Экономика • 25 Наурыз, 2021

Зауыт қалдығынан жұрт зардап шекпесін десек...

1017 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тараз қаласынан шығып Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылына баратын «Тараз-Аса» бағытындағы тасжолдың бойында тау-тау болып үйілген фосфогипс қалдықтары бар. Бұған жұрттың көзі де үйреніп кеткен. Ал бұл аумақ Тараз қаласымен іргелес, сондай-ақ маңында Жамбыл ауданына қарайтын бірнеше ауыл орналасқан. Осы аумақта «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Минералды тыңайтқыштар зауыты жұмыс істейді.

Зауыт қалдығынан жұрт зардап шекпесін десек...

 

Жалпы, өңірдегі ірі өндіріс ор­ны елімізге ғана емес, бірқа­тар шет мемлекетке де танымал. Күніне мыңдаған тонна өнім өндіретін кәсіпорын ел эко­номикасының дамуына айтар­лықтай үлес қосуда. Алайда Жам­был ауданы Шайқорық ауы­лының тұрғындары осы фосфогипс төгінділеріне байланысты ша­ғымдануда. Жел тұрған уақытта зауыттан шыққан әлгі қалдықтар ұшып, ауылды шаң басып қалады екен. Сондай-ақ жергілікті жұрт мұның адам денсаулығына зияны бола ма деп те алаңдаулы.

Қазіргі кезде бұл жерде шамамен 13 млн тоннадан астам фос­фор өнімінің қалдығы бар. Ми­нералды тыңайтқыштар зауыты мен одан әрі орналасқан Жаңа Жамбыл фосфор зауытынан шығатын қалдықтар талай жылдан бері осы жерге үйіліп келеді. Ал енді аталған кәсіпорындарда жыл сайын өнім көлемі артып келе жатқандықтан, одан шығатын фосфогипс те кө­бейіп отыр. Тұрғындар талай рет дабыл қағып, мәселе көтергенімен, оның шешілетін түрі көрінбейді. Біз аталған мә­селе бойынша Шайқорық ауы­лына арнайы барып, тұрғын­дармен кездескенімізде, олар қалдықтардың ауылға кері әсерін тигізіп отырғанын, мәселе талай рет көтерілсе де тиісті орындардан ешқандай да шешім қабылданбағанын айтты.

«Өңірде жақында ғана қат­ты дауыл тұрғанын бәріңіз бі­лесіздер. Сол кезде фосфогипс қалдықтарының шаңы ауыл­ды басып қалды. Тіпті шаң үйдің ішіне дейін кіріп кетті. Әрі мұның адам денсаулығына зияны бар ма деп қорқамыз. Себебі осы уақытта малдың біразы іш тастады. Жаңа салынған алма бақ қурап қалды. Жергілікті басшылар осы мәселені шешіп берсе екен дейміз», дейді ауыл тұрғыны Бақыт Иманалиев.

«Бұл мәселенің туындағанына талай жыл болды. Жыл өткен са­йын қалдықтардың көлемі де артып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылда сиырлардың тісі өсіп кеткен, талдардың жапы­рақ­тары өздігінен қарайып кеткен жағдайлар болған. Мұның бәрі фосфогипс қалдықтарының шаңынан емес пе екен деп ойлаймын. Зауыттың басшылығы оны көшіруге шамасының келмейтінін айтуда. Мәселені қазір шешу де қиындық тудыруда. Екі ортада қарапайым халық қиналып отыр. Тым құрыса жан-жағына тал егіп, үстін жауып бір әрекет жасаса деген ойымыз бар. Одан кейін ауыл сазды жерде орналасқан. Әлгі қал­дықтардың зияны ауыз су арқылы келе ме деп те қорқамыз», дейді та­ғы бір ауыл тұрғыны Серік Лес­баев.

Бұл ретте тұрғындардың уәжі орынды. Тіпті, кейбір тұрғындар ауылдан көшіп те кетіпті. Бірақ барлық елдің ауылдан көшуге мүмкіндігі жоқ. Қазіргі кезде ауылда төрт мыңға жуық адам тұрады. Дегенмен тұрғындардың айтуынша, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров ауылға газ тартуға, спорт алаңдарын са­луға және өзге де шаруаларына де­меушілік жасапты.

Ауылдықтар фосфогипстің жел­ді күні көз аштырмайтын ша­ңы өз алдына, қауіпсіздік мәсе­лесіне де алаңдап отыр. Бұл мә­се­ле – тұрғындардың бәріне ор­тақ. Ауылдықтар қалдықтарды көшірмесе де, оның халыққа бір зияны тимейтін әрекет жасалса дейді. Енді бұл мәселенің қалай шешілетінін білу мақсатында біз Мұқаш Ескендіровтің өзімен жолықтық. Еңбек Ері мұндай мәселенің бар екенін айтты.

