Бұл құрметті атақ педагогикалық үздік жетістіктері және еліміздің білім саласына сіңірген айрықша еңбегі үшін Жамбыл облысынан Айгүл Қалмаханова мен Мираш Бегілдаеваға берілді. Айта кету керек, ел тарихында мұндай марапатпен педагогтар алғаш рет марапатталуда. Аталған мемлекеттік награданы ұстаздарға еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов табыс етті.
«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанып отырған Айгүл Қалмаханова Жамбыл ауданындағы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол «Үздік педагог-2019» республикалық байқауының жеңімпазы болған және «Әлем педагогы» байқауына іріктелген 10 мұғалімнің қатарына енген. Ал, құрметті атаққа қол жеткізіп отырған Мираш Бегілдаева Жамбыл облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатында тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Бірқатар халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Шәкірттері ұлттық бірыңғай тестілеу сынынан жыл сайын жоғары нәтиже көрсетіп келеді.