Брифинг кезінде бірқатар сауалдар вакцинацияға қатысты болды. Тек осы наурыз айында Алматыға алдымен 10800, артынша 16200 доза вакцина жеткізілген. Денсаулық сақтау министрлігінің алдын ала бөлген кестесі бойынша, Алматы сәуір айында – 65200, мамырда – 65200, маусымда – 67 000 дозамен қамтамасыз етілуі тиіс.
Қазір Алматыда вакцина салатын 35 кабинет жұмыс істеп тұр, алдағы күндері базарлар мен ірі сауда орындарында 15 кабинет ұйымдастыру көзделініп отыр. Екпе жасайтын орындар жекеменшік ұымдардың сұранысына сай жасақтала бермек.
КВИ-ге қарсы екпе салдырған адам, қалыпты өмірін жалғастыра бере ме, моншаға түсуге, алкогольді ішімдіктер ішуге, темекі тартуға бола ма деген де сауалдар бар.
Лаура Мырзағалидың айтуынша, вакцина әр адамға әртүрлі әсер етеді. Бірақ халық вакцинация жасатудың маңыздылығын біртіндеп түсініп келеді.
«Коронавирус вакцинасы адамның ағзасына қарай реакция береді. Біреуде жеңіл, енді біреуінде ауыр өтуі мүмкін. Мен де вакцина салдырдым. Жеңіл өтті. Қорқудың қажеті жоқ. Тек орны ғана ауырды. Бала кезімізден бәріміз де екпе жасатып келе жатырмыз. Қалай болғанда да бастапқы 3-4 күн күтінген дұрыс. Ал менімен бірге салдырған әріптестерімнің кейбіреуінің дене қызуы көтерілді, енді бірінде қалтырау болды. Дене қызуы көтерілсе, оны түсіруге көмектесетін дәрілер болады. Олар антибиотик емес, дене қызуын түсіруге арналған парацетамол, ибупрофен секілді препараттар. Соларды ішуге болады. Моншаға барып, спортпен айналысуға да рұқсат. Бірақ бірінші кезекте дене қызуын түсіру керек. Одан кейін вакцина салдырғаннан кейін үш күндей моншаға түсуге, су тигізуге болмайды. Сол тәртіпті сақтау қажет. Одан кейін адамның жағдайына қарай шомылуға болады. Әр нәрсе өз орнымен», дейді Лаура Мырзағали.
Мәселен, әріптестеріміздің тарапынан екпе жасатудан бас тартқандардың дозасы қалай жұмсалады деген сауалға спикер төмендегідей жауап берді.
Әрине, екпе жасатудан бас тартатындар аз да болса, табылады. Есесіне, індетке қарсы екпе жасатудың қажет екендігін түсініп жатқандар көбейіп келеді. Сондықтан да басы артық, керексіз жатқан доза жоқ.
Қазіргі күндері Алматыда денсаулық сақтау министрлігі белгілеп берген адамдарға вакцинация жасалып жатыр. Олар медицина қызметкерлері, мұғалімдер, әскери және полиция қызметкерлері, студенттер, мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлері, диспансерде есепте тұрған адамдар.