1. Керей хан
Шығу тегі. Орыс ханның шөбересі, Тоқтақия ханның немересі, Болат сұлтанның ұлы.
Билік құрған жылдары. 1457/1458-1465/1466.
Маңызды оқиғалар. 1457 жылы туысы Жәнібек ханмен бірге Дешті Қыпшақта билік құрған шайбанилық Әбілқайыр ханнан бөлініп, Жетісу жерінде Қазақ хандығының негізін қалады. Алғашқы қазақ ханы болды.
2. Жәнібек хан
Шығу тегі. Орыс ханның шөбересі, Қойыршақ ханның немересі, Барақ ханның ұлы.
Билік құрған жылдары. 1465/1466-1474.
Маңызды оқиғалар. Керей ханмен бірге Жетісу жерінде Қазақ хандығының негізін қалады. Керей ханнан соң билікке келді. Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін Дешті Қыпшақта Қазақ хандығының билігін түпкілікті орнатты.
3. Бұрындық хан
Шығу тегі. Керей ханның ұлы.
Билік құрған жылдары. 1474-1510.
Маңызды оқиғалар. Қазақтың үшінші ханы. 1470-1490 жылдары Қазақ хандығының Сыр бойындағы қалалар мен өңірлер үшін күресін бастады, біршама жеңіске қол жеткізді. 1510 жылы тақты Қасым ханға қалдырып, Самарқанға көшіп кетті.
4. Қасым хан
Шығу тегі. Жәнібек ханның ұлы.
Билік құрған жылдары. 1511-1521.
Маңызды оқиғалар. Қазақтың төртінші ханы. Қасым хан – хандықтың күшею кезеңін соңына дейін жеткізген билеуші. Бұрындық хан тұсында Сыр бойы үшін жүргізілген күрестерде қазақ әскерлерінің бас қолбасшысы болады. XVI ғасыр басында Жәнібек хан ұлдарының арасында зор беделге ие болып, 1510 жылғы Мауереннахрдағы шайбанилық билеуші Мұхаммед Шайбанидің Қазақ жеріне жасаған жорығына тойтарыс беріп, оның әскерін Ұлытаудағы ұрыс барысында тас-талқан етіп жеңеді. Осы оқиғадан кейін Бұрындық хан амалсыздан Самарқан жаққа кетуге мәжбүр болады да, Қасым хан Қазақ елінің тағын иеленеді. 1511-1512 жылдары Мауереннахрдағы саяси дағдарысты пайдаланып, оңтүстік бағытта Ташкентке дейінгі жерлерді Қазақ хандығының құрамына қосады. 1516-1521 жылдары батыс бағытта Ноғай Ордасындағы саяси дағдарысты пайдаланып, қазақ ру-тайпаларының жерін Еділ өзеніне дейін кеңейтеді. Ноғай мырзаларын өзіне тартып, олармен туыстық қатынас орнатады.
Қасым ханның тұсында елдің ішкі бірлігі тұрақтанып, қазақ халқының саны бір миллионға жетеді. Ішкі қоғамдық қатынастарды реттейтін «Қасым ханның қасқа жолы» атты заңдар жинағы өмірге келеді. Әскерінің саны үш жүз мыңға дейін жетіп, Қасым ханның билігі тұсында қазақ халқы туралы мәліметтер Мәскеуге, одан әрі Еуропа елдеріне таралады. Барлық ортағасырлық парсы, шағатай тілдерінде жазылған авторлардың еңбектерінде Қасым хан туралы тек жағымды ақпараттар баяндалады. Қасым хан 1521 жылы қайтыс болады. Сүйегі Сарайшық қаласындағы хандар зиратына қойылады.
5. Мамаш хан
Шығу тегі. Қасым ханның ұлы.
Билік құрған жылдары. 1521-1522.
Маңызды оқиғалар. Мамаш хан әкесінен кейін таққа отырып, көп ұзамай өзара билік үшін болған күресте қаза табады. Қазақ хандығы тарихында «уақытша әлсіреу» кезеңі басталады.
6. Тахир хан
Шығу тегі. Жәнібек ханның немересі, Әдік сұлтанның ұлы.
Билік құрған жылдары. 1522/1523-1532/1533.
Маңызды оқиғалар. Мамаш ханнан соң тақты иеленді. Оның билігі тұсында Қазақ хандығында саяси дағдарыс күшейе түседі. Бірнеше рет сыртқы қарсыластардан жеңіліс табады. «Уақытша әлсіреу» кезеңі одан әрі жалғасады.
7. Ахмет хан (Қожа Ахмет)
Шығу тегі. Жәнібек ханның немересі, туған әкесі белгісіз.
Билік құрған жылдары. 1534-1537.
Маңызды оқиғалар. Тахир ханнан соң Қазақ хандығында бір мезгілде бірнеше хан пайда болады. Батыс бөлікте Ахмет (Қожа Ахмет) хан болады. Ноғайлармен болған ұрыстардың бірінде жеңіліс тауып, қаза табады.
8. Тоғым хан
Шығу тегі. Жәнібек ханның немересі, Жәдік сұлтанның ұлы.
Билік құрған жылдары. 1533/1534-1537/1538.
Маңызды оқиғалар. Тоғым хан Қазақ хандығының «әлсіреу кезеңінде» хан болып, шағатайлықтармен болған ұрыстың бірінде қаза табады.
9. Бұйдаш хан
Шығу тегі. Тахир ханның бауыры.
Билік құрған жылдары. 1533/1534-1537.
Маңызды оқиғалар. Жетісу жерінде билік құрады. Ташкент билеушісі Барақ хан ұлы Дервиш сұлтанмен болған ұрыста 24 сұлтанмен бірге қаза табады.
10. Хақназар хан
Шығу тегі. Қасым ханның кіші ұлы.
Билік құрған жылдары. 1538-1580.
Маңызды оқиғалар. Қазақ хандығының қайта өрлеу кезеңі Хақназар ханның есімімен байланысты. Билігінің алғашқы он жылдығында сыртқы қатынастарда белсенділік көрсетпейді, ішкі қатынастарды реттеуге күш салады. 1550-жылдары Ноғай Ордасындағы саяси дағдарыс барысында Хақназар хан ноғай ісіне белсене араласып, Исмайыл бидің қарсыластары – Шейх-Мамай би мен Жүсіп бидің ұлдары мен жақтастарына қолдау көрсетеді. 1560-жылдардың соңында ноғай билеушісі Дін-Ахмет биге (1563-1578) қарсы күресіп, ноғайларды Жем өзенінен Жайық өзеніне дейін ығыстырады.1570-жылдары Хақназар хан Сарайшықты иеленеді. Ол ноғайлармен күресте өзінің түпкі мақсаты – Еділ мен Жайық өзендерінің аралығын иемдену екенін ашық білдіреді. Хақназар хан Ноғай Ордасына қарсы күрес барысында Қырым ханымен байланыс орнатады. Қазақ хандығының солтүстіктегі шекарасын қамтамасыз ету барысында Сібір ханы Көшіммен қатынас орнатады. Мәскеу патшасы IV Иван Көшімге қарсы күресте Хақназар ханмен байланыс орнатуға мәжбүр болады. Хақназар хан оңтүстік бағытта Бұхара мен Ташкент билеушілері арасындағы қайшылықты пайдаланып, Сырдария бойындағы қалаларды иемдену үшін күрес жүргізеді. Осы жолда 1580 жылы сәуір айында Ташкент билеушісі Баба сұлтанның опасыздығынан қаза табады.
11. Шығай хан
Шығу тегі. Жәнібек ханның немересі, Жәдік сұлтанның ұлы.
Билік құрған жылдары. 1580-1582.
Маңызды оқиғалар. Шығай хан жас кезінде Дешті Қыпшаққа аты шыққан әрі батыр, әрі қолбасшы болған. Хақназар ханның жанындағы ең сенімді серіктерінің бірі болған. Хақназар хан қаза тапқаннан кейін 1580 жылы маусым айында хан лауазымымен деректерде есімі кездесе бастайды. 1580-1581 жылы Ташкент билеушісі Баба ханнан жеңіліс табады. 1581 жылы маусым айында ішкі саяси жағдайларға байланысты Бұхара билеушісі II Абдаллах ханның қолына келіп, Ходжентке иелік етеді. 1582 жылы қайтыс болады.
12. Тәуекел хан
Шығу тегі. Шығай ханның ұлы.
Билік құрған жылдары. 1583/1584-1598.
Маңызды оқиғалар. 1586 жылы Тәуекел хан алғаш рет II Абдаллахтың иелігіндегі Ташкент өңіріне жорық ұйымдастырады. Келесі жылдары Тәуекел хан негізгі қарсыласымен күресу үшін басқа көршілермен қарым-қатынас орнатуға ұмтылады. Шығыс Түркістанда өзара күресіп жатқан шағатайлық билеушілердің бір тобына қолдау көрсетеді.
Қалмақ тайпаларының бір тармағына інісін билеуші етіп қояды. Қарақалпақ тайпаларына бір ұлын билеуші етеді. 1590-жылдардың ортасында Мәскеумен елшілік байланыс орнатады. II Абдаллахқа қарсы күресу үшін Иран билеушісі I Аббас шахтың елшілерімен байланысады. Ортақ қарсыласқа қарсы күресу үшін болашақтағы жоспарларын алдын ала келіседі.1597 жылы және 1598 жылы екі рет Мауереннахрға жорық жасап, екінші жорық барысында Ташкент, Самарқанд қалалары мен өңірлерін бағындырады. Бұхара түбіндегі шайқаста ауыр жараланып, қаза табады. Тәуекел ханның Мауереннахрға жасаған жорықтарының қорытындысы бойынша Сырдария өзені бойындағы жерлер Ташкент қаласымен қоса Қазақ хандығының құрамына қосылады. Сөйтіп Тәуекел ханның тұсында Қазақ халқының этностық аумағының қалыптасуы аяқталады.
13. Есім хан
Шығу тегі. Шығай ханның ұлы, Тәуекел ханның інісі.
Билік құрған жылдары. 1598-1616 және 1627-1628.
Маңызды оқиғалар. Есім хан – қазақ тағында екі рет отырған билеуші. Ол Мауереннахрдағы жаңа әулет – аштарханилармен келісімге келіп, оңтүстіктегі Қазақ хандығының иеліктерін мойындатады. Сыр бойындағы Яссы қаласын Қазақ хандығының саяси орталығына айналдырып, ол Түркістан деп атала бастайды. Сол тұстан бастап қазақ хандары мен атақты сұлтандар мен белгілі тарихи тұлғалар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанына жерленеді. Қалыптасқан жаңа уақыт талаптарына сай қоғамдық қатынасты реттеу үшін бұрынғы заңдарды жаңғыртады. Ел аузында ол заңдар – «Есім ханның ескі жолы» деген атаумен қалады. Ташкенттегі қазақ билеушісі Тұрсын Мұхаммед ханмен қайшылықта болып, 1616-1624 жылдары Шығыс Түркістанға кетуге мәжбүр болады. Кейіннен Тұрсын Мұхаммед ханмен келісіп, Түркістанға қайтып оралады.1627 жылы опасыздығы үшін Тұрсын ханға қарсы шығып, оны өлтіреді, ал өзі келесі жылы қайтыс болады. Есім ханның денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанына жерленеді.
14. Тұрсын хан
Шығу тегі. Жәнібек ханның ұрпағы, Жалым сұлтанның ұлы.
Билік құрған жылдары. 1616-1627.
Маңызды оқиғалар. 1613/1614 жылы Ташкент қаласының билеушісі, ал 1616 жылы Бұхара билеушісі Имамқұли ханның қолдауымен Есім ханды Шығыс Түркістанға ығыстырып, қазақ тағын иеленеді.1625 жылы Есім ханмен қайта татуласады. 1627 жылы ант бұзғаны үшін Есім ханның қолынан қаза табады. Халық ауыз әдебиетінде «ант бұзушы» хан ретінде қалды.
15. Жәнібек хан
Шығу тегі. Шығай ханның үлкен ұлы.
Билік құрған жылдары. 1628/1629-1646/1647.
Маңызды оқиғалар. Есім ханның үлкен ұлы ретінде әкесінен соң тақты иеленеді. Ұзақ жылдар бойы Жәнібек хан есімі тарихта ұмыт қалып келді. Тек соңғы жылдардағы зерттеулерде оның есімі өз орнын таба бастады. Оның билігі тұсында алғаш рет жоңғарлармен соғыс басталды. Сол себепті 1628-1652 жылдар Қазақ хандығы тарихында «Жоңғарлармен алғашқы күрестер кезеңі» деп аталады. Шамамен, 1646/1647 жылы қайтыс болған.
