Қоғам • 26 Наурыз, 2021

Әр үйде әке патша болмаған соң...

2254 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір әлеуметті әрі-сәрі әңгімелерге жетелеп, қоғам пікірін қырық пышақ қылып қойған мәселелер көп-ақ. Айтыса-айтыса, ешқашан ортақ мәмілеге келе алмайтындардың уәжіне құлақ салсаңыз, ананікі де дұрыс, мына кісінікі де жөн сияқты. Отбасындағы озбырлық, зорлық-зомбылық, әлімжеттік сияқты түрлі әділетсіздіктерден бөлек, жаратқанның ырқына, өз жынысына қарсы шыққандар­дың бастамасын кім тыймақ?

Әр үйде әке патша болмаған соң...

Ауызбіршілігі жоқ үлкендердің арасында бітпейтін даудың ішінен жастар не опа табар дейсіз? Мына қоғамда өсіп келе жатқан жеткіншек кімнің соңынан ермек? Аспандағы ай сияқты болған «жұлдыздардың» өзі де жерге түскен заман. Қалай десек те, кез келген балаға бағдар болатын бір адамның керегі сөзсіз. Бұл жоқтың орнын толтыра алатын тамаша ұстаз, Құдайға қараған, жақсы жолға бастайтын мықты дос әркімнің талайына бұйыра бермеген.

Соңғы уақытта түрлі көкейкесті мәселені көтеруге ұмтылған телевизиялық ток-шоу­ларға шақырыла жүріп, терең ойларға бататыны­мыз рас. 14 жасында жүкті болып, 15-ін­де босанған қыз бала, азғын келін, құмар ойындар жолында өмірін құрбандыққа шалып жіберген жастар... Қысқасы, жүргізушілер сұрақ қойғандай, сарапшылар сөйлегендей болады. Бірақ шешімі қандай? Бір ғана мысал, 14 жасында кімнен жүкті болғанын білмек түгілі, осыны айдай әлемге жариялап, атышулы телехабарда жұрттың алдына именбей шыққан Н-ні алайықшы. Шешесі ақыл беретіндей, қызын қадалағай алатындай күйде емес екенін көз көрді. Әйтпесе, өлімнен ұят күшті, қызымен жетектесіп, қайта-қайта телестудияға келер ме еді?

Үйінде айбарлы әке отырса, әлі бойжетіп те үлгермеген қыздың үйіне әркім басын сұғар ма еді? Әкесі отбасын асырып, бала-шағасына ие болып отырса, шеше қаңғып жүрер ме еді? Әрине, әртүрлі жағдайда әкесіз өсіп жатқандар жеткілікті. Жазмыш үшін ешкімді де жазғыра алмаспыз, сірә. Алайда әкенің үйде болмауы ғана емес, беделінің болмауы, отбасында өзін тыңдата алмауы – жақсылық емес.

Қазір үлкен де кіші де смартфондарына телміріп отырады. Бұл да – қоғамды білдірмей әлсіретіп бара жатқан кесел, дауасы жоқ дерт. Балалардың қолынан телефонын тартып алу мүмкін емес. Оның ішіндегі әлеуметтік желілерде жастарды адастыратын, алтын уақыттарын ұрлайтын түрлі пиғылдар, ойындар жатыр. Осындайда үйде мықты әке болса, ақырмай, жекірмей-ақ, баланы сабағына, спорт пен жұмысқа салатыны аян.

Дегенмен бұл арада бір жайтты жоққа шығаруға болмас. Мәселен, көп әкенің үйінде беделі жоқ. Баласына сөзі өтпейді. Ішімдіктің, жұмыссыздықтың, өтіріктің, жеңіл жүрістің жетегінде жүріп, ұл-қыздарының алдында абырой, беделінен жұрдай болған. Ал әкелердің патшадай болып отырғаны әйелге де оңай.

«Мықты әкенің беделі – баласына қырық жыл азық» болатынын айтып кеткен бабаларымызды былай қойғанда, жуырда барған жеріне судай сіңіп, тастай батқан бір қыздың шешесіне қарап айтқан бір әңгімесі маған көп ой салды. «Әйтеуір қиыншылықтар­дың бәріне шыдап, әкемізбен ажыраспа­ғаны­ңыз дұрыс болыпты. Ата-енем мен күйеуім сіздерден қаймықса да, сыйласа да, мені басынған жоқ. «Құдалардан ұят болады» дегенді айтпаса да, біліп отырасың. Бәрібір әкенің болғаны дұрыс екен», деді ешқандай пәлсапасыз.

Осы жерде тағы бір жайтқа тоқтала кету керек. Мәселен, әкесі жақсы көрген, көзінің қарашығындай аялап, еркелеткен қыз бала да кейін тұрмысқа шыққанда бақытты болады екен. Бұл жерде ғылыми зерттеулерге ден қойып, әлеуметтік сауалдарға жүгінудің өзі артық. Өйткені дұрыс отбасында бойжеткен, жақсы әкенің тәрбиесі мен ықпалын сезініп өскен қыз бала кейін нағыз азамат қандай болу керек екенін ішкі түйсігімен ажырата алады. Бұл – біздің пайымымыз. Ал саясатыңыз не дейді?

«Әкелерінің балаларымен жиі араласуы тек оң сипатқа ие: мұндай баланың физикалық және психикалық денсаулығы мықты, үлгерімі жоғары, танымдық және когнитивті дағдылары, өз-өзіне деген сенімі мен өзін бағалауы жоғары болады. Сонымен қатар әкесі бала тәрбиесіне мән беретін отбасыларда жасөспірімнің мінез-құлқына байланысты мәселелер сирек кездеседі. 2030 жылға дейінгі еліміздің отбасылық-гендерлік саясат тұжырымдамасында саналы әкелік институтты нығайтуда бірқатар шара қарастырылған», дейді Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Ләззат Рамазанова.

Не десек те, әр үйге патшадай әке керек. Бас иесіз отбасы, басшысыз ел болушы ма еді?!