында Еуразия құрлығындағы «Қытай-Еуропа» бағыты бойынша теміржол қатынасын одан әрі дамыту жолымен өңірлік экономикалық интеграция шеңберінде Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы кездесудің Қытай Коммунистік партиясының 100 жылдығы қарсаңына сәйкес келгенін алға тартып, достас Қытай еліне өркендеу мен бақ-береке тіледі.