16. Жәңгір хан
Шығу тегі. Шығай ханның ұлы.
Билік құрған жылдары. 1646/1647/1652.
Маңызды оқиғалар. «Жоңғарлармен алғашқы күрестер кезеңінің» басында Есім ханның үлкен ұлы Жәнібек тақты иеленсе, келесі ұлы Жәңгір сұлтан әскерге бас қолбасшы болады.
1635 жылғы алғашқы қазақ-жоңғар соғысында Жәңгір сұлтан жоңғарларға тұтқынға түседі, бірақ көп ұзамай жоңғар тұтқынынан босап шығады. Жоңғария құрылтайының басшысы Хұнделен тайшының қызына үйленеді. Болашақ қазақ ханы – Тәуке хан осы некеден дүниеге келеді.
1643-1644 жылғы қыс айларындағы жоңғарлардың қазақтарға жорығында 50 мыңдық жау әскеріне 600 қазақ сарбазымен Орбұлақ деген жерде тойтарыс береді. Самарқаннан Жалаңтөс батыр бастаған 20 000 әскер келіп жетеді де, жоңғар хонтайшысы кері шегінеді. Осы шайқастан кейін көп ұзамай ағасы қайтыс болып, Жәңгір хан тақты иеленеді. Жоңғария тарапынан болатын жорықтарға тойтарыс беру үшін Шығыс Түркістандағы шағатай әулетінің, Мауереннахрдағы аштарханилар әулетінің билеушілерімен одақтар құру мақсатында бірнеше мәрте елші аттандырады. 1652 жылғы кезекті қазақ-жоңғар соғыстарының бірінде Жәңгір хан қаза табады. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанына жерленген.
17. Белгісіз
Шығу тегі. Белгісіз.
Билік құрған жылдары. 1652-1680.
Маңызды оқиғалар. Қазақ хандығы тарихында бұл жылдарды «белгісіз жылдар» кезеңі деп атауға болады.
18. Тәуке хан
Шығу тегі. Жәңгір ханның ұлы.
Билік құрған жылдары. 1680-1715.
Маңызды оқиғалар. Тәуке ханның толық аты-жөні – Тәуекел – Мұхаммед батыр хан. Жәңгір ханның қалмақ әйелінен туған ұлы. Тәуке ханды жас кезінен әкесі мемлекеттік билікке араластырып, бірнеше рет Шығыс Түркістанға елшілік құрамына қосып жібереді. Тәуке ханға қатысты зерттеу жұмыстарының материалдары бойынша ол 1680 жылы билікке келген. Тәуке хан ішкі саясатта қазақ қоғамындағы қатынастарды реттеу және дамыту мақсатында жаңа заңдар жинағын атақты билердің қатысуымен шығарады. Ол заңдар қазақ тарихында Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» деп аталады.
Тәуке ханның реформаларына сай билер институтының рөлі артып, билер сот міндеттерімен қатар әкімшілік міндеттерді де атқарады. Сыртқы саясатта көрші елдермен сауда-саттық, елшілік қатынастарды күшейтеді. Тәуке ханның билігі тұсында шығыстағы көрші Жоңғариямен қатынас күрделі болса да, олардың жорықтарына тойтарыс берілді. Тәуке ханға дейінгі қазақ қоғамындағы дағдарыстар мен Тәуке ханнан кейінгі қалыптасқан саяси бытыраңқылық жағдайды Тәуке хан билік құрған жылдармен салыстыра келе, тарихшылар ол кезеңді шартты түрде «алтын ғасыр» деп атайды.
1715 жылы Тәуке ханның қайтыс болуынан кейін қазақ қоғамындағы саяси дағдарыстың кесірінен біртұтас Қазақ хандығы саяси бытыраңқылыққа ұшырайды да, үш жүзде жеке хандықтар пайда болады. Сөйтіп Қазақ хандығының тарихында бір ғасырға созылған бытыраңқылық дәуір басталады. Ал XIX ғасырдың 20-жылдары Ресейдің отарлау саясаты барысында Қазақстан аумағындағы хандық билік біржолата жойылады.
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы