Аймақтар • 26 Наурыз, 2021

Атырауда арнасынан асқан өзен суы көпірді бұзып кетті

465 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиевтың мәлім етуінше, 23-25 наурызда қалың қар еріп, жаңбырдың толассыз жаууынан Миялы, Сағыз, Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Жамбыл, Қызылқоға ауылдық округтеріндегі кейбір көшелерді су басқан. Ал, Ноғайты өзені арнасынан асып, қарғын су Сағыз елді мекенінің маңындағы көпірді бұзып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда арнасынан асқан өзен суы көпірді  бұзып кетті

«Табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жою мақсатында аудан әкімінің өкімімен арнайы жедел штаб құрылды.  Қазір кезекшілік ұйымдастырылып, жедел штаб аудандағы күштік құрылымдар мен техникалар жұмылдырылды. Тұрғын үйлердің ауласына жиналған суды арнайы техникалармен сору жұмыстары жүргізілуде. Қауіп төніп тұрған тұрғын үйлердің айналасына топырақ салынған қапшықтармен бөгеттер қойылып жатыр» дейді Жарас Есенғалиев.  

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 25 наурызда нөсер жаңбырдан кейін Ақтөбе облысынан бастау алатын Ноғайты өзенінде су деңгейі көтерілген. Өзен арнасы толып, «Ақтөбе-Атырау» жолының 341-ші шақырымындағы көпірді су басқан.  

«ҚазАвтоЖол» мекемесінің мердігері «Шанхай Констракшн Групп КОО ЛТД» ЖШС-нен 3 самосвал, 2 жүк тиегіш, 1 экскаватор тартылып, уақытша салынған айналма көпірге  100 тонна топырақ, 160 тонна қиыршық тас төгілді. Көпірге келетін суды екі жағынан бөгеу жүргізілді. Қазір бұзылған көпірді қалпына келтіру жалғасып жатыр. Сағыз елді мекеніндегі 1329 тұрғын үйді су басу қаупі төнген жоқ» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.