Аймақтар • 25 Наурыз, 2021

Аудан бюджетін арттырды

96 рет көрсетілді

Былтыр республикалық бюджеттен Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы құрылымдарына бөлінген субсидияларды алуға өңірдегі шаруа қожалықтарынан 5 мыңнан аса өтінім келіп түсті. Әсіресе жеке қожалықтар мал азығына субсидия алуға айрықша ынталы болды.

 

Биыл өңірдегі өсімдік, мал, астық шаруашылығымен айналысатын құры­лым­­дарды қолдауға тағы да 9 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды. «Об­лыстағы ауыл шаруашылығы құры­лым­дарын мал азығына берілетін субсидиямен толық қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 4,4 млрд теңге қосымша қаржы бөлуін сұрап отырмыз. Оның ішінде өткен жылдан ауысып қалған 1,1 млрд теңге ауыл шаруашылығы құрылымдары алдындағы берешекті жабуға жұмсалады. Енді ірі қара, жылқы, қой, түйе шаруашылығын дамыту үшін қосымша 3,3 млрд теңге қажет», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қ.Сәрсембаев.

Бұл 2019 жылдың соңында бекі­тіл­ген «Ақтөбе облысын дамытудың перспективалары» стратегиялық жобасы негізінде қолға алынған 217 инвес­тициялық жобаның алғашқы нәти­же­лері деуге болады. Стратегиялық жос­пар негізінде Ақтөбе облысының 12 ауданында мал шаруашылығын дамыту, шағын кәсіпкерлік нысандарын көбейту міндеттері нақтыланған болатын. Нәтижесінде бір жарым жыл ішінде өңірдегі ірі қара мен ұсақ мал саны үш есеге, суармалы егіс алқабы бес есеге ұлғайтылды. Тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін әр ауданда ірі тауарлы және дербес фермерлік шаруа қожалықтары құрылды. Шаруашылықтардың бірізділенуіне мемлекеттік бағдарламалар арқылы арзан несиелендіру саясатының тиімді түрде жүргізілуі де себеп болды. Өткен жылы Ақтөбе облысының ауылшаруашылық құрылымдары 202,5 млрд теңгенің өнімін өндірді. Мал басын көбейтіп, астық пен бидай өсіріп, бау-бақшамен айналысатын шаруашылықтар санының артуы жағынан Мұғалжар, Хромтау, Мәртөк, Қарғалы аудандары алда тұр. Мәселен, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Мәртөк аудандық бюджетінің кіріс бөлігі 1 млрд теңгеге ұлғайған. Бұл 13 ауылдық округі, 30 мыңнан астам тұрғыны бар аудан үшін өте жақсы көрсеткіш.

Аудан экономикасының шырайын кел­тірген Мәртөк ауданындағы Саржан­сай елді мекенінің жанында орналасқан «АЙС» тауарлы сүт фермасы. Сүт фермасы 2010 жылы «ҚазАгроФинанс» АҚ қол­дауымен үдемелі индустриялық даму бағдарламасы аясында құрылып, алғашқы жылдары жылына 7 200 тонна сүт өндіріп, сатылымға шығарып жүрді.

Қазір «АЙС» ЖШС сүт өнімдерін облыс орталығына ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріне, соның ішінде Ресейдің Орынбор облысына да шығара бастады. Орынбор облысының Ақбұлақ, Қуандық ауданының тұрғындары «АЙС» ЖШС өнімдерін кеңінен тұтынады. Ақтөбе қаласының супермаркеттерін айран, қаймақ, сары май, сүзбе, ірімшік сияқты табиғи таза өніммен қамтамасыз еткен осы кәсіпорын жергілікті нарықтағы Ресей, Беларусь сүт өнімдеріне бәсеке­лес­ке айналды.

Биылғы қаңтар айында осы серік­тес­тік басшылығы Мәртөк ауданы Тәңірберген ауылдық округінің орталығы Саржансай елді мекенінің жанындағы 16 гектар аумаққа ірі қара, соның ішінде сауын сиырлар ұстайтын кешен құрылысын бастады. Заманауи үлгідегі барлық қондырғылармен жабдықталатын жаңа сүт фермасының құрылысы 68 млн теңгеге бағаланып, жоба «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландырылды. Енді 4-5 ай ішінде сүтті сиырлар үшін арнайы сауын орнымен жабдықталған кешен құрылысын аяқтау жоспарланды. Сауын сиырларды құнарлы жемшөппен қамтамасыз ету үшін Мәртөк ауданында суармалы шаруашылық көлемі ұлғайтылып, сүтті сиырлардың азығы – жоңышқа мен жүгері өсіріліп келеді.

«АЙС» ЖШС директоры Данияр Отарбаевтың айтуынша, жазда кешен құрылысы аяқталған соң асылтұқымды сүтті сиырлар әкелінеді. Жоспар бойынша ерекше күтімдегі бір сиыр жылына 9 800 литр сүт береді. Осы шаруашылықта еңбек өнімділігі артса, Саржансай ауы­лында жаңадан 250 жұмыс орны құ­ры­ла­ды деп күтілуде.

Ақтөбе облысының 600-ден астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие­лендірілді. Өз кәсібін бастаған кәсіп­керлерді қолдау аясы да жылма-жыл артып келеді. Мәселен, өңірдегі ШОБ нысандарына 2019 жылы 2,4 млрд теңге бөлінсе, 2020 жылы оның саны 3,1 млрд теңгеге ұлғайған. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын жан-жақты қолдау мемлекеттік бағдар­ла­ма­лардың көмегімен тиімді іске асып ке­леді. Ерінбеген адамға ауылда да жұ­мыс көп.

 

Ақтөбе облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Ақыл алыбы

Руханият • Кеше

Шығыстанудың биік шынары

Әйел әлемі • Кеше

Бейқамдық белең алып тұр

Коронавирус • Кеше

Үлкен қалада адасу

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар