Мәселен, биыл ресейлік инвесторлар мұнайлы өңірде 3,6 млрд теңгенің екі инвестициялық жобасын іске асыруды қолға алғалы отыр. Көрші елден мұнайлы өңірге ауқымды инвестиция салуға ниет еткен инвестор – «УльтраСтаб» ЖШҚ-ның директоры Олег Костылевтің мәліметінше, қазір инвестициялық жобаның бірінші кезеңі үшін шетелден екі станок сатып алыныпты. Енді өндірістік жабдықтарға тапсырыс беріліпті. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын тұр.
– Жылына 3 млн шаршы метр геосинтетика шығару цехында 38 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделеді. Ал экструзиондық геосинтетика цехына 44 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Оның қуаты жылына – 5 млн шаршы метр. Бұл цехтар биылғы жылдың соңына дейін іске қосылып, өнім шығара бастайды, дейді О.Костылев. – Аталған жобаларға қажетті шикізат әзірге шетелден тасымалданады. Кейін шикізат Атыраудағы KPI компаниясы іске асырып жатқан интеграцияланған газ-химия кешенінен алынады.
Ресейлік компанияның инвестициялық жобасында құрылысқа қажетті сан түрлі өнімді шығару көзделіп отыр. Оның ішінде автокөлік пен темір жол құрылысына, өнеркәсіптік қалдықтарды сақтау мен жағалауды бекітуге қолданылатын материалдар бар.
Атырау облысы