Ғылым • Бүгін, 08:38

Электрондық микроскоп іске қосылды

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сәтбаев университетінің Тау-кен металлургия саласындағы инжиниринг орталығында заманауи «Quattro S» сканерлеуші электрондық микроскобы (SEM) қолданысқа енгізілді. Құрылғы қазір ғылыми зерттеу жұмыстарына тұрақты пайдаланылып жатыр.

Электрондық микроскоп іске қосылды

Сурет: aikyn.kz

«Quattro S» материалдардың бетін жоғары дәлдікпен зерттеуге мүмкіндік береді. Ол үлгінің беткі морфологиясын көрсетеді, микро және наноқұрылымын талдайды. Бөлшектердің өлшемін, кеуектілігін, сондай-ақ материал ішіндегі фазалардың біртектілігін анықтай алады.

Микроскоп энергия-дисперсиялық рентгендік спектроскопия (EDX) модулімен жабдықталған. Бұл модуль материалдың элементтік құрамын дәл өлшейді. Аталған мүмкіндік әсіресе функционалды мате­риалдар – MXene және металл-органи­ка­лық қаңқалар (MOF) үшін маңызды.

MXene құрылымдарында Ti, C, O, F сияқты элементтердің арақатынасын бақылау қажет. Өйткені осы құрам электрөткізгіштікке, каталитикалық бел­сен­ділікке және сорбциялық қасиеттерге тікелей әсер етеді. Ал MOF материалдарында металл түйіндері мен органика­лық лигандтардың таралуын анықтау маңызды. Бұл кеуек құрылымының тұрақтылы­ғын, адсорбциялық сыйымдылығын және таңдаулы сіңіру қабілетін бағалауға мүмкіндік береді.

SEM–EDX кешені арқылы түрлі үлгі зерттеліп жатыр. Олардың қатарында металлургиялық шикізат, кен минералдары, металл қорытпалары, көміртекті және кремний негізді сорбенттер, сондай-ақ MXene/MOF негізіндегі композициялық материалдар бар. Бұл зерттеулер «құрылым – құ­рам – қасиет» байланысын нақты түсін­ді­руге көмектеседі. Нәтижелер экология және энергия саласына арналған жаңа тиімді ­мате­риалдар әзірлеуге жол ашады.

Наноөлшемдегі объектілердің қасиетін SEM құралдарынсыз анықтау қиын. Дәстүрлі оптикалық микроскоп көбіне микрон деңгейіндегі нысандарды ғана көрсетеді. Ал «Quattro S» наноөлшемді материалдарды терең талдауға арналған.

«Quattro S» – құрылым мен құрамды бір уақытта дәл зерттейтін аналитикалық кешен. Ол наноматериалдардан бастап тау-кен және металлургия саласындағы үлгі­лер­ге дейін әртүрлі материалмен жұмыс істеуге бейімделген. Құрылғы зерттеулер­дің сапасын арттырады. Алынған деректер­дің халықаралық ғылыми стандарттарға сай ­болуына ықпал етеді.

Жаңа микроскоптың іске қосылуы уни­верситеттегі ғылыми жұмыстың қарқынын күшейтеді. Магистранттар мен докторанттарды даярлау сапасын көтереді. Сондай-ақ өнеркәсіпке бағытталған қолданбалы зерттеулерді дамытуға жағдай жасай­ды. Ғылыми нәтижелерді нақты өндірістік ше­шім­дерге енгізу мүмкіндігін кеңейтеді.

Жалпы, «Quattro S» сканерлеуші элек­трондық микроскопының қолданысқа берілуі еліміздегі материалтану және нанотехнология әлеуетін нығайтатын маңызды қадам. Бұл ұлттық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қызмет етеді. 

Соңғы жаңалықтар