– Махаббат Сәдуақасұлы, әңгімемізді өткен жылы мерейтойы аталып өткен ұлы тұлғалардың есімімен бастасақ. Өзіңіз басшылық етіп отырған мекеме қызметкерлері Сирия жерінде әл-Фарабидің кешені мен кесенесін, Абай Құнанбайұлының Ташкент, Мәскеу қалаларындағы ескерткішін жаңарту жұмыстарына қатысты. Сонымен бірге Дамаскідегі Сұлтан Бейбарыс бабамыздың кесенесінде реставрациялық жұмыстар жүргізгені белгілі.
– «Қазқайтажаңарту» мекемесінің Қазақстан тарихымен байланысты халықаралық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыруда үлкен тәжірибесі бар. Халықаралық жобалар қай кезде де тараптар үшін жаңа мүмкіндіктер, тиімді келісімдерге жол ашатыны белгілі. Келіссөздер жүргізу, үкіметаралық жобаларға қатысу, нормативтік-құқықтық актілерді дайындау, тиісті министрліктермен бірлесе жұмыс істеу мамандар тәжірибесін шыңдай түсетіні анық. Дамаск сапары есімдерін әлемдік өркениеттен бөле жарып қарауға болмайтын бабаларымыздың ұрпағы екендігімізді тағы да бір паш еткендей. Бұл екі мемлекет басшыларының келісімі аясында жүзеге асып отырған ауқымды жоба. Қазіргі кезде бұл жұмыстардың толық аяқталғаны белгілі. Ендігі кезекте екі ел арасындағы келісімшартқа сәйкес алдағы уақытта кешенді қаржыландыру мен басқару мәселесі анықталған соң жұмыстар жалғасын табатын болады. Халықаралық байланыстарымыз мұнымен тоқтап қалмайды. Санкт-Петербор қаласындағы Жамбыл Жабаевқа, Минск қаласында ІІ Дүниежүзілік соғыста қайтыс болған жерлестеріміздің және Тәжікстан шекарасында «Қазбат» әскерлеріне арналған ескерткіштерді қою жұмыстары да «Қазқайтажаңарту» мекемесі мамандарының қатысуымен жүзеге асты. Осы орайда алдағы уақытта мамандарымызды тарихымыз ортақ өзбек еліне тәжірибе алмасу мақсатында жіберуді жоспарлап отырмыз. Ұлы Жібек жолымен өткен үлкен сауда сүрлеуінде қалпына келтіретін ғажайып ескерткіштер көп. Сонымен бірге Әзербайжан елімен де байланыстарымызды нығайту жоспарлануда.
– Ескерткіштерді жаңғырту жұмыстарының барысына қатысты көп жағдайда белгілі бір аймақ тұрғындары, сала мамандары наразылық білдіріп жатады. Осы орайда көне мұраның өз кезеңіне тән ерекшеліктерін сақтау барысында мамандар қандай негіздерге сүйенеді?
– Ұшса құстың қанаты талатын ұланғайыр қазақ даласында сан ғасырлық тарихымыз сайрап жатыр. Ескерткіштер белгілі бір халықтың мәдени мұрасының жалпылама атауы, яғни адамзаттың көне заманнан күні бүгінге дейінгі дамуы жолындағы түрлі саладағы аса маңызды жетістіктерінің ерекше, қайталанбас заттық-рухани үлгі-нұсқалары. Осынау тарихи ескерткіштерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз дегенге келетін болсақ, егемендік алғаннан бастап ел аумағындағы тарихи ескерткіштерге арнайы көңіл бөлініп, бағдарламалар әзірлене бастады. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылды. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы аясында әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттары жүйелі түрде жиналып, зерттелді. Осы құнды жәдігерлерді жинақтай келе, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялады. Осылайша, қайта түлеудің айрықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыру қолға алынды. Бүгінде «Қазқайтажаңарту» кәсіпорны тарапынан жүзеге асатын жұмыстар Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығымен жүзеге асып келеді.
– Қазіргі кезде «Қазқайтажаңарту» мамандары Әзірет-Сұлтан музей-қорығының мемлекеттік қорғауға алынған аумағында кешенді жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатқаны белгілі. Өңірдегі жаңғырту жұмыстары сонымен бірге Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Сауран қалашығына қатысты жұмыстармен жалғасатындығы мәлім. Осы жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
– Жақында Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітованың басшылығымен өткен ғылыми-әдістемелік кеңес отырысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағындағы тарихи орындарды жаңарту, ортағасырлық Сауран қалашығын абаттандыру, сапар орталығын салу және туристер әлеуетін арттыру, Күлтөбе қалашығының цитадель бөлігін жасау, Отырар қалашығындағы қайта жаңғырту жұмыстары талқыланғаны белгілі. Бұл жұмыстардың барлығы біздің мекеме мамандарына үлкен жауапкершілік жүктейді. Өткен жылдың өзінде республика аумағында мемлекеттік тізімдегі 49 нысанға ғылыми реставрация жасалды. Оның ішінде «Алтын Орданың» 750 жылдығына орай Жошы және Алаша хандардың кесенелерінің реставрациялық және қорғау аймағын абаттандыру жұмыстарын атап өтеміз. Сонымен бірге біздің мамандар Түркістан қаласындағы мемлекеттік «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық музейінің құрамына кіретін 17 тарих және руханият ескерткіштерінде, Түркістан облысында Көне Отырар қалашығындағы археологиялық және тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарымен қатар Абайдың 175 жылдығына орай Ахмед Риза мешіт-медресесіне, Абайдың Жидебайдағы қыстауына, Ұлжан мен Зере аналарымыздың кесенесіне, М.Әуезовтің туып-өскен үйіне жаңарту жұмыстарын жүргізуге атсалысты. Осы орайда Ұлы Жібек жолы бойындағы ескерткіштерді қалпына келтіру мәселесінде Оңтүстік Қазақстан, Жетісу өлкесімен қатар еліміздің Атырау, Орал, Көкшетау аймақтарындағы тарихи жерлерге де терең мән беру керектігі қаперімізде болуы керек. Осы сайын даладағы киелі ескерткіштердің шырақшысы ретінде тарих, мәдениет және сәулет ескерткіштерін жөндеу, реставрациялау, консервациялау, регенерация мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, ескерткіштер жинағын дайындау, жобалау және сметалық құжаттаманы жасау, елімізде және шетелдерде қазақ тарихына, өркениетіне, мәдениетіне қатысты ескерткіштерді қалпына келтіру, монументалды ескерткіштерді орнатуға байланысты сан-салалы жұмыстардың барлығы осы мекеменің тарихымен тығыз байланысты.
– Құрылғанына қырық жылға жуықтап қалған кәсіпорын мамандары осы жылдарда 400-ден астам ескерткішті қайта жөндеуден өткізген екен. Мұндай ауқымды жобаларды заманауи материалдық-техникалық мүмкіндіктер мен білікті мамандарсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Ал отандық реставрация саласындағы тәжірибенің аздығы тұрғысында айтылып жүрген мәселенің төркіні де осы жайттармен байланысты болса керек.
– Бүгінде елімізде ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында реставрациялаудың тұтас жүйесі түзілген. 1978-1993 жылдар реставрация саласының шарықтау кезеңімен сәйкес келді десек, осы кезде еліміз облыстарында 22 реставрациялау шеберханасы ашылды. Кәсіпорын құрамына қуатты өндірістік базалар, құрылыс техникасы, жабдықтары мен тәжірибелі мамандары топтасты. Төрт жүзден астам ескерткіш қайта жөндеуден өтті. Ал қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыру күрт қысқарған жылдарда шеберханалар жергілікті атқарушы органдардың қарамағына берілді. Осы кезеңде тиісті министрліктің қарамағында бір ғана ұйым қалып, кейіннен бұл мекеме «Қазқайтажаңарту» РМК болып қайта құрылды. Қазіргі таңда мекеменің ғылыми-зерттеу және жобалау филиалы, яғни өңдірістік бас кеңсесі Алматы қаласында болса, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Орал қалаларында төрт мамандандырылған қалпына келтіру облыстық филиалдары бар. Кәсіпорын мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржыландыру есебінен жұмыс істейді. Ғылыми-зерттеу филиалының мамандары республика көлеміндегі ескерткіштердің жағдайына мониторинг жасағаннан кейін қортындысына сәйкес ескерткіштерге алдын ала сметалық құжат дайындап, бюджетке алдағы 3 жылға тапсырыс беріп отырады. Қаражат бөлінгеннен кейін нысанның ғылыми-жобалық құжаттамасы дайындалады. Аталған мекеменің құрылыс-монтаж, жобалау жұмыстарын жасауға ІІ дәрежелі, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра нысандарын реставрациялау мен археологиялық жұмыстарын жүргізу лицензиясы бар. Бүгінде «Қазқайтажаңарту» мамандары ғылыми бағыттағы жұмыстарды да негізге алып келеді. Ескерткіш мұраларымыз жайында жинақталған мол архив деректері осы кәсіпорынның қорында сақтаулы. Бұл ескерткіштерді жаңғырту бағытында нақты мәліметтер алуға кепіл болатын құнды құжаттар. Ал жаңарту жұмыстары басталған кезеңде өңірдегі филиалдардан 700-ге жуық маман іске жұмылдырылады. Олардың басым көпшілігі тәжірибелі реставратор-мамандар. Сонымен бірге ескерткіштерді жаңғырту, қайта қалпына келтіру жұмыстары барысында Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, еліміздегі бірден-бір «Қырым аралы» реставрациялық орталығының мамандары және де белгілі археологтер, тарихшылармен бірлесіп жұмыс істейміз. Тіптен ескерткіштерді қалпына келтіру барысында тарихи тұлғалардың көзі тірі ұрпақтарының айтқандарын да негізге алып отырамыз.
– Бүгінде республикалық маңызы бар ескерткіштердің саны қанша?
– Ел аумағы бойынша республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізімінде 250 нысан бар. 2019 жылдан бері толықтырулар мен өзгертулер енгізілген Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңының аясында ескерткіштерді бірнеше түрге бөліп қарастыру көзделген. Оның ішінде, археология, қала құрылысы және сәулет ескерткіштері, ансамбльдер мен кешендер, киелі нысандар, монументтік өнер құрылыстары бар. Ол жыл сайын жаңартылып отырады әрі жаңа құнды жәдігерлер мен тарихи нысандар министрліктің арнайы құрған комиссиясы шешімімен осы тізімге енгізіледі.
– Алдағы жоспарларыңызбен де бөлісе кетсеңіз...
– Биыл кәсіпорын 40 нысанда ғылыми-реставрациялық жұмыстарды бастауға дайын. Мұнымен қоса, жақын арада Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысына сәйкес тағы да 2 нысанды жаңартуды жоспарымызға енгіздік. Оның қатарында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың музей үйі мен кесенесіне реставрация жүргізу. Мұнымен қоса, келер жылы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл болуына орай Алматы қаласындағы жазушының музей үйін жаңғырту жұмыстары пысықталуда. Алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары «Қазақстанның рухани киелі жерлері», «Қазақстанның сакралдық географиясы» жобаларын іске асыру мақсатында ұлы тұлғаларымызды, белгілі қайраткерлерді, сонымен бірге елеулі тарихи оқиғаларды есте қалдыру, ішкі туризмді дамыту, киелі нысандарға қолжетімділікті қамтамасыз етуде инфрақұрылым және логистиканы жетілдіру жұмыстарын жалғастыра беретін болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»