Руханият • 20 Наурыз, 2021

Бірлік пен татулық мейрамы

507 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Наурыз айының орта шенінде ел ішінде Амал мерекесі аталып өтеді. Бұл күнді халық «Көрісу күні» деп те атайды. Қыстан аман шыққан көпшілік Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бір-бірімен жолығысып, ақ тілек айтып, бір-бірін аман көргеніне шүкіршілік етіп, алдағы күнге де жақсы тілек тілеп жатады. Бұл да – халқымыздың ежелден келе жатқан тәрбиелік мәні бар мерекесінің бірі.

Бірлік пен татулық мейрамы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн екенін айтқан болатын. Осыған орай, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Амал келді – жыл келді» атты шара өтті. Мәдени шара барысында көп­ші­лік ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, қолдарына ұлттық тағамдарымыз бен бауырсақ, тәттілерін алып, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілерінің сүйемелдеуімен «Гүл-гүл жайна» халық әнін шыр­қап, тарихи-өлкетану музейіне бет алды. Аталған мерекелік шараны еліміз­ге белгілі өнер иелері «Тараз триосы» ән салып ашып берді. Мұнда көпшілік бір-бірімен амандықта қауышып, мерекенің мәні мен мағынасына кеңінен тоқталды. Ал «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев жиналғандар­ды Амал мерекесімен құттықтап, мұн­дай мерекелердің болашақ ұрпаққа үлгі болып қалуына барлық азамат­тың атсалысуы керектігін жеткізді. Ән мен жырдан шашу шашылып, көпшілік бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылсын!» деген тілектерін айтты. Сонымен қатар Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актерлері Амал мерекесіне байланысты көрі­ніс қойып, мерекелік шараның ажарын ашты. Қыдыр баба елдің аман­дығын тілеп, ақ батасын берді. Бұл ретте облыстық тарихи-өлкетану музейі­нің директоры Сейітжан Ілияс кел­ген­дерге алғыс айтып, жылы лебізін білдірді. «Мұндай мере­келердің мәнін жоғалтпау керек. Ауыз­біршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа, ізеттілік пен мейірімділікке бастайтын, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды ұлықтайтын мұндай мерекелердің аталып өтуі өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз», дейді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері Ләйлә Тілеубердіқызы.

 

Жамбыл облысы