ТАИЛАНД: ШЫДАМНЫҢ ДА ШЕГІ БОЛУҒА ТИІС
Соңғы біраз жылдан бері бұл ел билік пен оппозиция арасындағы күрес алаңына айналды. Оппозицияның биылғы бас көтеруі наурызда басталса, міне, бір айдан аса уақыт ел астанасы Бангкокты шеруге шыққандар басып алғандай жағдайда.
Атап айтатын бір жай: билік оппозициямен тіл табысу үшін айтарлықтай шыдамдылық та, төзімділік те көрсетіп отыр. Оппозиция көсемдері билік басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізуге мүмкіндік алды. Бірақ олардың талабын билік толық қабылдамады. Бұл жерде бұл үшін билікті жазғырудың да реті жоқ. Оппозиция парламентті таратуды талап етеді.
Бұл елдегі күрделі жағдай 2006 жылғы төңкерістен кейін пайда болған. Сонда елдің премьер-министрі Таксин Чинаваттың халықаралық бір басқосуға сапарынан кейін оның елге қайтып оралуына мүмкіндік берілмеді. Ол оралар болса, бірден қамауға алынатынын ескертті. Бұрынғы премьер-министрге біраз айып тағылды. Мұны естіген жұрт шынында да билікке келгендермен келіскендей болған.
Жаңа премьер-министр Апхисит Ветчачива алғашқы жылдарда бұрынғы премьер-министр былықтарын ашумен қатар, көпшіліктің көңілінен шыққандай біраз шараларды жүзеге де асырды. Елде біраз демократиялық қадамдар жасалды. Жұрт өз пікірлерін еркін айтып, білдіруге мүмкіндік алды. Сірә, бүгінгі оппозицияның еркін бас көтеруінің бастауы да сонда жатыр десе де болғандай.
Бірақ елдегі қалыпты жағдай ұзаққа созылған жоқ. Алғашқы кезде біршама абдырап қалғанымен, бұрынғы премьер-министр Чинаваттың жақтастары есін жиып дегендей, қатарларын түзеп, қарсылық көрсете бастады. Бұл жерде Чинаваттың ел ішінде жақтастары аз болмағанын, әсіресе, экономикалық негізі мықты болғанын айта кеткен жөн. Сөйтіп, олар өткен жылы осы уақытта билікке қарсы мықтап қыр көрсетті, өздерінің мүмкіндіктерін аңғартты.
Осыдан бір ай бұрын басталған жаңа бас көтерудің ерекшелігі – бұл жолы шерушілер қарасы көп болды. Қарсыластар Бангкоктың көшесіне 100 мыңдай адамды алып шықты. Және олар өздерінің айрықша белгісі ретінде қызыл көйлек киюді таңдағандықтан, Бангкок көшелері қызыл алауға айналғандай еді. Әлем телеарналары сол қызыл толқынды жиі көрсетті.
Сәуірдің алғашқы күндерінен бастап, шерушілер белсенді әрекеттерге көшті. Алдымен олар астананың тарихи орталығын, сауда орындарын басып алды, содан кейін сайлау комиссиясының үйіне басып кірді, биліктегі демократиялық партия үйінің маңында гранаталар жарып, күш көрсетті. Ақырында парламент ғимаратына шабуыл жасады.
Оппозицияның осындай шектен шыққан әрекеттеріне қарсы күшпен тосқауыл қоюға биліктің шамасы да келетіндей. Қазір астанада елу мыңдай әскерилер мен полиция құрамы тұрған көрінеді. Тіпті ел ішінде үкіметтің шерушілердің жүгенсіздігіне орынсыз төзімділігі сынға да алынып жатыр. Бір жағынан биліктің күш қолданбау саясатын қолдаған да жөн шығар, бірақ оппозицияның шектен шыққаны соншалық, олар лаңкестік әдіске көшіп, үкімет адамдарын кепілдікке ала бастады.
Бұл елден түскен соңғы хабарларға қарағанда, үкімет қатаң шараға амалсыз баруға мәжбүр болғандай. Шерушілердің Бангкоктың қаржы орталығына кірмек әрекеттеріне әскерилер тоқтау жасапты. Ал оппозиция бұған көнбесе, ол күш қолдануға соқтыруы әбден мүмкін. Бұған дейін де полициямен қақтығыста ондаған адамның қаза тауып, жүздеген адамның жараланғанын еске алсақ, әскерилермен қақтығыстың салдары одан жаманырақ болатыны ықтимал. Сонымен бірге, “қызыл жейделілердің” бітпейтін шерулерінен халық та шаршағандай. Сауалдама жүргізілгенде, жауап бергендердің 55 пайызы шеруді тоқтату керек десе, тек 11 пайызы ғана жалғастырған жөн деген.
Тайландтағы оқиғалардың тағы бір ерекшелігі – соңғы кезде халық тарапынан да үкіметті жақтайтын топтар бой көрсете бастады. “Қызғылт көйлектілер” деп аталатын оларға “ұлтты қорғаушы азаматтар” деген анықтама берілуінде де біраз мән бар. Сөйтіп, енді оппозиция мен билік қақтығысар болса, іс мықтап насырға шабады.
ЯДРОЛЫҚ ҚАРУМЕН ОЙНАМАС БОЛАР
Солтүстік Кореядан тағы да жаманат хабар келіп түсті. Бұл ел жақын уақытта, нақтырақ айтқанда, мамыр-маусым айларында ядролық қаруларын тағы да бір сынамақ көрінеді.
Бүкіл әлем ядролық қарудан қалай құтылудың жолын іздеп, бас қатырып жатқанда, Корея Халық-Демократиялық Республикасы деп аталатын халқы үнемі ашқұрсақ жүретін елдің ядролық қаруды сынамақ ниетін бүкіл адамзатқа қарсы әрекет деп бағаламасқа амал жоқ. Өзінің халқын аямаған елдің басшылығының басқаларға мейірімі түспейтіні айдан анық. Жалпы, бұл ел жеке өзі оқшау қалып қана қоймай, бүкіл әлемге қарсы әрекетке барып отыр.
Ұрыс-керіс жүрген жерде “бопса” деген ұғым бар. Оны қарсыласына қыр көрсету деуге болар. КХДР-дың бопсаға жүгініп, басқаларға қыр көрсеткеніне көп болды. Ол қарсыластарын, яғни АҚШ пен Оңтүстік Кореяны тас-талқан етемін дегенін жұрт талайдан бері естіп келе жатыр.
Басқалар бұл елдің сол бопсасынан қатты қорқады деудің де жөні жоқ. Оның қаншалықты күші барлығын, әскери әлеуеті қандай екенін АҚШ пен Оңтүстік Корея да, бұл елдердің одақтастары да жақсы біледі. Сөйтсе де КХДР тарапынан әрқилы жағдайды күтуге болады. Халықаралық қоғымдастықпен қаншама келіссөз жүргізіліп, тіл табысуға да қол жеткендей болғанның өзінде, Пхеньян аяқ астынан түрлі орындалуы қиын шарттарды алға тосып, кереғар әрекеттерге барып жататыны да бар. Бұл ел бұған дейінгі келісімді бұза отырып, екі рет ядролық сынақ өткізді. Сол 2006 және 2009 жылдардағы сынақтың нәтижелері жұртқа белгісіз. Кейбіреулер оның ядролық сынақ болғанына да күмән келтіреді.
Екінші сынақтан кейін олар шағын қашықтыққа арналған зымырандарын да ұшырды. Бұл ядролық қаруымыз да бар, оны діттеген жерімізге жеткізе алатын зымырандарымыз да бар деген сөз. Шағын қашықтық болғанда, олар Оңтүстік Кореяны нұсқайтыны белгілі. Сол екінші сынақтан кейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі оған бағытталған санкцияны күшейтті. Ал КХДР басшылығы мұндай шараға жауап ретінде тағы да сынақ өткізу жөніндегі ниеттерін алға тосады.
Ал олардың бұл ниеті жай бопсалау ғана болмауы да әбден мүмкін. Оның үстіне елдегі саяси-әлеуметтік жағдай да айтарлықтай күрделі. Елде жүргізілген ақша реформасы да жағдайды қиындата түсті. Саяси диктатура қаншалықты қатал болғанымен, жаппай күйзеліске ұшыраған халықтың бас көтеруінен қауіптенген билік оның назарын басқаға аударғысы келеді. Ол – сыртқы жауға қарсы тұру. Оның басты жолы – ядролық сынақ өткізіп, барлық күш-қуаттың соған кетіп жатқанын көрсету.
Сөйтсе де, халықтың төзімі таусылып бара жатқандай. Ал елде қақтығыстар орын ала қалған жағдайда осындағы ядролық әлеует үлкен қауіп көзіне айналуы мүмкін. Содан да биылғы наурызда АҚШ пен Оңтүстік Кореяның Солтүстік Корея тарапынан болатын қауіптің алдын алуға байланысты стратегиялық бірлескен шаралар белгілегені, ең алдымен ядролық нысандарды залалсыздандыру жөнінде хабар тарады. Ал оған Пхеньянның жауабы дайын: АҚШ пен Оңтүстік Корея сондай әрекетке барар болса, “ойламаған ядролық соққы алатынына” уәде берді.
Оның бір көрінісі – жақында өтеді деген ядролық сынақ. Бүкіл әлем сол ядролық қаруды қысқартайық, таратпайық, деп бір мәмілеге келгендей болып жатқанда, КХДР-дың бұлай қияс тартуы – халықаралық қоғамдастыққа қыр көрсету, алабөтен әрекет. Ол жақсылыққа апармайды.
Мамадияр ЖАҚЫП.