Өңірдегі коронавирус инфекциясын жұқтырушылар көп тіркелетін ошақтың бірі – Теңіз кен орны. Бірнеше мың адамның тұрақты жұмыс орнына айналған кеніште вакциналау қалай жүріп жатыр? Осы сауалға жауап іздегенде, алдымен медицина қызметкерлерінің денсаулығын қорғау үшін тағы да 210 «Спутник V» вакцинасы жеткізілгенін айтуға болады.
– «Теңізшевройлдың» 90-нан астам қызметкері вакцина салдырды. Қазір «Спутник V» вакцинасын компания мен мердігер мекемелердің барлық қызметкері үшін сатып алу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Осыған орай «Теңізшевройл» COVID-19 инфекциясының одан әрі таралауына жол бермеу мақсатында ерікті вакциналау бағдарламасы үшін вакциналарды сатып алуға қатысты Үкімет тарапынан қолдау күтеді, – дейді «Теңізшевройл» ЖШС-на қарасты медициналық клиниканың директоры Абдулла Юсупбеков. – Басты мақсат – Теңіздегі жұмысшылар арасында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Вакциналау арқылы қауіпті вирустан қорғана аламыз. Сонымен бірге ел экономикасының дамуына елеулі үлесін қосып отырған компания жұмысын санитарлық-эпидемиялық талаптарға сай жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдардың ұсыныстарын қолданып отырмыз, – дейді А.Юсупбеков.
Кен орнында коронавирусқа қарсы вакцина алғандардың қатарында өрт және апатты жою қызметінің медициналық үйлестірушісі Руслан Жалғазин да бар. Ол үнемі медицина жаңалықтарынан хабардар болып отырады.
– Жалпы вакциналар, соның ішінде «Спутник V» екпесінің әсері туралы клиникалық зерттеулерді жіті қадағалап жүрмін. Сондай зерттеулердің қорытындысы көрсеткендей, бұл вакцинаның жанама әсері жоғын білдім. Вакцинасыз қауіпті вирустың таралуын тежеу қиын болар еді. Сондықтан аталған вакцинаның екі компонентін алдым. Қазір өзімді жақсы сезінудемін, – дейді ол.
Атырау облысы тағы да «қызыл аймақтың» «қармағына» ілінді. Бұған Наурыз мерекесіндегі демалыс күндерінде қауіпті вирусқа шалдыққандар санының артуы себеп болып отыр. Мәселен, 26-27 наурызда 174 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды.
Облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің мәліметінше, соңғы үш тәулікте коронавирусқа шалдыққандар саны Атырау қаласы мен Теңіз кенішінде күрт өскен. Мәселен, облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, 26 наурызда Атырау қаласында 40 адам қауіпті вирус жұқтырып отыр. Ал Теңіз кенішінде – 41 жұмысшы, Махамбет ауданында – 5, Жылыойда – 2, Қызылқоғада – 2, Исатайда – 2, Индер ауданында 1 адам коронавирус инфекциясына шалдыққан. Оның ішінде 35 науқаста Covid-19-дың симптомды түрі анықталды.
«Соңғы мәліметке сәйкес, бұл тәулікте коронавирус инфекциясынан 92 адам емделіп шықты. Қазір 170 адам үй жағдайында емделуде. Облыстық инфекциялық стационарда – 8, модульдік стационарда – 123, ал аудандардағы инфекциялық стационарларда 24 пациент оқшауланған. Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда 309 адам ем қабылдап жатыр» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Міне, бір тәуліктің дерегінен-ақ мұнайлы өңірде қауіпті вирустың қаупі әлі де сейілмей, керісінше, қайта өрістей бастағаны аңғарылады. Бәлкім, бұған карантиндік шектеу шараларының жеңілдетілгені кері әсерін тигізген секілді. Осыған байланысты облыстың бас санитар дәрігері Мәдениет Танауов карантиндік шектеу шараларын қайта күшейтетін жаңа қаулыға қол қойды. Сөйтіп, бүгін 29 наурызда сағат 00.00-де күшіне енетін жаңа қаулыға сәйкес, көпшілік іс-шараларды, оның ішінде үйде және жаппай адамдар жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салынып отыр.
Атырау облысы