Аудан орталығы Көктөбе ауылында талай жыл бойы бос тұрған ескі жатақхананы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қайта жөндеу туралы шешім қабылданып, соның нәтижесінде көптеген азамат үйлі болып отыр.
Пәтер алғандардың қатарында Әрсен Төлеу, Абай Қадырбекұлы, Бауыржан Жұмаділ, Аяжан Бекенова, Абай Қанатбекұлы, Максим Перстнев, Мейрамгүл Жеңісқызы сияқты ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектер бар. Араларында тұрмыс құрып, жаңадан үй болғандар пәтерлі болғанына қуанышты.
– Бүгін − менің отбасымның өміріндегі бақытты күн, – дейді Максим Перстнев. – Пәтер кезегін ұзақ күттік, енді өз үйімізде тұратын боламыз. Алдағы уақытта қалдық құны бойынша жекешелендіре алатынымыз қуантады.
Ал Әсият апай болса, ата-ана қамқорынсыз қалған Максим және Алексей есімді егіз немересін үш айлығынан бауырына басыпты. Ұлдары қазір 16 жасқа келді, Максим аудан орталығындағы Аграрлық колледжде фермер мамандығында оқиды.
Үй кезегінде тұрып, пәтер алғандардың қатарында көп балалы аналар Шынар Бейсембекқызы, Сағай Күлзира, Әсем Хармаан, Әсем Қалайбекқызы да бар.
− Осылай жағдай жасап, ескі үйлерді жөндеп, тұрғындарға пәтер берсе, ауылдан ешкім кетпейді ғой. Бізден кейінгі кезекте тұрған басқа да ауылдастарымызға үй берілсе деген тілегіміз бар, − дейді көп балалы ана Шынар Бейсембекқызы.
Ал пәтер кілтін алған Фариза Майқыбаева − 12 бала тәрбиелеп өсірген батыр ана. Жасы қазір 75-те. Бала-шаға, немерелері өсіп келеді. Өмір бойы ауылда тұрып, от жағып, су тасыған апаларының жайлы пәтер алғанына бәрі де қуанышты. Шашу шашып, басқа да қоныстанушыларды құттықтады.
Сонымен қатар В.Әбенова, Ж.Гросс, Т.Құсайынов, А.Қабытаева, Ф.Майқыбаева секілді әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылар және мемлекеттік қызметкерлер Серік Башенов, Қанат Ахметов, Әйгерім Мұстаханова да пәтер кілтін алды.
– Жалпы, аудан орталығында ескі жатақхананы қайта жөндеу жобасы тұрғын үй кезегін азайтуға сеп болды. Ескі үйлерді жөндеу үрдісі әрі қарай жалғасады. Қазір 137 тұрғын кезекте тұр. Биыл аудан бойынша 15 төрт пәтерлі үй салу жоспарланып отыр. Жаңа тұрғын үй салуға бюджеттік өтінім қаралуда, − дейді аудан әкімі Марат Ақтаев.
Ал қайта жөндеуден өткен жатақханадағы пәтерлер заман талабына сай. Бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер бар.
Павлодар облысы