Өнер • 26 Наурыз, 2021

Айлакер Алдар

1177 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанадағы Қуыршақ театры заманауи оқиғаларды арқау еткен ақылды айлакер Алдар көсе жайындағы жаңа қойылымды балаларға тарту етті. Халық ертегісінің желісі бойынша сахналанған режиссер Айжан Салаеваның «Алдар көсе жайлы не білеміз?» атты қойылымы кішкентай көрерменнің көңілінен шыққан сыңайлы.

Айлакер Алдар

Алдардың мақсаты – сараң байды, пайдакүнем саудагерді, озбыр ханды әжуа ету. Мысалы, ол асқан сараңдығы үшін халық Шықбермес Шығайбай атаған байдың асын ішіп, атын мініп кетеді. Алыпсатар саудагердің алдынан өгіздерін айдап кетеді. Бірақ оқиға  мұнымен бітпейді. Ол қу, зұлым сайтандарға тап болады. Алдар көсе олардан ай­­­ласын асырып, достарын зұ­лым­дықтан құтқара ала ма? Қойы­лымға жиналған Алдардың жақ­тастары міне, осы сұраққа жауап іздейді.

Қойылымның авторы және режиссері – Айжан Салаева, хореографы – Юлия Амирова, қоюшы суретшісі – Ерболат Сү­лейменов, композиторы – Андрей Коротченко. Бас кейіпкер Алдар көсе рөлін Абу-Самат Түсіпбаев пен Илияс Базарбаев сомдаса, әкесі мен байды Дархан Мү­сілімов, Ержігіт Абитаев, хан бейнесін Нұржан Ахметов, Досымхан Бейсенбаев алып шық­ты. Ал ертегідегі негізгі кейіп­керлер қызыл сайтанды Ай­жан Садықова, Аида Берікбай, көк сайтанды Альбина Баирова, Жаңа­­гүл Шәмші нанымды ойнап шықты.

– Алдар көсе қойылымын сах­­налауға бүкіл театр болып жұмылдық. Алдар көсе­ні зұ­лымдықпен күреске жанқияр­лықпен атсалысқан кейіпкер ретінде білеміз. Ол адамдарға мейірім танытып, үнемі кө­мек­тесіп жүреді. Кез келген дү­ниеге жауапкершілікпен қарау, керек кезде қол созу, айналамыз­да не болып жатқанына нем­құрайды болмау деген сияқты ұста­нымдарды балаларға түсін­діргіміз келді. Ар, адамдық, ұят деген дүниелерді ақшаға са­тып алуға болмайтындығын білсе дейміз. Қазақ ертегілеріне инсценировка жасап, сюжетін өз қалауымызша заманауи түрде жасап шықтық. Ұлттық салт-дәстүр, таным  тұрғысынан алыстамауды да ойладық, – дейді режиссер Айжан Салаева.

Асқан айлакерлігімен жақ­сы­лықтың жақтаушысы, жа­ман­дықтың даттаушысы­ бол­ған Алдар бейнесі бұл жолы да ұтымды шықты. Өйт­кені кішкентай көрермен пейі­лі­нен айыптауды емес, қай­та құптап, қошеметтеп отыр­ғанына куә болдық. Ал сахна ал­дына жайғасқан шыншыл һәм талғампаз көрерменді алдаусырату әсте мүмкін емес.

– Алдар көсе образын алып шығу қиынға түсті. Бас кейіп­кердің қуақы бет-бейнесі таби­ғатыма келе бермейтіндіктен, үл­кен дайындықты талап етті. Бұл жолда театрдағы жоғары буын әртістердің көп көмегі тиді, – дейді Алдар рөлін сомдаған Ілияс Базарбаев.

Тәрбиелік мәні зор халық да­налығын бүгінгі заман биігінен түр­лендіріп ұсынған өнер орда­сының ұсынар тағылымды дү­ниесі мұнымен толастамақ емес. Бүгінгі таңда елордалық қуыр­шақ театрының репертуарын­да «Қаңбақ шал», «Ер Төс­тік», «Мәңгілік бала бейне», «Атамекен», «Арыстан патша», «Орманда болған оқиға», «Менің салған суретім» «О, тоба», «Ана құдіреті», «Ағайынды гномдар», «Жалқаудың айласы» сынды отызға тарта қойылым бар. Мұның барлығы көркемдік кеңестен өткен айтары мол ертегілер. Бірі достық­ты дәріптесе, енді бірі адам­гершілікке, адалдыққа, анаға, жерге, елге деген сүйіспеншілікке үндейді.