Оқиға • 25 Наурыз, 2021

Көктем шуағын шашқан көрме

822 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақ қар, көк мұз дала. Шуақты көктемнің иісі кітапхана фойесінде ашылған суретшілер көрмесінде ғана сезіледі. Өнер десе ет жүрегі езіліп тұратын өскемендіктер бұл күні «Көктем бояулары» атты көрмені тамашалауға асығып бара жатқан.

Көктем шуағын шашқан көрме

Шығыста тарыдай шашылып жүрген қылқалам ше­бер­лерінің бастары бірігіп, ал­дыңғы жылдары «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігін құрған бола-тұғын. Құра­мында қазақтың кіл мықты кәсіби суретшілерінен бастап, әуес­қой жастарға дейін бар. Міне, бұл – солардың алғашқы өткізіп отырған көр­мелерінің бірі. Бұған дейін Абайдың 175 жыл­дығына орай «Көзімнің қарасы» атты үлкен көрме ұйымдастырған.

Бұрын-соңды Шығыс Қа­зақстанда мереке-мейрам қар­саңында суретшілер көр­месі өтіп көрген емес. Әр­кім өзінің жеке көрмесін ұйым­дастырғандары болмаса, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарысып, бейнелеу өне­рін Өскемен шаһарында дәріптей бастағаны міне ға­на. Жастардың қолға қыл­қа­лам алып, ұлт руханиятына үлес қосып жатқаны Су­­­ретшілер одағының мү­ше­­­лері Құдаш Нұрсадықов, Ер­­жан Тұрғанбаев, Гүлнар Миғраж­қызы сынды аға-әп­келерінің арқасы. Ал шы­ғармашылық бірлестіктің құ­рылуына мұрындық болған Құдаш Дәулетханұлы облыс­тың төрт бұрышында жүрген суретшілерді бірлестікте топтастырып, әртүрлі тақырыпта көр­мелер ұйымдастыруды қол­ға алды.

1

– Өскеменде суретшілердің бірлестігі бар. Бірақ облыс ор­талығынан алыс ауыл­дар­дағы суретшілер өз қаза­нында ғана қайнап жатыр. Тәжірибе алмасатындай мүмкіндіктері жоқ еді. Бірақ тасада жүрген небір таланттар бар. Солардың бәрімен тізе қосып, ақылдаса отырып жобалар жасауды қолға алдық. Бұл – бастамасы. Талантты жас­тар таңғалдырады әлі, – деген Құдаш Нұрсадықов шәкірттеріне зор сенім біл­дірді.

Бұл жолы Оралхан Бөкей атындағы кітапханада ұйым­дастырылған «Көктем бояулары» көрмесіне 15 суретші қатысып, қазақ халқының тұр­­­­мысынан, тарихы мен дәс­­­түрінен сыр шертетін ту­ын­­дыларын ұсынды. Әр жұ­мыс әр стильде, әр жанр­­­да орындалған. Мысалы, семейлік суретші Маржан Ба­қытбек «Қыстың соңғы күні» картинасында шығыстағы өла­ра мезгілді айнытпай суреттеген. Шақырайып күн шы­ғып тұрғанымен, қар көбесі сөгіле қоймаған. Наурыз тая­ғанымен, көктемнің кеш ке­­лері сезіліп тұрғандай. Асы­лында, қазақ халқы ұлыс ме­рекесі қарсаңында соғымнан қалған сүр етті қазанға салып, наурызкөже пісіріп, ақ дастарқанға қоятын. Сол сәтті натюрморт жанрында бейнелеген тарбағатайлық суретші Еркебұлан Жәкішевтің «Нау­рызкөже» атты полотносы да өте сәтті шыққан. Қуаныш Әділбектің сәукеле киген қа­зақ қызын майлы бояумен мөл­дірете жазған портреті де өнерсүйер қауымның назарын аударды. Рада Бейсенова, Данияр Алдабергенов, Дәулет Тастемір, Айбек Самарқанов, Еркебұлан Сванов, Әді­лет Болатұлы, Досжан Данияр­ұлы сынды қылқалам шебер­лері ойнақы түстермен жаз­ған кар­­тиналары арқылы көрер­­менге көктемгі көңіл күй сый­лауға тырысқан. Көрер­мен демекші, сол баяғы сани­тарлық талаптарға байла­ныс­ты көпшіліктің жиналуына мүмкіндік болмады. Әйт­песе, бейнелеу өнеріне қы­зығушылық танытатындар аз емес. Қызығып қана қоймай, өздеріне ұнаған картинаны сатып алуға ниет білдіретіндер де кездеседі. Суретші қауымның айтуын­ша, салмақты тақырыптағы жұмыстар да жақсы бағала­на­тын көрінеді.

1

«Көктем бояу­­лары» көр­месінде тарихи жанр да шебер­лердің назарынан тыс қалған жоқ. Жас су­ретші Нұржан Сол­­танбеков «Аңырақай шай­қасы» трип­тихі, Жарма ауда­нының сурет­шісі Мәди Қайыр­ханның «Зар заман» картинасы эмоцияға толы.

Ұлыстың ұлы күні қар­саңында өтіп жатқан бұл көрме Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, Қазақстан көркемсурет ака­демиясының 15 жылдығына орай ұйымдастырылды. Көр­кемсурет академиясының 15 жыл­дығымен байланыс­ты елімізде үлкен шаралар өткелі жатқаны белгілі. Соның алғашқы шарасы шығыстан бастау алды, міне. Игі іске ри­за болған академияның төр­­ағасы Амандос Ақанаев шы­­ғыстағы төрт суретшіге жүрекжарды тілегін жазып, арнайы дипломын жіберді. Қылқалам шеберлерінің өз заңдары бойынша мұндай диплом әдетте бір-ақ шеберге беріледі екен. Бұл жо­лы Шы­­ғыс Қазақстаннан Ер­жан Тұрғанбаевқа, Гүлнар Миғра­ж­қызына, Еркебұлан Жә­кі­шевке және «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігінің төрағасы Құдаш Нұрсадықовқа бұйырды.

Ал «Көктем бояулары» көр­­месін қала тұрғындары мен қо­нақтары әлі бір айға жуық уақыт тамашалай алады.

 

Шығыс Қазақстан облысы