Кеңес өкіметі заманында Наурыз мейрамын тойлауға тыйым салынғанымен, Ұлы даламыздың әр жерінде бұл күнді атап өту ұмытылмаған. Тіпті ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде де ел Ұлыстың ұлы күнін атаусыз қалдырмаған. Мұны сол заманды көзімен көрген қариялардың естеліктерінен білуге болады. Бұл күнде 110 жасқа келіп отырған Жамбыл ауданы Аса ауылының тұрғыны Күлбарам Сүгірова Наурыз мерекесінің ашаршылық кезінде де тойланғанын айтады. Көпті көрген кейуана өзі куә болған аумалы-төкпелі заманды еске алып, тарих қойнауына кеткен жылдардан естеліктер айтты. Наурыз мейрамын сол заманда елдің қалай атап өткені туралы әңгімеледі. «Біз қиын-қыстау заманда өмір сүрдік. Аштықты да, соғысты да көрдік. Тылда ер-азаматтармен бірге еңбек еттік. Сол заманда да қазақтар ата-бабаларынан мұра болып қалған салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын көздің қарашығындай сақтайтын. Мен өзім қырғыз елінің қызымын. Бірақ қазақ пен қырғыздың негізінен салт-дәстүрлері ұқсас, діні де бір. Тілдері де түсінікті. Мен ес білген 1920 жылдардан бері Наурыз мейрамы тойланатын. Өйткені сол кездегі халықтың түсінігінде жыл басы – Наурыз болатын. Ол кезде қараша халық ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді Наурыз мейрамы арқылы дәріптейтін. Ол кезде жұрттың бәрі бір жерге жиналып, барлығы бір күнде Наурыз мерекесін атап өтетін. Жеті түрлі дәмнен наурыз көже әзірлеп, елге тарататынбыз. Аштық кезінде де Наурыз аталып өтті. Адамдар тапқан ас-ауқатын бір-біріне ұсынатын. Адамдардың бәрі бірдей емес, әрине. Кейбір байлар қой сойса, жоқ адамдар көже істейтін. Жүгеріні алдымен диірменге жаратын, содан оны түйіп, кебегін желге ұшырып, көжеге қосатын. Бидайды қол диірменге тартып, келіге түйіп, дәу қазанға салып, түктеп қуыратын. Жасымық деген болатын. Өзі мия секілді. Біздер соны қосатынбыз. Түк таппағаны бір қазан быламық істеп беретін. Ал енді бүгінде елдің бәрі бірдей. Не керек, барлығы бар.
Наурыз мейрамы қазақ даласында бұрыннан бар. Наурыз – ол жай мереке емес, ол – ата-баба дәстүріне құрметпен қарауды үлгі ететін үлкен мейрам. Барлығымызға ортақ мереке», деді өз әңгімесінде Күлбарам әже.
Ғасырдан да ұзақ жасаған әженің әңгімесінен сол кезеңдердегі суретті көріп қана қоймай, елдің салт-дәстүрге деген құрметін де аңғаруға болады. Әйтпесе, «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен» кер заманда мерекені атап өтпек түгілі, әркім өз басымен қайғы болған еді ғой. Соған қарамастан, Ұлыстың ұлы күнін ұлықтаған елдің бұл көрегендігі ерлік болатын. Біз де мұны еркіндікті аңсаған ата-бабалардың ұрпағының алдындағы адалдығы мен даналығы деп түсіндік.
Жамбыл облысы