«Аталған минералды тыңайт­қыштар зауыты жетпіс жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол кезде қазіргі фосфогипс қалдықтары орналасқан аумақ Тараз қаласынан да, ауылдардан да алыс болатын. Қазір бұл жерде 13 млн тонна қалдық бар. Аталған кәсіпорын күніне 2 мың тонна өнім өндіреді. Уақыт өткен сайын қалдық кө­лемі де ұлғайып келеді. Әрине, мұнша көлемдегі төгінділерді көшіру мүмкін емес. Бірақ біз қал­дықтардың бір тоннасын 1 мың теңгеден сатамыз деп шештік. Алайда оны да ешкім алмайды. Елге көрсетіп берейік деп, өзіміз 5 мың тонна қалдықты Жамбыл ауданының бірқатар ауылдарына тегін апарып бердік. Фосфогипс негізінен жерді тыңайтуға көп әсер етеді. Ауыл шаруашылығы дамыған біздің облыс үшін бұл – таптырмас нәрсе. Ел соның өзін алмай отыр ғой. Бұл қалдықтарды облыс аумағында сақтағаны үшін зауыт облыс бюджетіне ақша тө­лейді. Мәселен, өткен жылы біз бюд­жетке 2,9 млрд теңге төле­дік. Бұл – аз ақша емес. Енді жер­гілікті билік сол қаражатқа мәсе­лені шешудің жолдарын қа­рас­т­ыруы керек қой», дейді М.Ес­кен­діров.

Сондай-ақ кәсіпорын басшысы фосфогипс қалдықтарының жол салуға да жарайтынын, егер мемлекет тарапынан сол мақсатқа пайдалануға сұраныс түсіп жатса, тегін беретінін жеткізді. Бірақ әзірге бұл орындала қоймайтын сияқты.

Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің мәліметіне сүйенсек, Шайқорық ауылы фосфогипс төгіндісінен 1300 метр қа­шықтықта орналасқан екен. Екі аралық бір шақырымнан сәл ғана асады. Бірақ өткен жыл­ға арналған өндірістік бақы­лау деректеріне қарасақ, шаң бо­йынша артық мөлшер белгі­лен­беген. Департаменттің жер­гілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс жоспарына сәй­кес, Шайқорық ауылының шекарасында осы өндірістен шаң мен басқа заттарға 6 рет сынамалар алыныпты. Алайда нормадан асып кеткен жағдай тіркелмеген. Қазіргі кезде Минералды тыңайт­қыштар зауыты аумағында шаң­ның пайда болуын азайту үшін бірқатар алқапқа жасыл желектер отырғызылды. Ал фосфогипстің екінші қоқыс салатын аумағына өткен жылы 1500 ағаш көшеті егілген.

«2021-2026 жылдарға арнал­ған іс-шаралар жоспары не­гізінде шығарындылар кө­зіне ав­­то­маттандырылған жүйе­ні ен­гізу жоспарланған. Оның ұң­­ғы­­маларында жерасты сула­ры­ның жағдайын бақылау, санитарлық-қорғау аймағының шекарасындағы топырақтың жай-күйін бақылау, аумағы 8 гектар болатын санитарлық-қорғау аймағын қарағаш көшеттерін отырғызумен көгалдандыру, жы­лына санитар­лық-қорғау ай­мағында 1 мың жасыл желекті санитарлық күтіп-ұстау мен жылына 30 мың тонна фосфогипс қалдықтарын кәдеге жарату көзделген», дейді облыс бойынша экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев.

Оның айтуынша, фосфогипсті ауыл шаруашылығында сортаң және қышқыл топырақты химия­лық мелиорация үшін қол­да­нуға болады екен. Ал оны жа­ратудың баламалы нұсқасы жол құрылысына қолдану болып отыр. Алайда өңірде мұның еш­қайсысына сұраныс жоқ. Қал­дықтар сол тау болып үйілген күйі әлі тұр.

«Үйінділердегі фосфогипс кө­лемі – 14 млн 175 мың тонна. Фос­фогипстің тұтынушыларға са­тылуы жылына 0,032 млн тон­надан аспайды. Бұл Тараз қала­сы үшін экологиялық мәсе­ле және қор­шаған ортаны қор­ғаудың шұғыл шараларына жатады. Бұл мәселе бо­йын­ша біздің департаментпен қолайсыз метеорологиялық жағ­дайлар туындаған жағдайда «Қазгидромет» мекемесінің фи­лиа­лы және Минералды тыңайт­­қыштар зауыты арасын­дағы ын­тымақтастық туралы үшжақты меморандум жасалған», дейді департамент басшысы.

Бірақ құжаттар қабылдан­ғанымен, миллиондаған тонна тө­гінділерді біржола құртып жі­берудің мүмкіндігі жоқ болып тұр. Мәселен, фосфогипс көлемі 25 және 28 гектар болатын екі аумақта, кәсіпорынның қоқыс үйінділерінде орналасқан. Қазір ауданы 25 гектар болатын бірінші үйінді жобалық деңгейге дейін толтырылған болса, бүгінде пайда болған фосфогипс екінші қоқыс үйіндісінде орналастырылған. Бұл үйінді бұрынғы айналма жолдың артында тұр. Мұнда 2013 жылдан бастап қалдық төгіліп келеді. Сол қалдықтардың бәрі де жергілікті жұртшылықтың жанайқайына себеп болып отыр. Шайқорық ауылының тұрғындары жергілікті биліктен осы мәселені шешіп беруді сұрайды. Егер зауыт қал­дығынан жұрт зардап шекпесін десек, күрделі мәселенің күр­меуін шешетін бір жолдың қарас­тырылғаны дұрыс.

 

Жамбыл облысы